Отырар ауданы әкімі аппаратының ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас инспекторы Жасұлан Қысмұратов соңғы жылдары мамыр-маусым айларының аралығында Сырдария өзені жағалауында шіркейлердің шамадан тыс көбейіп кетуі аудан тұрғындарын әбігерге салып келе жатқанын растады. «Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернәсілдерінің жетілу ошағы болып отыр. Отырар ауданы аумағындағы қанатты жәндіктерге қарсы гидрофаунаға зияны жоқ залалсыздандыру жұмыстары соңғы рет 2020 жылы «Көксарай» су реттегішінің шлюздері арқылы Түркістан облыстық Энергетика, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жүргізілген. Шіркейдің суда өсетін фазасына экологиялық тұрғыда қауіпсіз болып табылатын биологиялық препараттар қолданылған», – дейді инспектор.
Шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті атқарушы органның іс-шаралар өткізу бағдарламасы есебінен қаржы қаралыпты. Бірақ арнайы ғалымдардың қатысуымен энтомологиялық зерделеу жұмыстарының қорытындысы болмауына байланысты жүргізілмей отыр екен. Шіркейлер дернәсілдерінің жетілуіне сәйкес залалсыздандыруды бір маусымда 12-18 рет қайталауды қажет етеді. Сондықтан дәріні суға жіберу мезгілі мен мөлшері, шіркейлердің имогаларына, өзендегі дернәсілдерге үзіліссіз бақылау жасауды ғылыми тұрғыда зерделеу міндетті екен.
Аудан әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңға шіркей санының күрт артуын болдырмау және залалсыздандыру бағытында жүргізілетін жұмыстарға ғылыми негізде қорытынды беру үшін Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтына арнайы ұсыныс жолданған. Ғылыми негіздегі зерделеу жұмыстарының қорытындысы алынған соң жергілікті бюджет қаражаты есебінен толыққанды залалсыздандыру іс-шаралары жүргізілмек.
Ал зиянкестерді дәрілеу жұмыстарымен айналысатын облыстық Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы болса бір жылдан бері соттасып, бұл мәселемен айналысуға уақыты болмағанын ашық айтты. «Өткен жылдан бері осы жылдың наурыз айына дейін сот рәсімдері шаруаларымен жүргендіктен биыл дәрілеу шараларына үлгермей қалдық. Біз енді дәрілеуді келесі жылға дайындаймыз. Есептерінің барлығын келесі жылдың бюджетіне енгізіп, 2023 жыл басынан жұмыс істейміз», – деді басқарманың бөлім басшысы Бақтыбек Убайдин.
Сонымен, осы мәселеге тікелей жауапты басқарма мамандары ауыл тұрғындарына «биыл шіркейге талана тұрыңыздар» деп тұрған сыңайлы. Ал басқармадан үмітін үзген аудан әкімдігі болса, енді ғана әрекетке көшкен. Онда да қаралған қаржыны игере алмай ғылыми зерделеудің қорытындысын күтіп отыр. Ал мамандар қанатты жәндіктердің шілде айында азаятынын айтады. Ендеше, аудан әкімдігі күтіп отырған зерделеудің қорытындысы әбден болары болып, бояуы сіңген уақытта шілде айында келіп тұрмаса деңіз.
Әл әзірге су қоймасының айналасында шоғырланған ауыл-аймақ тұрғындарына «сабыр сақтап, күте тұрыңыздар» дегеннен басқа айтарымыз жоқ...
Түркістан облысы