Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану әлем елдерінің басты стратегиясына айналды. Financial Times басылымы қытайлық «динозаврлар» желден, Күн мен судан алынатын энергия көлемін жылдам өсіріп келетінін жазды. Осы сараптамалық материалға сүйенген Aikyn.kz Бейжіңнің стратегиясын түсіндіреді.
Қытай 2023 жылы жаңартылатын көздерден – негізінен Күн, жел және су энергиясы – электр энергиясын өндіруді шамамен 50 пайызға дейін ұлғайтқан. Әлемдік экономикалық сарапшылар ондаған жылдар бойы бағалы мемлекеттік ресурстарды тиімсіз жұтатын осы елдің ірі мемлекеттік кәсіпорындарын «динозаврлар» деп атап келді.
Бірақ қазір Қытайдың кейбір ірі энергетикалық мемлекеттік кәсіпорындарының жасыл экономикаға бұрылысы Бейжіңді таза технология саласындағы көшбасшылыққа шығара бастады.
Дәстүрлі мұнай мен газ сияқты энергия ресурстарын тапшы Қытай елінің басты стратегиясы – энергетикалық тәуелсіздікке жету. Сондықтан шығыс көршіні толғандыратын ғаламдық климаттың өзгеруі немесе атмосферадағы көмірқышқыл газының көбеюі сияқты қоршаған орта проблемасы емес, Күн, жел және су энергиясын пайдаланып ешкімге тәуелді емес экономика жасау.
Мемлекеттік кәсіпорындар басты капиталды таза технологияларға бағыттағандықтан, Қытай жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру қуатының үлесін 2019 жылғы 38 пайыздан және 2013 жылғы 29 пайыздан 2023 жылы шамамен 50 пайызға дейін арттырды. Бұл туралы Шанхайдың Rystad Energy консалтингтік компаниясы хабарлады.
Жаңа австралиялық талдау орталығы Climate Energy Finance сарапшысы Сюян Донгтың жуырдағы талдауына сәйкес, Қытай 2021-2025 жылдар аралығындағы 14-ші бесжылдықта жаңартылатын энергия қуатын 50 пайызға ұлғайту жөніндегі Бейжіңнің жоспарын артығымен орындаған.
Еуропалық және америкалық саясаткерлер Бейжіңнің таза технология өндірісіне жомарт үкіметтік қолдауына шағымданса, Донг Қытайдың орталықтандырылған басқару және басқару құрылымы мен басқарудың үздіксіздігінен туындайтын артықшылықтарға назар аударады.
Бейжің мемлекеттік кәсіпорындарға жаңартылатын энергияға көшуді бұйырғанда, «олар мұны істеді» дейді ол. Донг Батыс елдерінің арасында декарбонизацияға басты кедергі болатын қаржы нарықтарындағы капиталдың «қысқа мерзімге» бағытталуы, көміртегі бағасына байланысты келіспеушіліктер мен үкіметтер ауысқан кездегі саясаттың сәтсіздіктер деп түсіндіреді.
Жаңартылатын энергия көздеріне мемлекеттік кәсіпорындардың инвестициясы Си Цзиньпиннің 2020 жылға арналған климаттық уәделерімен байланысты болған. Қытай парниктік газдардың әлемдегі ең үлкен эмитенті болып саналады, жаһандық шығарындылардың шамамен 30 пайызы қытайлық өнеркәсіптің үлесіне келеді. Бірақ 2030 жылға қарай CO₂ шығарындылары максималды деңгейге жетіп, Қытай экономикасы 2060 жылға қарай таза нөлдік шығарындыларға қол жеткізуге міндеттеме алған.
Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары әлемдегі екінші ірі экономиканың тірегі болып саналады. «2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 66 пайызы осы «динозаврларға» келеді» деп жазды ақпанда Синхуа университетінің қоғамдық саясат сарапшылары Чжан Фан мен Зуо Цзялу. Мемлекеттік кәсіпорындарда Қытайдың жел және Күн ресурстарын шалғай солтүстік-батыс аймақтарда ауқымды игеру үшін ресурстары мен үкіметтік қолдауы бар. Ал жеке сектордың оған қаржысы жетпей қиналады.
Мемлекеттің қаржылық қолдауының арқасында Қытай жасыл технологиялар бойынша өзінің жаһандық көшбасшылығын күшейтуге жақсы іргетас жасады. Қытай саясатының тағы бір ерекшелігі – мемлекеттің басшысы жариялаған тапсырмалар міндетті түрде орындалуы тиіс.
Мысалы, Қытай мемлекеттік кеме жасау корпорациясы шамамен 40 000 үй шаруашылығын электр қуатымен қамтамасыз ететін биіктігі 260 метрлік роторы бар әлемдегі ең үлкен теңіз жел турбинасы прототипін жасауда.
Дегенмен қытайлық кәсіпорындардың көпшілігі өздерінің шығарындылары туралы деректерді жария етпейді. 2023 жылы көмір әлі де елдегі нақты өндірілген электр қуатының 60 пайызын құрап отыр. Бұған қарамастан қытайлық компаниялардың жасыл энергияға бетбұрысын жоғары бағалаған сарапшылар «енді оларды динозаврлар деп атамаңыз» деп сұрайды.
Мына әзіл видеода Қытай мен Ресей басшыларының құпия келіссөздері түсірілген: