Қазақстанның өндіріс орындарында шыққан немесе сырттан импортталған кез келген өнім тұтынушыға жеткенге дейін онлайн мониторингтен өтеді. Бұл көлеңкелі экономикамен күрес мүмкіндігін кеңейту үшін жасалмақ. Сонымен бірге, шетелге заңсыз қаржы аударымын жасау дерегінің жолын кесу үшін Ekman халықаралық қаржылық тобы құрылды. Бұл жөнінде кеше Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында айтылды.
Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, көлеңкелі бизнеспен, әдетте теріс пиғылдылар мен салықтан жалтарғандар айналысады. Алайда олар Мемлекеттік кірістер комитетінің тексеруінен кейін үлкен проблемаға тап болуы мүмкін екенін ұмытып кетеді. «Менің ойымша, салық төлеп, бизнесін ашық жүргізіп отырған кәсіпкерлер өз бизнесін жабық жүргізетіндерден шығын көріп отыр. Себебі, бәсеке болмағандықтан, шығынға батуға мәжбүр. Шындығында, адал бизнес субъектілері өздері сияқты бәсекелестерімен жұмыс жүргізуге мүмкіндік алуы тиіс. Сонда ғана Қазақстанда дұрыс нарықтық орта қалыптасар еді», – дейді ол.
Б.Шолпанқұловтың айтуынша, бизнесті «көлеңкеден» шығару жұмыстары салық және кеден саясатын жетілдіру, қолма-қол ақшасыз айналымның үлесін арттыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.
«Іске асырылып жатқан шаралар салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді интеграциялауға негізделген. Мұнда ақпараттық жүйелерді дамыту секілді бастамаларды іске асырудан үлкен нәтиже күтеміз. Мәселен, тауарларды бақылау жүйесін құру экономиканы контрафактілі өнімдерден қорғауға көмектеседі. «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі тұтынушыға дейін тауарлар қозғалысын бақылауға, ал «Виртуалды қойма» модулі тауарлар қозғалысын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Ал нақты қадағалау тұрғысынан тауарларды таңбалау жүргізіліп жатыр», – дейді ол.
Айта кетейік, тауарлар қозғалысын бақылаудың соңғы кезеңі – 2020 жылдан бастап онлайн-кассалық бақылау машиналарын пайдалануға жаппай көшеміз. Бұл өз кезегінде рейдтік тексерулерден қашықтан салықтық бақылауға көшуге ықпал етеді. Қазірдің өзінде салықтық әкімшілендіру аясындағы цифрландыру салыққа қатысты тексерулерді 9 пайызға қысқартып, Қазақстан бюджетінің кірістер бөлігіндегі түсімдерді 20 пайызға көбейтті. Бұл жұмыс алдағы үш жыл ішінде бюджетке 1,9 трлн теңге көлемінде қосымша түсімді қамтамасыз етеді (2019 жылы – 520 млрд теңге, 2020 жылы – 623 млрд теңге және 2021 жылы – 750 млрд теңге) деген болжам бар.
Көлеңкелі экономикамен күресте қатал талап қоюмен қатар, түрлі жеңілдіктер ұсынудың да тиімділігі болады. Бұған бір мысал келтірсек, әлеуметтік желі арқылы сауда жүргізетіндерге табыс салығы салынбайды. Бұл – электронды сауда бизнесі өкілдеріне жасалған жеңілдік. «Электронды саудамен айналысатын бизнес өкілдерін «көлеңкеден» шығару үшін салық заңнамасы бойынша жеңілдіктер беріп жатырмыз. Біздің ойымызша, әлеуметтік желі – келешекте табыстың орасан зор көзі болады. Осындай санаттағы бизнеспен айналысатындарды тіркеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ қадағалау және бақылау жұмыстары болашақта атқарылады. Әзірге тіркеу бойынша тек насихаттау жұмысын қолға алдық» дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.
Осы тұста айта кетейік, электронды алаңда сауда жасайтындар табыс салығынан жеңілдік алу үшін үш шартты сақтауы тиіс. Біріншіден, есеп айырысу қолма-қол төлемсіз жүргізіледі. Екіншіден, сатып алушымен келісім онлайн тәртіпте жасалуы керек. Үшінші шарт – кәсіпкердің тауарды тасымалдауға, салып жіберуге және жеткізіп беруге құзыретті өз қызметі болуы керек немесе осындай қызметті жүзеге асыратын тұлғамен келісімшарт жасауы талап етіледі. Бұл талаптар кәсіпкерге интернет алаңында өз бизнесін заңды түрде жүргізуге мүмкіндік береді әрі сатып алушының мүддесін қорғайды. Тағы бір талап – электронды саудадан тапқан табысы жылдық жиынтық табыстың 90 пайызынан кем болмауы тиіс.
Сонымен қатар халық пен бизнестің есеп айырысуының қолма-қол ақшасыз формасының көлемін ұлғайту шаралары қабылданып жатыр екен. Қолма-қол ақшасыз формада жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді жүзеге асыруды ынталандыру, салық төлемдерін жеңілдету үшін салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бүгінгі таңда көлеңкелі экономикадан түскен табысты шетелге аударушылармен де күрес күшейтіліп жатыр. Бұл ретте, шетелге заңсыз қаржы аударудың жолын кесетін халықаралық Ekman қаржылық тобы құрылғанын айтуға болады. Бұл ұйым әлем елдерінің қаржылық барлау қызметтерінің барлығын қол астына біріктірген. Егер белгілі бір елден заңсыз капитал аударылатын болса, онда ол шоттың иесіне өте қатаң шаралар қабылданады екен. Яғни, аталған ұйым заңсыз аударылған қаражатты ымырасыз арызданған мемлекеттің пайдасы үшін шоттан шешіп алуға дейінгі шараны қабылдауға құқылы екен.