Қазақстан қызылша жұқтыру көрсеткіші бойынша әлемде үшінші орынға шықты. АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі орталығы (CDC) 8 желтоқсанда жұқпалы дерт меңдеп тұрған елдер тізімін жаңартты.
Қағынып кетті қызылша
коллаж: Елдар ҚАБА
498
оқылды

Қызылшамен ауыратын науқастар саны бойын­ша бірінші орында Йемен (25 мыңнан аса), екінші орында Үндістан (15 мыңға жуық) тұр. Есепте үшінші тұрған Қазақстанда 12 985 жағ­дай тіркелгені көрсетілген. Алғашқы үштік­тен кейін Эфиопия (11 мыңнан аса), Пәкістан (8 мыңнан жоғары), Конго (6 мың), Ресей (4305 жағ­дай) елдері тұр. 

CDC орталығының тізімі қарашаның ба­сын­да Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жариялаған 2023 жылдың мамырынан 2023 жылдың қаза­нына дейінгі кезеңдегі де­ректерге сүйеніп жасалып отыр. АҚШ-тың ме­­­дицина мамандары қы­зыл­шаның қатты өр­шіп кеткенін коронавирустық пандемияның сал­дарымен байланыстырады. Олардың есе­бін­ше, 2020-2022 жылдар аралығында қызыл­ша­ға қарсы вакцинаның 61 млн дозасы егілме­ген немесе уақытынан кешіктірілген.

Ал Қазақстанда қызылшаның асқынуы вак­цинациядан бас тартатындар қатарының кө­беюі­мен байланысты. «Қызылшаға қарсы жал­ғыз ем – екпе алу» дей­ді мамандар. 6 жел­тоқ­санда ОКҚ-да өткен сараптамалық бри­финг­те ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақ­тау орталығының басқарма төрағасы Манар Сма­ғұл да осылай деп мәлімдеген бола­тын. Оның айтуынша, күн сайын Қазақстанда қы­зыл­шаның 300-ге жуық жағдайы тіркеледі, жұқ­­тыру­­дың негізгі көрсеткіші вак­цина алма­ған адамдардың есебі­нен көбейіп отыр. «Жал­пы рес­публика бойынша ауру балалар арасында вак­цинация жасатпаған балалардың үлесі 83,6%-ды құра­ды (13 670 жағдай).  Өкінішке қа­рай, қазір қызылша ауруын жұқтырған адам­дардың ішінде де вакцинадан бас тартып отыр­ған­дар бар», – деді Манар Смағұл. ДДСҰ ма­мандарының айтуынша, қызылша өте жұқпалы ауру­дың бірі, әдетте ол вак­ци­нация деңгейі тө­мендеген кезде бас көтеретін вирус.

Ұлағат БЕКБОЛАТ