Жаңа оқу жылы қалай басталады?
Жаңа оқу жылы қалай басталады?
©Айтжан Мұрзанов
369
оқылды

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Оқу дәстүрлі форматта өтеді. Оған білім сапасының  төмендеуі себеп болды. Дегенмен ата-аналар тарапы алаңдап отыр. Өйткені мұғалімдер толық вакцина алмаған өңірлер бар. Оның үстіне оқушыларға вакцина салатын  мерзім белгіленген жоқ. Күзде  тұмаудың тағы өршитіні  бар. Білім сапасын ойлап, оқушылардың денсаулығын тәуекелге тікпейміз бе?

Оқушылар екпе ала ма?

Үкімет отырысында оқу жылының дәс­түрлі форматта өтетіні ресми түрде хабарланды. Осылайша, олар  көпшіліктің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді. Әрине, мектеппен қоса балабақша, кол­ледж бен жоғары оқу орындары да оф­флайн форматта білім береді. Айта кетерлігі, мемлекеттік балабақша болсын, жекеменшік балабақша болсын, балалар мекемеге барады. Педагогтердің вакцина алу жайы да ескеріледі. Мұны біз Денсау­лық сақтау министрінің мәлімдемесінен білдік. Оның айтуынша, елімізде мұғалімдер мен мектеп қызметкерлеріне вакцина салу аяқталған. Ендігіде 18 және одан жоғары жастағы студенттерге вакцина салу басталған. Цой мектептегі мұғалімдерді вакциналау аяқталғанын айтқанымен, Аймағамбетов білім мекемелеріндегі педагогтердің 93,1 пайызы індетке қарсы екпе алғанын мәлімдеді. Соның ішінде қызметкерлердің 88,4 пайызы вакцина салдырған. Қос ақпаратты не үшін салыстырып отырмыз? Өйткені төмендегі Алексей Цойдың сөзінен кейін біршама сұрақ туғаны бар. «Қолданыстағы заңнама мен эпи-демио­ологиялық жағдайды ескере оты­рып, мектептерде дәстүрлі форматқа көшу үш ай ішінде ауырып жазылған, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, мұғалімдер мен қызметкерлерді 100 пайыз вакциналаудан кейін мүмкін болады», – деген еді ол. Сонымен, барлық қызметкері  мен педагогі  100 пайыз екпе алмаған мектеп дәстүрлі форматқа көшпей ме? Мәселен, Маңғыстауда ұстаздардың 74 пайызы екпе алғаны айтылады. Иә, Алматыда білім мекемелерінің барлығы 100 пайызы екпе алған. Сұраққа жауап таппағасын тиісті орындарға сауал жолдадық. Олардың айтуынша, оқу жылы нақты дәстүрлі форматта өтеді. Ал вакцина турасында әлі де ақпарат беріледі. Екпе алмағандар апта сайын ПТР-тест тапсыратын жайт мұ­ғалімдерге қатысты болуы мүмкін. Оқушыларға келсек, ата-аналар тара­пынан қос министрлікке сауал көп. Себебі кейінгі аптада елімізде індет жұқтырған­дардың саны 10 пайызға көбейген. Бірақ Аймағамбетов оқудың дәстүрлі форматта жалғасатынын, егер сыныптан бір оқушыдан вирус анықталатын болса, аталған сынып қана қашықтан оқитынын баса айтты. Одан бөлек, өткен оқу жылындағыдай ата-аналар арнайы өтініш жазып, баласын қашықтан оқыта ала ма? Өйткені бұрын олар оффлайн оқу үшін осындай өтініш толтырған-ды. Бұл сұраққа министр үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді. Ата-анасы, туысы немесе өзі вирус жұқтырған оқушы ғана белгілі бір уақытта қашықтан білім ала алады. Ал оқушыларға  вакцина салу турасында Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы дайын. Олар Pfizer вакцинасының кел­генін күтіп отыр. «Қалай келеді, солай вакцина салуды бастаймыз. Әрине, ата-аналарының ақпараттандырылған келі­сімі­мен ғана», – деп жауап берді ДСМ.

Қандай өзгерістер болады?

Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі формат деп бекініп отырғанымен, эпи­дахуалға қарайтындарын жоққа шығар­мады. Вирустың таралуы көбейіп кеткен жағдайда,  олар Б жоспарын іске қосуға дайын. Оның үстіне, өткен жылғы ІV тоқсандағы аралас форматтағы білім беру дағдылары көмек береді деп отыр. «Жаңа оқу жылында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсау­лығын сақтау үшін арнайы санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылданды. Барлық мектеп, колледж бен универ­ситет­тегі қызметкерлер мен білім алушы­лар маска киюге міндетті. Білім беру ұйымдарында күнделікті термометрия, желдету, кварцтау, дезинфекциялау шара­сын жасайды. Студенттер, педагогтер мен басқа қызметкерлер Ashyq жүйесі арқылы ғимараттарға кіргізіледі. Жұмыскерлердің вакцина алуы да ерекше маңызға ие. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Бұған қоса, мек­теп­терде қосымша ауысымдар ұйымдас­тырылып, үзілістер уақытын әр уақытқа белгілеп, «бір сынып – бір кабинет» жүйесі жұмыс істейді. Барлық бұқаралық іс-шараға тыйым салынады», – деді минстрлік. Осы тұста оқу жылының өзгерісі деп Ashyq-ты  айтсақ болады. Соның ішінде оқу­шылар­дың да жүйеге тіркелуі пысық­талып жатыр. Қалай десеңіз, оқушыда мұндай мүмкіндік болмаса, бірге келген ата-анасы жүйеден өтеді. Министр әлеуметтік желіде өткен тікелей эфирде егер ата-анасында «сары» немесе «қызыл» түс көрсетсе, оқушы үйіне қайтатыны туралы айтқан-ды. Ыстығы көтеріліп тұрған оқушыны да мұғалімдер үйіне қайтаруы тиіс. Олар белгілі бір мерзімге дейін қашықтан оқиды. «Ең алдымен, Ashyq жобасын қызмет­керлер, педагогтер, балабақшаларға баласын әкелетіндер пайдаланады. Бұл жоба ең алдымен ересектер мен студент­терге арналған. Біз мектеп оқушыларына не істейтіні туралы әлі шешім қабылдамадық. Оқу жылы ішінде уәкілетті органмен бірігіп бұл мәселені қараймыз», – деген еді министр. «Әліппе» оқу бағдарламасына енген 2021-2022 жылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы оқу күндеріне байланысты өрбіді. Өйткені өткен оқу жылында алты күндік оқу аптасында білім берген мектептер бар екен. Аталған мектептер бес күндік жүйеге оқу процесін лайықтай алмаған. Биыл да сол мекемелер алты күндік оқу режимін жалғастыруы мүмкін. Одан кейін мектептер бес күндік оқу аптасын тиімсіз деп тапса, өздері шешім шығарып, кейбір сынып сабақтарын алтыншы күнге ауыстыра алады. 1 қыркүйектегі алғашқы қоңырау салтанатына келсек, оған бірінші сынып оқушылары ғана қатыса алады. Өйткені оларға «Әліппе» мен «Букварь» табыс­талады екен. Соған сәйкес, санитарлық норманы сақтау міндетті. Ал 2-11 сынып оқушыларына сынып сағаты ұйым­дастырылады. Шешім қабылданып, шаралар тізбесі жасалса да, мектептегі эпидахуалдың не боларына алаңдайтын ата-аналар бар. Олар вирустың таралуы одан сайын көбейе ме деп қорқады. Бірақ таразы басында білім сапасы тұрғасын, ұл-қызының лайықты білім алғанын қалай­тыны тағы бар. Көпшілігі «алдымен барып, оқып көрсін, сыныптастары арасында вирус жұқтырғандар көбейіп жатса, онлайн форматқа көшуді сұрай­мыз» деп отыр. Ал министр оқуын жүрдім-бардым оқып, мамандық игеруге мән бермей жүрген студенттердің аяғына тұсау салынатынына дән риза.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ