Лотерея қызметі туралы заң жобасын қарайды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттар бірінші оқылымда ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мә­­се­лелері жөніндегі заң жобасын қарай­ды.

Бұл жаң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу туралы ілеспе заң жобасын Парламент де­путаттары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін азаматтарды құ­мар ойындар мен бәс тігуге қатысу кезінде ойынға тәуелділікті (лудоманияны) қа­лып­­тастырудан қорғау мақсатымен әзірледі.

Ұсынылған түзетулер 25 жасқа толма­ған жеке тұлғаларға, қатысуы шектелген және борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғаларға ойын және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салуды белгі­леуге бағытталған. Сонымен қатар лотерея билеттерін таратуға (сатуға) бөлек талаптар енгізіліп, букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салу көз­делген. Электронды казинолар мен онлайн казинолардың қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ 25 жасқа толмаған және құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар­ды қатысуға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Бірінші оқылымда депутаттарға масс-медиа мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бұрын Мәжіліс қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңның ережелерімен үйлестіру мақса­ты­нда әзірленген Үкімет енгізген түзету­лерді қарау ұсынылады.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына екінші оқылымда жаңартылатын энергия көздерін, электр энергетикасын және табиғи монополияларды пайдалануды қолдауға қатысты депутаттардың заңнамалық түзетулері талқыланатын болады.