Арнамыздың тұрақты көрермендері биыл елімізде жарияланған Балалар жылына орай жас қазақстандықтар жайлы сериалды тамашалай алады. Сериал еліміздің кішкентай азаматтарының құқығын қорғау тақырыбын арқау етеді.
Біз патша көңілді көрерменнің қалауын орындап, талғамынан шығуға аса мән береміз. Олар да бізбен кері байланыс орнатып, ұсынып отырған телеөнімдерімізге лайықты бағасын беріп отырады. Мысалы, республикамыздың 30 жылдығына орай 30 сағаттық телемарафон, отандық эстрада әншілері, танымал актерлер мен тележұлдыздардың қатысуымен 10 сағаттық жаңа жыл шоуын көрермен зор ықыласпен қабыл алды. Әсіресе, әр жексенбі 21:00-де мыңдаған отбасыны экран басына жинайтын Bizdin show әзіл жобамыз арнамыздың беткеұстар бағдарламасына айналып үлгерді.
– «Көрерменге көңіліміз ерек» деп қалдыңыз? Жалпы, «31 арнаның» тұрақты көрермені кім? «Қазір телеарнаны елуді еңсерген азаматтар ғана көреді» деген пікір бар. Жылдан-жылға көкжәшікке телмірген аудиторияның шеңбері тарылып жатқандай. Оған не дейсіз?
– Телеарнаның аудиториясы азайып барады деп кесіп айту қиын. 2019 жылы еліміз бойынша телеарналардың жалпы рейтингі 9,1 пайызды құраса, биыл 5 айдың қорытындысы бойынша ол 8,3 пайызға жетті. Әдетте, күз бен қыс мезгілінде көрермен белсенділігі артатынын ескерсек, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш айтарлықтай көбеюі мүмкін. «31 арнаға» тоқталсам, айына орташа есеппен бізді 4,5 миллиондай халық тамашалайды. Бұл тек 100 мыңнан жоғары халқы бар қалалардың есебіне сүйенген мәлімет. Егер шағын елді мекендер мен шалғайдағы ауыл-аймақтардың телестатистикасын қоссақ, онда көрсетілім көрсеткіші біз ойлағаннан да асып түсуі мүмкін. Өкінішке қарай, қолданыстағы өлшеу әдістеме арқылы біздің елдегі барлық көрермен белсенділігін бағалау мүмкін емес.
– Қазір ақпарат таратуда, тіпті оны талдап, тарқатуға келгенде кейбір Telegram каналдар өзіңіз айтқан дәстүрлі медиадан кем түспейді. Кейде аудитория үшін алпауыт медиахолдингтермен бәсекеге түсуге де қабілетті. Ендеше, әлеуметтік желі мен интернет телеарнаның бағы ма, соры ма?
– Дәстүрлі және жаңа медианы қарсы қоюға, қолдан бәсеке жасауға болмайды. Яғни, телеарна мен интернет бірін-бірі толықтырып тұруы тиіс. «31 арнада» контенттің бір бөлігін тек эфирден көрсетіп, сайтымызға жарияласақ, ішкі өнімнің кейбір жобалары интернет аудитория үшін арнайы дайындалады. Арнамыздың интернет аудиториясы 4 миллионға жуықтады. YouTube-арнамыз бен «Информбюро 31» алтын батырмаға ие. Біз TikTok-та аккаунт ашқан Қазақстандағы алғашқы телеарналардың біріміз. Арнамыздың журналистері әлеуметтік желіде кеңінен танымал. Орайы келгенде, мен мәселенің екінші жағын көтергім келеді. Желі қолданушылары, жекелеген блогерлер мәселенің байыбына бармай, жалған ақпарат тарататын жайттар жиі болып тұрады. Кейде фейк аккаунттар өз оқырмандарын жаңсақ ақпаратпен дүрліктіріп, қоғамда әдейі ақпараттық хаос орнатумен жүйелі түрде айналысады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлытауда өткен құрылтайда жауапкершіліктен жұрдай блогерлер бүгінгі күннің батырына айналғанын атап өтті. Бұл ащы да болса, шындық. Сол үшін асымыздың адалдығына мұқият қарағандай, тұтынып отырған ақпаратымыздың да шынайылығына көз жеткізу маңызды.
– Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде көп өзгеріс болып жатыр. Жаңа Қазақстан концептісі жарияланып, бұқараға екінші республика құру моделі ұсынылды. Бұл жаңашылдықтар медиа нарыққа қаншалықты әсер етті?
– «Дәстүрдің озығы бар, дәурені кеткен тозығы бар» деген халық нақылы бар. Замана көшінен қалыс қалмауымыз үшін, жаңашылдыққа ашық болуымыз керек. 5 маусымда өткен референдум нәтижесі бойынша халқымыздың дені еліміздің саяси өмірінде түбегейлі өзгеріс қалайтынын аңғартты. Елдік маңызы зор шараға халықтың азаматтық белсенділігін бағалау мақсатында «31 арнаның» тапсырысымен «Қоғамдық пікір институты» республикалық референдумға қатысушылар арасында экзитпол өткізді. Сұрауға 24 мың респондент қатысты. Сауалнама 600 сайлау учаскесінде өткізіліп, республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтары, шағын қалалар және ауылдық елді мекендер қамтылды. БАҚ осы өзгерістерді әлеуметпен бөлісіп қана қоймай, ой-пікірлер талқыға түсетін ақпараттық алаң. Өз кезегінде «31 арна» осы миссияны сәтті орындап келеді деп есептеймін.
Жыл басынан бері жаңалықтар қызметі «Сөз Сізде» жобасын іске қосты. Біздің аймақтағы тілшілеріміз «ашық микрофон» түрінде жергілікті халықты мазалап жүрген сұрақтарын алып, ол бойынша атқарушы органдардан жауап іздейді. Көп мәселе «Информбюро» жаңалығы аяқталмай жатып, тікелей эфир барысында шешімін тауып жатады. Осылайша, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуға тырысып жатырмыз.
– «31 арна» десек, «Информбюро» қатар айтылады. Қанша уақыт өтсе де, көрермен көзайымына айналған бірегей жоба. Ол телеарнаның бренді десек қателеспейміз. Қалың аудиторияның қалауын қалай тауып отырсыздар?
– Дұрыс айтасыз, «Информбюро» – арнамыздың беткеұстар, көрермені көп тележобасы. Бұл жобаны эфирге дайындауға Қазақстан бойынша 100-ге жуық маман қызмет етеді. Әрқайсысы өз ісінің үздіктері деп мақтанышпен айта аламын. Біз көрерменге еліміз бен әлемде болып жатқан оқиғаларды талдап, сараптап береміз. «Информбюро» жай ғана жаңалықтар редакциясы емес, тұтас бір өндіріске айналды. Тілшілеріміз арнайы жобалар жасайды, журналистік зерттеу жүргізеді, деректі фильмдер түсіреді. «31 арна» жаңалықтары көп жылдар бойы еліміздегі рейтингі жоғары ақпараттық бағдарламалардың ТОП-3-де болуы көрерменнің бізге сенімі деп білемін.
– Қай қызметте жүрсеңіз де, ақпарат саласындағы журналистердің басын қосып, келелі кездесулер жиі өткізіп тұрасыз. Әсіресе, аға буын өкілдерімен байланысыңыз бекем. Бұл басқосу сіз үшін неге маңызды?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ журналист қауымы ақпарат құралдары арқылы ұлт құндылықтарының жоғын жоқтап, мұңын шақты. Журналистикадағы аға буын өкілдері өтпелі кезеңнің қиындығына қарамастан ұлт руханиятына аянбай қызмет етті. Олардың жүріп өткен жолы, мол тәжірибесі жас журналистердің кәсіби өсіп-өнуі үшін өте қажет. Ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру мақсатында өз саламыздың аға буын өкілдері мен жастардың басын қосып, әртүрлі форматта кездесулер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырдық. Мысалы, Наурыз мейрамы қарсаңында бильярдтан республикалық турнир ұйымдастырдық. Іс-шараға үлкен қалалардан бөлек, ауыл-аймақтағы әріптестер де белсене қатысты. БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай табиғат аясында тимбилдинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Орайы келгенде, еліміздегі белді «Айқын» қоғамдық-саяси газеті арқылы журналистикадағы барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық шабыт, ізденіс, еңбектеріне береке тілеймін.
Сұхбаттасқан Ш.АТЫХАН