Бұған дейін «Адырна» сайтына жариялаған материалында блогер Нұргүл Мұқышева мектеп құрылтайшыларының аты-жөнін атап көрсетіп, олардың деструктивті ағым өкілдері екенін жазған болатын.
Расымен де, мектептің құрылтайшылары Асан Есбосын мен түрікменстандық Мұрат Розыев болып шықты. Салафизм өкілі Асан Есбосын тіпті «бопсалау» бабымен істі болған. Оның ҚР ҚК 194-бабымен (Бопсалау) сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылғанын деректер растауда.
Бізді ойлантып отырғаны, мектепке директор болып отырған мұғалімнің сонша жыл еңбек өтілі болғанына қарамастан, қылмыстық іске тартылған адаммен байланысқа түсуі және ол ашқан мектепке басшылық жасауы болып отыр.
Және ол мектепке басшылық жасап отырған Атыраудың тұрғыны Жұмазия Жолмұхановаға қатысты да әңгіме көп. Оның туған інісінің қызы мен күйеу баласы кәмелетке толмаған екі баласымен 2015 жылы Сирияға кетіп қалған. Салафизм ағымын берік ұстанған директордың інісінің күйеу баласы Сирия даласында атылып кеткен. Арада аз уақыт өткеннен кейін әлгінің жесір қалған әйелі екінші рет күйеуге шығады. Екінші некелескен күйеуінің аты-жөні, ұлты белгісіз. Дегенмен, сол некеден үшінші бала туады. Арада уақыт өткенде әйел бомбалау кезінде көз жұмған. Сөйтіп, директордың інісінің қызы да, күйеу баласы да жат ағымның жетегінде жүріп, сүйектері Сирияда көмусіз қалды. Бірақ, жетім қалған үш бала «Жусан» операциясымен елге жеткізілді.
Екіншіден, дерекөзден білгеніміздей, мектеп ғимараты орналасқан жер – жат ағым өкіліне тиесілі. Және тұрғын үй, яғни, коттедж ретінде рәсімделген ғимарат бүгінде мектепке айналып, бүлдіршін қыздарымызға сабақ беріп жатыр.
Үшіншіден, мектепке жиналған контингент негізінен салафизм ағымын ұстанушылардың балалары. Бұл – өте күрделі мәселе.
Иә, «Адырнаға» берген жауабында директор ханым Жұмазия Жолмұханова «мектептің сабағына қатысыңыздар, ақпаратты инстаграмдағы парақшамыздан көріңіздер» деген сыңайда хат жазыпты. Және бүлдіршін қыздардың мектепке орамалмен келіп, сабақ барысында оны шешіп қоятындарын да мойындаған. Бірақ, тексеріс келген уақыттағы емес, күнделікті сабақ процесінде мектептің қандай бағытта ілім беріп жатқаны ойлантады.
Кенже СҰЛТАН, Атырау облысы