Сыбайлас жемқорлық: ең көп қылмыс жасаған шенеуніктер мен ең көп таралған қылмыс түрлері
Сыбайлас жемқорлық: ең көп қылмыс жасаған шенеуніктер мен ең көп таралған қылмыс түрлері
Фото: ia-centr.ru
2,859
оқылды
Сыбайлас жемқорлық қылмысының үлесі жылдан жылға артып барады. Әсіресе, пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу фактілері жиі тіркелген. 2015 жылғы көрсеткіш бойынша бұл әрбір үшінші қылмыс болса, 2021 жылы 67%-дан астам қылмыс осы санатқа кірген. Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны үшін 892 адам сотталған. Бұл туралы 2021 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамада жазылған. Аталған қылмыс бойынша сотталғандар: ішкі істер органдары – 207, әкімдік және олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері – 150, қаржы министрлігі – 34, ауыл шаруашылығы министрлігі – 19, денсаулық сақтау министрлігі – 16, ұлттық қауіпсіздік органдары – 10, экономикалық тергеу қызметі – 4, прокуратура – 3, сондай-ақ соттың 3 қызметкері болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі коронавируспен күрес шараларын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің жиі тіркелгенін айтты.
«Карантин кезінде 71 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Олардың негізгі үлесі: жымқыру – 55%, парақорлық – 23% және лауазымдық өкілеттігін  теріс пайдалану – 7%. Қалалар бойынша тіркелген жемқорлық фактілері: Нұр-Сұлтанда – 11, Түркістанда – 8, Алматыда – 7, Ақмолада – 6, Қостанайда – 6 және Алматы қаласында – 6. Онлайн оқытуға қажетті компьютерлік техника сатып алуды тексеру кезінде анықталған залалдың жалпы сомасы 15 млрд теңгеден асқан. Бұл мәселе бойынша 12 қылмыс анықталды. Олар: Нұр-Сұлтан қаласы – 1, Алматы облысы – 4, Атырау – 1, Қостанай – 2, Маңғыстау – 1, Павлодар – 1, Солтүстік Қазақстан – 2», – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баяндамасында. Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар азаматтар қатарында 4 өңірдің (Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары) білім беру басқармасының басшылары бар. Олар қажетті тауардың құнын көтеру және сапасы нашар компьютерлік техниканы жеткізу арқылы бюджет қаражатын жымқырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалған электронды вакцина паспортын беру фактілерін анықтау және алдын алу бойынша да қызмет атқарды. Нәтижесінде сотқа дейінгі 11 тергеу ісі тіркелді. «Ақмола облысында Көкшетау қаласының орталық қала емханасы мен Viamedis ЖШС емханасының медбикелері жалған құжаттарды бірнеше рет өткізу және Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жүйесінің «Вакцинация» электрондық модуліне жалған мәліметтер енгізу фактісі бойынша сотталды. Олар жалған вакцина паспортын беру үшін азаматтардан ақшалай сыйақы (10 мыңнан 40 мың теңгеге дейін) алған» – деп жазды агенттік қызметкерлері.
2021 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі 20,4 млрд теңгенін өтелуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, аталған агенттік мемлекеттік сатып алу саласына мониторинг жүргізіп, 46,6 млрд теңгені құрайтын бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуының алдын алды.