«Біздің үйімізге жанармай бекеті өте жақын орналасқан. Оның жанына жақында автомобильге арналған сұйылтылған газ құю жүйесін орнатып қойды. Қаңтар оқиғасы кезінде тура сол жерде әлгі дыбысты гранаталарды аямай жарды. Өрт тұтанып кете ме деп зәреміз қалмады», – дейді қала тұрғыны Гүлнар Мағзұмова.
Заң бар, тыйым жоқ
Біз бекеттердің қала ішінде тұрғын үйлермен қатар орналасуы, оларды құзырлы органдар тарапынан бақылауға алу мәселелері бойынша Алматы қаласы әкімдігіне сауал жолдағанбыз. Әйтсе де, әкімдік қала ішіндегі тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың жанында салынған әртүрлі жанармай құю бекетіне тексерулер жүргізілмегінін хабарлады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен алған жауабымыз да осыған саяды.
«Кінәлі тұлғаларға қатысты заңбұзушылықтар анықталған жағдайда 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл сала отырып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 410-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалады.
Құрылыс кезінде ҚР Құрылыс саласы нормативінің 3037-2013 және ҚР құрылыс салу жөніндегі қағидалар жинақтарының, 3.03 -107-2013 бөліктері мен өрт қауіпсіздігі саласындағы басқа да талаптарды сақтау қажет», – деп жауап берді Алматы қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Александр Рау.
Өкінішке қарай, төтенше жағдайлардың алдын алуға жауапты мекемеден қала ішінде орналасқан жанармай құю бекеттерінің саны және оларды жауапкершілікке тарту бойынша мардымды жауап ала алмадық. Төтенше жағдайлар департаменті қалалық әкімдікке, шаһар басшылығы құтқарушыларға сілтеп, мойнына жауапкершілік алғысы келмейтінін аңғартты. Қысқасы, мегаполисте жанармай құю бекеттерін қалауынша салатындарға әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмай тұр.
Айтпақшы, төтеншеліктер айтқан нормативтер мен қағидалар жинағын парақтап көргенбіз. Құжаттарда қауіптілігі жоғары нысандарды салуда оның тұрғын үйден, өзге де әлеуметтік нысандардан қашық не жақын орналасуының өз заңдылығы бар екенін аңғардық. Онда қауіпті нысан мен қандай да бір тұрғын үйлер, мектеп, аурухана, вокзал және басқа да қоғамдық орындардың арасы кем дегенде 300 метр қашықтықта болу ережесі қатаң сақталуы керек екені тайға таңба басқандай жазылыпты.
Қолданыстағы заң осылай дегенімен, тиісті орындардың жауабы әлгіндей. Демек, бізде қандай да бір нақты істі түбегейлі қолға алу үшін алдымен қайғылы жағдай болуы керек сияқты. Сол кезде ғана тиісті орындар ұйқысынан оянып, «бұл қалай болды?» деп бас қатырып, әлекке түседі. Жанармай құю бекетінің күні ертең төңірекке төндірер қаупін біле тұра көз жұматындар да солардың кебін киіп жүргендей.
Алматы