17 қаңтарда Еуропалық Парламент депутаттары Еуропалық Одақтың 2019 жылы қабылданған Орталық Азия бойынша стратегиясын бағалау жөніндегі жаңа баяндама-қарарды мақұлдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан әлеуметтік желіде хабарлады.
Депутаттың айтуынша, құжат «жаһандық және өңірлік геосаяси өзгерістер контекстінде Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның неғұрлым тығыз ынтымақтастығының мүмкіндіктері мен проблемаларын қарастыру» мақсатында әзірленді.
ЕП Сыртқы істер комитетінің бас баяндамашысы біздің серіктесіміз – неміс еуродепутаты Карстен Люке («Социалистер мен демократтар» фракциясы), қосалқы баяндамашылар – Андрюс Кубилюс («Еуропалық халық партиясы»), Клемен Грошель («Еуропаны жаңарту»), Анна Фотига («Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар»), Виола фон Крамон Таубадель («Жасылдар») және Тьерри Мариани («Сәйкестік және демократия») болды.
Баяндаманы дайындау барысында К. Люке Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне екі рет барды, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің, СІМ басшылығымен және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілімен кездесті.
Құжатта еуропалық парламентшілер ЕО елдерін «геостратегиялық маңыздылығын» ескере отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылды жандандыруға шақырады.
Еуропалық Парламент ОА елдерімен парламентаралық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуге дайын екендігін білдірді.
Парламенттер желісі бойынша Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді.
Атап айтқанда, ЕО Сыртқы істер комитетінің төрағасы, Еуропалық Халық Партиясының Вице-президенті Дэвид Макаллистер бастаған делегациясы Қазақстанға 2023 жылғы тамызда келді.
СІМ-дегі кездесу барысында еуропалық әріптесім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси диалогтың өзекті жай-күйіне жоғары баға берді, сондай-ақ екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша қарқынды өзара іс-қимылды құптады. «Қазақстан Еуроодақтың аймақтағы сенімді және тұрақты серіктесі, кең Азияға қақпа ашатын рөл атқарады. Орталық Азия Еуропа үшін маңызды. Ал Еуропа Орталық Азия үшін маңызды», - деді сол кезде еуропалық саясаткер.
ҚР Парламенті Мәжілісі делегациясының 2023 жылғы қарашада «Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысына қатысу үшін Брюссельге сапары осы тұрғыда Еуропарламентпен диалогты дамытудағы тағы бір қадам болды.
Еуропалық Парламенттің депутаттары мен қызметкерлері, сондай-ақ Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің сарапшыларынан құралған Еуропалық делегацияны Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегацияның төрағасы Томаш Здеховский (Чехия, «Еуропалық халық партиясы») басқарды.
Іс-шара барысында біз Қазақстан-Еуропа саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының даму перспективаларын талқыладық. Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы өңірлік ынтымақтастықты, оның ішінде өзара байланыс, климаттың өзгеруі және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
"Өзімнің алғысөзімде мен Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім, сондай-ақ аса маңызды шикізат материалдары саласындағы жаңа уағдаластықтар негізінде екіжақты байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өттім", -дейді Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.
Өз кезегінде Т.Здеховский «Қазақстан – ЕО» және «Орталық Азия – ЕО» желілері бойынша қатынастардың серпінді өсуін атап өтті, сондай-ақ Еуропалық Парламенттің, әсіресе әлеуметтік-экономикалық реформалар, Заң Үстемдігі, цифрландыру және қауіпсіздік саласында жан-жақты кооперацияны тереңдетуге бағытталған жаңа бастамаларды қолдауға дайындығын растады.
Еуродепутаттар Франциско Миллан-Мон (Испания, «Еуропалық халық партиясы») және Андрис Америкс (Латвия, «Социалистер мен демократтар) Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мәселесін тезірек шешудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстандық делегаттар «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» жобасын және Еуропа мен Азия елдерінің көлік инфрақұрылымын жақындастыруға бағытталған басқа да бастамаларды қолдау, қазақстандық тараптың 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мәлімдеген күш-жігері аясында Еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтастық және басқа да аспектілер мәселелерін көтерді.
Депутаттар сондай-ақ еуропалық әріптестеріне Қазақстанда сайлау жүйесін реформалауға, Парламенттің рөлін күшейтуге, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік тетіктерге бағытталған ауқымды саяси бастамалардың іске асырылу барысы туралы айтып берді.
Аталған сапарлар Еуропарламентпен тығыз жұмыс байланыстарын одан әрі құрудың өзектілігін көрсетті.
Еуропалық депутаттар дайындаған жаңа баяндама Еуропарламенттің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылдың кең спектрін дамытуда аса маңызды рөл атқара алатынын, сондай-ақ еліміздің Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі күш-жігерін қолдай алатынын көрсетті.