«Бейнеу» ГӨС барлық техникалық талаптарға сәйкес заманауи технологияларды пайдалана отырып салынған. Жаңа стансаны пайдалануға берудің нәтижесінде газ құрамын бақылау және құбыры арқылы өтетін оның мөлшерін есепке алу дәлдігі сапалы түрде жақсарып отыр. Бұл отандық газ тасымалдау жүйесінің тиімділігіне оң әсер етеді деп жоспарланып отыр.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры бұрын жұмыс істеген барлық газ тасымалдау магистралдарын бір желіге қосады. Сонымен бірге еліміздің батыс өңіріндегі кен орындарынан еліміздің оңтүстік өңірлеріне табиғи газдың тұрақты жеткізілуіне, сондай-ақ Қытай бағытына экспортқа кепілдік берді.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі құбыр жобасы екені белгілі. Әрі бұл құбыр еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ құрылысының арқасында еліміз үш маңызды міндетті шеше алды. Оның ішінде еліміздің оңтүстік өңіріне тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз ету және елдің газ тасымалының бірыңғай жүйесін құрды. Сондай-ақ қазақстандық газдың сыртқы нарықтарға экспортын ұлғайту жағы оң шешімін тауып отыр.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы