Мемлекеттік ақпарат ресурстарының техникалық, материалдық базасы толықтай жаңартылу үстінде. Еліміздегі басты мерзімді басылымдар оңтайландырып, олардың қаржылық-шаруашылық шығындарын азайту мақсатында Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда» газеттері біріктірілді. Қазір оған тағы 10 мемлекеттік басылымды қосу арқылы «Қазақ газеттері» брендімен барлық мемлекеттік басылымдарды біріктіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Министрлік журналистің құқықтық, әлеуметтік мәртебесін көтерумен қатар, олардың біліктілігін арттыру бағытында да жаңа бастамалар көтерді. Соның нәтижесінде еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарымен арнайы меморандумдар жасалып, салалық журналистика мамандарын даярлау ісі жолға қойылды. Биылдың өзінде медицина, дін, экология салалары бойынша 4 мыңнан астам журналист арнайы курстардан өтті.
Ақпаратқа қолжетімділік бүгінде қоғамдық дамудың барлық саласына тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Әсіресе, былтырдан бері әлемді әбігерге салған COVID-19 пандемиясы халыққа уақытылы және толыққанды ақпарат берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл ретте өткен жылы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына концепциялық өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, барлық мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселесіне тікелей жауап беретін уәкілетті тұлғалар айқындалып, осы салаға жауапты уәкілетті орган ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекітілді. Бүгінде «Ашық деректер», «Ашық бюджет», «Ашық НҚА», «Ашық диалог» бөлімдері бар «Ашық Үкімет» порталы жүйелі жұмыс істейді. Сондай-ақ биылдан бастап жыл сайын Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының қорытынды есебі беріледі.
Қазақстан тәуелсіздік тарихында алғашқы заңнамалық құжаттардың қатарында «Діни сенім бостандығы мен діни ұйымдар туралы» заңын қабылдады. Бүгінде еліміздегі мемлекеттік дін саясаты үш өзекті бағытқа негізделген. Яғни, зайырлылық қағидатын берік ұстану, мемлекеттік және конфессияаралық қатынастарды қамтамасыз ету және қоғамда радикалды идеологияның таралуына жол бермеу. Әлеуметтік зерттеулер қорытындысы бойынша бүгінде елімізде өзін белгілі бір діни сенімге жатқызатындардың үлесі жалпы халықтың 86,7%-ын құрайды екен. Сондықтан Ата Заңда біз өзімізді зайырлы мемлекет деп жариялағанымызбен, ол қоғамда дін жоқ және мемлекет онымен есептеспейді дегенді білдірмейді. Қазір елімізде 18 конфессияны құрайтын 3 824 діни бірлестік бар. Барлық Діни бірлестіктермен конструктивті өзара қарым-қатынас орнатылған. Бұл мақсатта министрлікте Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес құрылған, жергілікті атқару органдарында Діни көшбасшылар клубы мен Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестер тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Дін саласындағы кадрларды даярлау мәселесі министрліктің айрықша бақылауында. Бүгінде елімізде, 1 университет, 9 медресе-колледж діни мамандар дайындайды. Дін саласына тағы да 6 жоғары оқу орны мамандандырылған. Бұл оқу орындары жылына 500-ге жуық маман дайындап шығарады. Қазақстанның дін саласындағы ауқымды бастамалары халықаралық ықпалды ұйымдар мен мемлекеттердің тарапынан да үлкен қолдауға ие болып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елде мемлекеттік-конфессиялық саясат үлгісінің тиімді тетіктері қалыптасты. Бүгінде осы саладағы мемлекет саясаты зайырлылық қағидаттарын сақтау, конфессияаралық қарым-қатынастардың үндестігін қамтамасыз ету және қоғамда радикалды идеологияның таралуына жол бермеу бағытында жұмыс істеп отыр.
Мемлекеттің, ұлттың болашағы – жастардың қолында. Елбасы айтқандай, 30 жылдық жасампаз тәуелсіздік кезеңіндегі барлық бастама мен игі іс-шаралар келешек буынның қамы үшін жасалды. Бүгінде елімізде үш жарым миллионнан астам жастар өкілі бар. Бұл жалпы халықтың 20%-ын құрайды. 600 мыңнан астам студент жастар білім алып жатыр. Жұмыс жасындағы, яғни экономикалық белсенді жастардардың саны 2 миллионнан асады. Олардың 96,3%-ы жұмыспен қамтылған. 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметтегі жастар саны 20 мыңнан асады. Жалпы, 2001 жылдың статистикасымен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 16,6%-дан 3,7%-ға дейін төмендеген. Елімізде 547 жастар ұйымы тұрақты жұмыс істейді, оның 14-і республикалық мәртебеге ие.
Осы жылдардың ең басты жетістігі ретінде мен тәуелсіз жастардың жаңа буыны қалыптасуын айтар едім. Қазір жастарымыз еркін ойлы, ашық мінезді, білімді, белсенді. Жастарды мемлекеттік қолдау саясаты ешқашанда күн тәртібінен түскен емес. Мыңдаған жас түлек Қазақстан жастарының конгресі, Қазақстан студенттерінің альянсы, «Жасыл ел», Ұлттық волонтерлік желі сияқты ірі қоғамдық ұйымдардың мүшесі. Олар еліміздегі саяси, қоғамдық, әлеуметтік бастамалардың әрдайым қолдаушысы болып келеді.
Тәуелсіздік жылдары шығармашылықпен, ғылыммен айналысатын талантты жастарды қолдау мақсатында тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы бүгінге дейін 298 жас өкілдеріне табысталыпты. Елбасының ұсынысымен басталған «Болашақ» халықаралық оқу бағдарламасы шеңберінде 1993 жылдан бері 13 636 азамат стипендия иегері атанды.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың басты пікірталас алаңына айналды. Бүгінде барлық өңірде 209 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Бүкіл ТМД аумағында баламасы жоқ орталыққа бүгінде қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға ниет білдірген елдер аз емес.
Жастардың тұрмыс-тіршілігін, сұраныстарын, құндылықтарын анықтап, зерделеу мақсатында біз халықаралық стандартқа сәйестендірілген «Қазақстандағы жастар дамуының индексі» жобасын іске қостық.
Соңғы заңдық өзгерістерге сай, заң шығару органдарында әйелдер мен жастарға арнайы 30% квота бөлінген. Орталық, жергілікті басқару органдарында жоғары басшылық қызметтегі жастардың үлесі жыл сайын еселеп артып келеді.
Таяуда Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында берген арнайы тапсырмасы бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы қолға алынды. Еліміздегі жастар мәселесіне қатысты барлық бағдарламаны бір орталыққа біріктіруді көздейтін жоба үш негізгі міндетті қарастырады. Атап айтқанда, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және жастарды қоғамдық-пайдалы қызметке тарту. Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдаудың кешенді жоспары бекітілді. Алдағы уақытта мемлекеттік жастар саясатындағы іс-қимыл осы жоспар аясында тыңғылықты жүзеге асырылатын болады.
Жалпы, халықтың біртектес, біртұтас болмысын қалыптастырып, қоғамның әлеуметтік-мәдени сұранысын қанағаттандыру үшін ең алдымен оларды біріктіретін, топтастыратын рухани тірек, озық идеялар қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президент – Елбасының тарихи мақаласынан бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел ішінде өзгеше серпіліс тудырған жобаға айналды. Жаңа дәуірдегі дамудың негізгі бағыт-бағдарын айқындайтын бағдарламаның алты бағыты бойынша 17 арнайы жоба іске қосылды. Әрине, бағдарламадағы қай жоба да маңызды. Дегенмен соның ішінде «Туған жер», «100 жаңа есім», «Сакралды Қазақстан», «100 жаңа оқулық» жобаларын ерекше атап өткім келеді. Бұлар қоғам тарапынан өте қызығушылық танытқан жобалар болды. Бүгінге дейін екі арнайы жоба – «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» және «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобалары толық аяқталды. Бір ғана «Туған жер» жобасы шеңберінде 4 жыл ішінде 13 мыңнан астам меценат есебінен 280 млрд теңгеден астам қаржы жиналып, 6 мыңнан астам ғимарат салынып, жөндеуден өткен. Жалпы қайырымдылық жасау – халқымызда бұрыннан бар қасиет. Десе де, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы дәстүрді қоғамдық деңгейде жаңа сатыға көтергені анық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалар туралы толыққанды ақпарат ұсыну үшін арнайы ашылған www.ruh.kz сайтынан табуға болады.
Әрине, бұл аталған дүниелер Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекет тарапынан жасалған ауқымды іс-шаралардың бір парасы ғана. Ең бастысы, бүгінде саяси сабақтастық, экономикалық, рухани жаңғыру үрдісінің үзіліссіз, табысты жүргізілуіне бүгінгі мемлекеттік саясат бағыты толықтай кепілдік жасап отыр.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет» деп атап көрсеткен болатын.
Расында, мемлекетті құру, мемлекеттілікті сақтау мен дамыту тек бір адамның немесе мемлекеттің ғана жеке міндеті болмауы тиіс. Бұл – қоғамдағы әрбір азаматтың, түрлі ұлттың, тұтас халықтың береке-бірлігіне, күш-жігеріне, ниет-тілегіне болашаққа деген сеніміне байланысты дүние.
Біз осыдан 30 жыл бұрын әлем елдерімен тең тұрып, азат ел болуға мүмкіндік берген Тәуелсіздігіміздің осы жылдар ішіндегі әрбір сәтін, әрбір кезеңін есімізден шығармай, ерекше ықыласпен еске алып, құрметпен қарауымыз керек. Ұрпақты соған тәрбиелеуіміз шарт. Бұл жас буынға тек тарихи оқиғаларды ғана үйретпейді, ел болудың бейнеті мен зейнетін жете ұғынуға, өткенімізді еске алып, жоғымызды түгендеуге үндейді. Қазір қолда барымызды барынша бағалайтын уақыт. Осыдан екі-үш жыл бұрын өзгерместей көрінетін жаһандық заңдылықтар, халықаралық ережелер, тіпті қарапайым қоғамдық қарым-қатынастың өзі бір ғана COVID-19 пандемиясының кесірінен түпкілікті өзгерістерге ұшырап жатыр. Осындай алмағайып кезеңде тәуелсіздік құндылықтарының – саяси тұрақтылық пен сабақтастық, экономикалық және қоғамдық даму, азаматтық келісім мен береке-бірлік идеяларының мәні мен мазмұны артып отыр.
Бұл тұрғыда біз үшін плюрализм мен өзара түсіністік үндестігіне жүгінетін азаматтық қоғам құру, діни төзімділік, ұлтаралық, конфессияаралық татулық пен келісімді сақтау, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті, білімді, отаншыл жас ұрпақты тәрбиелеу аса өзекті. «Мәңгілік ел» өміршең идеясы жолында қадам басып келе жатқан мемлекетіміздің айбыны артып, азаттығы табанды, жетістіктері баянды бола берсін. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
Аида БАЛАЕВА, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі