Мектепте қоңырау орнына күй ойнайды
Мектепте қоңырау орнына күй ойнайды
1,559
оқылды
Қызылорданың мектептерінде күнделікті үзіліс кезіндегі қоңырау үнін күй алмастырды. Бұл ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, оқушылардың бойына халық өнерінің асыл нәрін тереңінен сіңіруіне жол ашып отыр Бұл бастама облыс аумағындағы мектептерде осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған болатын. Алғашында тәжірибе жүзінде жүзеге асырылған жоба бертін келе өз тиімділігін көрсетіп, қоңырауды күйге алмастырған білім ошақтарының қатары көбейе түсті.
«Бұл игілікті бастама бұдан сәл ертерек, яғни екі-үш жыл бұрын қолға алынған болатын. Осы арқылы жас ұрпақтың бойында рухани құндылығымызды жаңғыртып, ұлтжандылық асыл қасиеттерімізді тереңінен сіңіруіне үлкен негіз қаланды. Бүгінде өңірдегі білім ошақтарының барлығы дерлік қоңырау орнына күй ойнатып, жаңашылдыққа бет бұрды. Мұндай жаңашылдыққа жол бастайтын игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деп түсіндірді Қызылорда облыстық Білім басқармасының баспасөз хатшысы Бекбол Қаласов.
 Негізі, Қызылорда қаласы аумағында 50-дің үстінде мектеп бар. Бұл білім ошақтарының да барлығы дерлік қоңырауды сырлы әуенді күйдің сыңғырына алмастырған. Соның ішінде «Балбырауын», «Адай», «Аққу», «Ерке сылқым», «Әлқисса», «Көңілашар», «Қош керуен», «Дайрабай» күйлері ойнатылады.
«Негізінен бұл игі бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде қолға алынған болатын. Алғашында бірнеше мектепке қолданысқа енгізілді. Нәтижесі жақсы болды. Бүгінде қала мектептерінің 100 пайызы қоңырау үнін күймен алмастырды. Күйлер белгіленген жоспарға сәйкес, ауыстырылып отырады. Осының нәтижесінде ата-бабамыздан мұра болып жеткен асыл қазыналарымызды оқушылардың санасында жаңғыртып, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға мүмкіндік арта түсті», – дейді қалалық білім бөлімінің БАҚ-пен байланыс маманы Жарасхан Қуанышбайұлы.
Қаладағы сондай білім ордасының бірі – Ахмет Байтұрсынов атындағы №211 орта мектепте де бұл игі іс сәтті қолданысқа енгізілген. Бүгінде бұл білім ошағында үзілістен шығар уақытта Құрманғазының «Балбырауын» күйі ойнатылса, үзіліс аяқталған кезде «Адай» күйі қосылады.
«Мектебімізде қоңырау орнына күй ойнатылып келеді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолға алынған бұл игі бастама балалардың мектеп қабырғасынан еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, ұлттық өнеріміздің асыл қазынасына сусындап өсуіне жол ашты деп айтуға болады. Реттілігімен қойылатын күйлердің әрбірінің өзіндік мәні де зор. Мектеп оқушылары мұны әр күйдің үнінен біліп отырады. Бұл күйлер білім бөлімінің арнайы тапсырысы бойынша белгіленген», – дейді мектеп директоры Әлия Көшкінбаева.
Жалпы, мектептерде күйдің ойнатылуының өзіндік ережесі қалыптасқан. Яғни, әдеттегі сабақ басталатын сәтте төкпе күй қойылса, ал сабақ соңында шертпе күй ойнайды.