Еңбек өтілін есептеудің өзгеше нормасы

Экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар шалғай шекара маңындағы аудан тұрғындарының еңбек өтілі өзгеше есептелмек.

Ол үшін жалақыға үстемеақы қосу және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов сенаторларға жауабында мәлімдеген. 

«Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, Қазақстан Респуб­лика­сының ауылдық аумақтарын дамы­тудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі жекелеген бөлімді енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, әлеуметтік және инженерлік инфра­құрылымды дамыту, шекара маңындағы аумақтардың республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу, шекара маңындағы елді мекендердің тұрғын­дарына бизнес-бастамаларды, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын­дағы бастамаларды қолдауға гранттар беру, туризмді және трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту үшін жағдайлар жасау және тағы басқа бір­қатар іс-шара көзделген», – деді О.Бек­тенов. Сондай-ақ аталған шекараларда автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жарақтандыру бо­йын­ша жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында шекара маңындағы ауылдарда әлеу­меттік және инженерлік инфрақұры­лым­ды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. «Мәселен, 2019-2023 жылдары респуб­ликалық бюджет қаражатынан 108,8 млрд теңге сомаға әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объекті­лерін салу, реконструкциялау және жөн­деу бойынша 1 795 жоба іске асы­рыл­ды. Ал 2024 жылы 170 жобаны іске асыруға 36,6 млрд теңге бөлінді. Бұл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жалпы қаржы­ландырудың 20 пайыздан астамын құрайды», – деді Үкімет бас­шысы.