Қоғамда көп талқыланған «Кальмар ойыны» фильмін еске түсіріп көрейікші. Басында баспанасы не тұрақты жұмысы жоқ, қарызға белшесінен батқан адамдар ақша үшін бәріне барады. Күні кеше ғана көшеге шыққандардың көбінің хәлі осындай емес пе? Ал табысы төмен, өмірден өз орнын таба алмай жүрген жандарды арандату қиын емес. Ендеше елімізде сол жұмыссыздардың саны неге артты? Сұрасаңыз, бір-екі диплом ұстағандары көп. Бар мәселе білімнен гөрі біліктілікке тірелмей ме?
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жүргізген зерттеу соңғы 3 жылда түлектердің 74 пайызы ғана жұмысқа орналасатынын анықтапты. Мысалы, былтырғы оқу жылында диплом алғандардың 71 пайызы ғана жұмыс тапқан. Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 20 мыңы әлі күнге дейін жұмысқа орналасқан жоқ. Бұған пандемия да кері әсерін тигізді. Өйткені шағын кәсіпкерліктің табысы азайып, қызметкерлер саны 11 пайызға кеміді. Нәтижесінде, қоғамда дипломды жұмыссыздардың саны күрт өскен. Олар дипломы бола тұра неге жұмыссыз? Себебі бір жапырақ қағаз маманның біліктілігіне баға бере алмайды.
Елімізде экономика сұранысына сай мамандар дайындау ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру қажет екенін аңғартады. Өйткені біліктілігі төмен маман түптің түбінде жұмыссыздар қатарын толықтыруы мүмкін. Демек, ұлттық біліктілік жүйесі мамандардың бәсекеге қабілеттілігін анықтауға ықпал етуі тиіс. Жалпы, мамандардың айтуынша, ұлттық біліктілік жүйесі үш бөлімнен тұрады. Бірінші – жұмыс берушінің жұмысқа алатын адамның біліміне, дағдысына қоятын талабы. Сол талапты «кәсіптік стандарт» деп атайды. Екінші, кәсіптік стандартты әзірлегеннен кейін оған білім беру стандарттары мен бағдарламалары бейімделуі керек. Сонда білім беру ошақтары бизнестің, экономиканың сұранысына сай мамандар дайындайды. Ұлттық біліктілік жүйесінің үшінші бөлігі – алған білімді тәуелсіз бағалау, яғни сертификаттау. Бұл туралы кезінде экс-министр Біржан Нұрымбетов: «Диплом – білімді растайтын құжат, бірақ дамыған мемлекеттерде маманның дипломына қарамайды. Олар біліктілікті растайтын тәуелсіз орталықтарға жібереді. Ол орталық біліктілігін растайтын сертификат береді. Сертификаттың құны дипломнан жоғары. Біз осындай жүйені қалыптастыруымыз керек» деп айтқан еді.
Әлемдік тәжірибеде адамдардың біліктілігін дамытудың астарында бірінші кезекте жеке адамның қажеттіліктері тұрады. Екінші кезекте өндірістің, экономиканың қажеттіліктері. Біліктілігі бар адамдарға барлық уақытта жұмыс табылады. Ал біліктілікті беру, оны бағалау күрделі жұмыс. Оның тәртібін, шартын біз дұрыс белгілей де, жүзеге асыра алмай да отырмыз. Оқу орындары маманды өзі оқытып, өздері емтихан алып, мамандығын да, біліктілігін де дипломмен қосып беріп отыр.
– Еліміздің Еңбек кодексіне байланысты азаматтар жұмысқа тұрар кезде дипломмен қоса біліктілік құжатын көрсетуі қажет. Бізде дипломның ішінде қандай мамандық пен біліктілік алғаны қоса жазылып беріледі. Төрт жыл оқыды деп біліктілік беруге болмайды. Өйткені біліктілік азаматтың мамандығы бойынша қолынан іс келетінін дәлелдейтін құжат. Қазір Еңбек министрлігі біліктілік туралы арнайы заң дайындап, қабылдайын деп жатыр. Сол жерде еліміздегі біліктілікті анықтап, құжат беру мәселесі көрсетілген. Өркениетті, экономикасы дамыған елдерде мамандыққа арналған бағдарламалармен оқып, академиялық арнайы білім алу тәртібі бір басқа, ал жұмысқа тұру үшін біліктілік тестін тапсырып, сертификат алу мүлдем басқа. Менің ойымша, біз барлық салаға біліктілік сертификатын алу жүйесін енгізсек, оқу орындарының білім сапасын қамтамасыз етуге жауапкершілігі артар еді, – дейді Білім және ғылым министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі Қадырбек Бөрікбеков.
Сертификат та, диплом да білім алу фактісін растайтын құжат. Бірақ Америка мен Еуропада олардың әрқайсысының заңды күші әртүрлі. Диплом маманның оқу орнында теориялық білім алғанын ғана дәлелдейді. Ал оны практикада қаншалықты жүзеге асыра алатынын, біліктілік деңгейінің дәрежесін сертификат көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та «медициналық университетті үздік аяқтадым» деп дипломмен кез келген клиникаға барсаңыз, сізді ешбір жер жұмысқа алмайды. Олар ең бірінші сізден Америка Құрама Штаттарының медициналық лицензиялау емтиханының (USMLE) сертификатын сұрайды. Ал лицензия алу оңай емес. Ол үшін 3 кезеңнен тұратын сынақ тапсырасыз. Америкалық клиникалардың 65%-ы USMLE-ді тапсырмаған үміткерлерді жұмысқа қабылдамайды. Лицензия сала мамандарына 5 жылға беріледі. Бес жыл өткеннен кейін біліктілігіңізді қайта анықтауға тура келеді. Ал егер дәрігер қызмет барысында медициналық қателіктерге жол берсе, шығынды сертификат берген кәсіби қауымдастық өтейді. Кеңес Одағының құрамында болған елдерде дәрігерлердің біліктілігін анықтау бұрыннан қалыптасқан. Жас маман оқу орнын бітіргеннен кейін аурухананың сараптаушы тобының алдынан өтіп, біліктілігін дәлелдейді. Кейінгі кездері біз бар жүйені сақтамастан, университетте теориялық емтиханды жақсы тапсырған маманға біліктілікті қоса беріп жатырмыз.
– Шетелдегідей барлық саладағы мамандарды біліктілік тестінен өткізсек, кейбір салада мүлдем кадрсыз қалуымыз мүмкін. Сондықтан лицензиялауды ең қажет деген бірнеше сала бойынша жүргізуіміз керек. Оның ішінде білім беру, медицина салалары бірінші орында. Өйткені дәрі-дәрмек пен емдеу жолдары тез өзгеріп отырады. Сондықтан адам өміріне жауап беретін дәрігерлердің білімі заманға сай болуы тиіс. Дипломның құны қалмаған қазіргі нарыққа біліктілік сертификаты ауадай қажет. Дегенмен тәуелсіз бақылау жүргізетін кәсіби қауымдастықтың сертификатты бейберекет таратпауы үшін шетелдегідей қатаң заң керек, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арнұр Қадылбеков.
Біліктілік тестін тапсырып, сертификат алу – әлемдік деңгейде дәлелденген тәжірибе. Бізге де уақыт өткізбей барлық сала бойынша мамандардың білімін тәуелсіз бағалау қажет. Өйткені маман даярлау ісі кері кетсе, ертең экономика да құлдырайды.