Qvartz технологиялық жаңалықтар сайтында ірі мыс кен орнының табылғанын жазды. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz жаңа технологиялар кен орындарын барлауды қаншалықты жеңілдеткенін түсіндіреді.
Калифорниялық KoBold Metals компаниясы дүйсенбіде (5 ақпан) Замбияда әлемде ірі болатын мыс кен орнын тапқанын хабарлады. Билл Гейтс пен Джефф Безос сияқты миллиардерлер тобы қолдаған тау-кен стартапы энергетикалық маңызды минералдарды табу үшін жасанды интеллекті пайдаланады. Компания табылған кен орны «әлемдегі ең ірі жоғары сапалы мыс өндіретін кенішке айналатынын» айтуда.
Twitter (X) аккаунтында жарияланған мәлімдемесінде KoBold Metals президенті Джош Голдман кен орнын көлемі мен сорты бойынша Конго Демократиялық Республикасындағы Камоа-Какула мыс кенішімен салыстырады.
Камоа-Какула кенішінің шамамен 40% иелік ететін Канаданың Ivanhoe Mines компаниясы 2023 жылы 400 000 тоннаға жуық мыс өндіргенін және бұл кен орны қазір әлемдегі төртінші ірі мыс ресурсы екенін айтқан.
KoBold Metals компаниясына 2015 жылы Билл Гейтс негізін қалаған Breakthrough Energy Ventures климат және технология қоры қолдау көрсетеді. Breakthrough-тың басқа қолдаушыларының қатарында Безос, Bridgewater Associates бас директоры Рэй Далио және Virgin Group негізін қалаушы Ричард Брэнсон бар.
Бұл стартап бұрын алдағы 10 жылдықта ғана Замбияда мыс кенішінің құрылысын бастаймыз деп жоспарлаған еді. Алайда жаңа кен орнының ашылуынан кейін бұл жоспарлар қазір жеделдей түсуде. KoBold Metals басшылары жаңа кеніштің құны 2 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін айтуда. Стартап жаңа инвесторларға ашық екенін және бірнеше жыл ішінде акцияларын биржаға шығаруды қарастыруда. Компанияның айтуынша, жаңа кеніштің құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін.
Пайдалы қазбаларды барлауға арналған ЖИ
KoBold Metals кен орындарын барлауға қажетті деректерді, соның ішінде спутниктік суреттер мен бұрғылау нәтижелерін жинайды, содан кейін мыс, кобальт, никель және литийдің ықтимал кен орындарын табу үшін жер қыртысының картасын жасау үшін жасанды интеллекті пайдаланады. Бұл минералдар тобы жел диірмендері мен күн панельдері, сондай-ақ электр көліктері сияқты жаңартылатын энергия инфрақұрылымын құру үшін пайдаланылады.
Қазірдің өзінде бұл металдарға тапшылық жоғары. Халықаралық энергетикалық агенттік осы пайдалы қазбаларға қол жеткізуге қажет инвестиция аз екенін, олардың қазіргі көлемі «энергетика секторын жасыл энергияға өзгертуге жетпейді» деп мәлімдеген.
CRU тау-кен консалтингтік компаниясы мыс өнеркәсібі 2030 жылға қарай қажет болатын 4,7 миллион тонна мыс тапшылығын жабу үшін жаңа кен орындарын ашуға 100 миллиард доллар инвестициялау қажет деп есептейді.
KoBold Metal үш континенттегі 60 түрлі кен орындарына жыл сайын шамамен 60 миллион доллар жұмсайды. Ел президентінің арнайы көмекшісі Хито Каюмбаның айтуынша, компания Замбияға 200 миллион доллар инвестиция салған.
Бұл цифрлардан екі сараптамалық түйін жасауға болады: Батыс елдері үшін Африка континенті әлі де арзан шиказат көзі, 200 млн доллар инвестиция салып, он шақты миллиард табыс табуға болады; екінші, барлық технологияның пайдасын тек оларды жасаушы компаниялар ғана көреді. Қалғандары оны пайдаланушы ретінде аз ғана табысқа қанағат етуге мәжбүр.
Бұдан Қазақ елі қандай сабақ алуы мүмкін?
Экономикалық тиімділік тұрғысынан дайын технологияны сатып алғанша ғалымдар мен инженерлердің миын сатып алып, технологияны өзімізде жасаған өте арзанға түседі.
Миды сатып алған әлдеқайда арзан екенін АҚШ жақсы біледі, талантты жастарды материалдық жағынан қызықтырып, ғылыми орталықтарында жұмысқа тартады.
Сондықтан бүкіл әлемнің ақылды, дарынды жастары АҚШ-қа ағылып барып миларын, қабілеттерін сатуға құштар. Америка бұл саясатын көп насихаттамайды, тыныш жасайды. Өйткені үлкен ақша тыныштықты жақсы көреді.