Қарағандыда өрт кезінде ер адам көз жұмды. Өрт сөндірушілер оның мәйітін өртті сөндірген соң бөлмелердің бірінен тауып алды.
Қайғылы оқиға кеше, 15 қыркүйекте болды. Диспетчер пультіне сағат 00.00-де Бульварный тұйық көшесіндегі тұрғын үйден өрт шыққаны туралы қоңырау түсті. Өрт сөндірушілерге қоңырауды көршілер шалған.
«Бульварный тұйық көшесінде жеке үйдің ағаш жақтаулары, есік, терезелер мен төбесі жанды. Сондай-ақ ағаш конструкциялардан құрастырылған қора-жайларды да жалын шарпыды, өртенген аумақ 120 шаршы метр. Оқиға орнында 1968 жылы туған үй иесінің мәйіті табылды. Өрттің шығу себебі анықталуда», – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, өткен тәулікте Қарағанды облысы ТЖД-нің бөлімшелері 25 шақыртуға шықты, оның ішінде өртке – 19, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу – 6, бұл ретте, 2 адам құтқарылды.