Болашаққа дайын түлектер

Болашаққа дайын түлектер

Пленарлы сессияларда форум қатысу­шы­лары жоғары бі­лім беру мекемелерінің өзгер­мелі еңбек нарығына маман дайындау қабілетін талқылап, қоғам мүддесіне жұмыс істейтін, азаматтық жауапкершілігі жоғары түлектер тәрбиелеудің талаптарын ортаға салды.

Премьер-министрдің орын­басары Гүлшара Әбдіхалықова форумда сөйлеген сөзінде Қа­зақ­­станның жоғары білім беру сала­сындағы жетістіктерін атап өтті.

– Бүгінде ғаламдық жоғары білім берудің дамуынан бірқатар трендтерді байқауға болады. Біріншіден – әлемнің барлық жоғары оқу орындары шетелдік әріп­тестікке ерекше назар ауда­рып, студенттерге басқа мемле­кет­терде білім алу мүмкіндігін сый­лауға басымдық беріп отыр. Қазақстан университеттеріне 684 шетелдік профессор шақы­рыл­ған. «Академиялық ұтқыр­лық» бағдарламасы аясында 2010 студент АҚШ, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемле­кет­терінде білім алды. 2019 жылы қазақ диаспорасы мен шетелдік студенттерге арналған 160 шәкіртақы бағдарламасы бар. Қазақстан шетелдік сту­дент­тердің үлесі (4%) бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен теңесіп отыр, – деді ол.

Нью-Йорк университетінің академия­лық істер бойынша проректоры Чарльз Зуко­скидің пікірінше, заман ағымына қарай білім саласы да үлкен өзгерістерге ұшырап отыр.

– Форум сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. 2018 жылы биылғы форум­ның тақырыбы «Болашақ­қа дайын түлектер» деп бекітілді. Қазір туғанынан қолына әртүрлі гаджет ұстап өскен цифрлық ұрпақтың кезі екенін түсінуіміз керек. Цифр­лы технологиялар экономикадан бастап, білім беру­ге дейін барлық салаға түбе­гейлі өзгерістер енгізіп жатыр. Сондық­тан уақыт тала­бына сай білім беру әдісте­ме­лері, мақсаты мен құралдары өзгеру керек. Біз өзі тұратын қоғамды жақсы бағытқа өзгертуге қабілетті жастарды қалыпастыруға күш салуымыз керек, – деді ол.

Форумның бірінші күні халықаралық және қазақстандық авторлар жазған, жоғары білім берудің өзекті мәселелеріне арналған кітаптардың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, Дэвид Брид­жес редакциялаған «Білім жүйе­сінің реформасы және интер­нацияланды: Қазақстанда­ғы мектептегі білім беруді ре­фор­малау мысалы», Мэт Хар­тли мен Алан Рубидің «Жо­ғары білімнің дамуы мен реформасы: Қазақстан мысалы», Али Моха­мед, Рита Каса, Аида Сағынтаева мен Ханс Восенш­тайн­ның «Қазақстан Республикасының өтпелі кезеңде жоғары білім беру жүйесін қаржыландыру моделіне қатысты университеттер тұрақ­ты­лығы» атты кітаптары оқыр­манға таныстырылды.

Сондай-ақ форум аясында VIII халықа­ра­лық кітап­хана­шылар конференциясы өтті. Университет кітапханаларының ғылым мен инновация бағы­тын­да көрсететін қыз­мет­тері мен ұсы­натын ресурстары тақыры­бын арқау еткен конференцияға әлемнің 15 елінен 120 делегат жиналған.


Кәусар АХМЕТ