«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген, бұл жолғы қадам қалың бұқараның көкейінде жүрген талай түйіткілді тұстардың түйінін тарқатуға септігін тигізуге тиісті. Мемлекеттің жоғары билігіне байланысты өзгерістер, жерге және жер қойнауына меншіктілікке қатысты жаңалықтар және тағы басқа да жұрттың жүрегіне жылы тиіп, көңілінен шыққан ұсыныстар көпшіліктің қолдауына ие болары анық. Солардың бірі ретінде мен де рефрендумға елмен бірге келіп, өз таңдауымды жасадым.
Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз екені сөзсіз. Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына өзіміздің лайықты үлесімізді қосатын боламыз. «Өзгерістер өркениетке бастайды» деген сенім барлығымызды болашаққа батыл қадам басуға ынталандырады. Болашақ ұрпақ тәрбиелеп отырған білім саласындағы әріптестерім, ел ертеңі үшін еңбек етіп жүрген «AMANAT» партиясындағы саяси серіктестерім де мені құптайды және өз таңдауларын білдіреді деп ойлаймын, – дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі Ақнұр Мыңжасарова.
Бүгінгі референдумда Алматы облысы бойынша 1 053 дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде. Дауыс беретіндердің саны 1 392 237 адам. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев таңертең елмен бірге Талдықорғандағы Мәдениет сарайына орналасқан № 974 уаскеге келіп, өз қалауын білдірді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы