Дегенмен біз хабарласқан облыстың тиісті сала басшылары аталған жайсыз жағдайдан хабарсыз болып шықты. Мәселе жөнінде Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысымен тілдескен едік. Алайда басқарма басшысы бұл жайды бірінші рет естіп отырғанын, тіпті аудандық әкімдіктен аталған мәселеге орай қаржы сұраған хаттың да келмегенін жеткізді.
«Бұл жағдайды Сізден бірінші рет естіп отырмын. Осы басқармада тоғыз жылдан бері қызмет етіп келемін. Бірақ «Нұра өзені ауыл жанындағы бейіт басын шайып жатыр» деп қаржы сұрап ешқандай өтінім де, хат та келген жоқ. Бізге келсе өтінім одан әрі облыстық мәслихат депутаттарына беріліп, одан кейін тиісті қаржы мәселесі қаралуы тиіс еді. Мәселенің мән-жайын сол ауыл мен аудан әкімдіктерінен біліңіз», – деді басқарма басшысы Руслан Әубәкіров.
Басқарма басшысының «нұсқауымен» ауыл зиратын су шаю мәселесі бойынша ауыл әкімімен тілдеспек болдық. Бірақ ауыл әкімімен әңгімеміз ұзаққа созылмады.
Мәселемізді айтуымыз мұң екен ауыл әкімі қолының тимей жатқанын айтып, кейінірек хабарласуымызды өтінді. Одан кейін Гүлбану Әлінтайқызымен сөйлесу мүмкін болмады.
Бір ай уақыт сұрады
Есесіне аудан әкімінің орынбасары аталған жағдайдың өңірлік жедел штабтың қарауына енгізілгенін атап өтіп, бір ай ішінде мәселенің соңғы нүктесі қойылатынын айтты.
«Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы бейіт мәселесі бойынша бүгін облыс әкімдігінде өңірлік жедел штабтың жиналысы болып жатыр. Біздің аудан әкімі Бахыдбек Амантайұлы осы жиынға кеткен. Бұл мәселені негізі облыстық табиғи ресурстар басқармасымен тығыз байланыста шешілуі керек. Оларға өткен аптада да хат жолдағанбыз. Бірақ мәселе дереу шешуді қажет ететіндіктен облыс әкіміне тікелей шықтық. Мәселе шешіледі. Облыс әкімдігінде өткен жиын қорытындысы мен хаттамасы бойынша Нұра өзенінің арнасын ескі арнасына қарай жылжыту керек. Бұлай етсек сол жерді қазып жатқандар «Әкімдік құмды сатып жатыр» деп те шығарады. Сондықтан хаттама шыққан соң іске кірісеміз», – дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Анаш Жантеміров.
P.S. Сонымен, әзірге ескі бейітті шайып кеткен өзенге тосқауыл қойылмай тұр. Әкімдік облыстық тиісті басқармаға, басқарма аудан әкімдігіне сілтейді. Ал бейіттер қопарыла құлап жатыр.
Ақмола облысы