Хостелдегі өрт салдарынан 13 адам қаза тапты.
Алматыдағы хостелде болған қайғылы жайт: министр 2 студенттің қайтыс болғанын айтты
Фото: Sputnik/Ертай Сарбасов
916
оқылды

Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат Алматыдағы хостелде болған өртке қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Өздеріңізге мәлім, бүгін түнде Алматы қаласында қайғылы оқиға болды.  Almaty Hostel  хостеліндегі болған өрт салдарынан 13 адам қайтыс болды.
 
Өкінішке қарай,  осы апатта 2 студентімізден айырылып қалдық. Олардың бірі –  Каспий қоғамдық университетінде білім алса, екіншісі –  Еуразия технологиялық университетінің студенті. Қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Әрине, бұл орны толмас қайғы. Апаттың себебі мен салдары мұқият тексерілу үстінде және осыған байланысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Мұнда атап өтерлік тағы бір жағдай, тамыз айындағы менің бұйрығыммен ЖОО ректорларына студенттерді хостелдерге орналастыру туралы тапсырма берілген болатын. Оған қоса, хостелдерде студенттерден өзге ешкімнің тұрмауын біз ерекше назарға алдық және де хостелдерде құзырлы орындармен бірлесіп, санитарлық-тазалық жұмыстары мен өртке қарсы техникалық қауіпсіздікті күшейттік.
 
Бүгінгі күнге дейін университеттермен келісімшарт орнатқан хостелдерде ешқандай келеңсіз жағдайлар болмағанын жеткізгім келеді.
 
Осыған байланысты Алматыдағы бірде-бір жоғары оқу орны студенттерін аталған жатақханаға орналастыруға ешқандай келісім жасалмағанын хабарлаймыз. Бүгінде Алматы қаласындағы жатақханалар саны – 149, төсек-орын саны – 39 145 құрайды.
Өткен жылы республика бойынша жатақханадағы орын тапшылығы 69 мың орынды құраса, бүгінгі күні тапшылық саны  17 44», –  деп жазды ол.
 
Министрдің айтуынша, студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын жою үшін бүгінде  ЖОО 7 612 төсектік 87 нысанды (қонақүйлер мен жатақханалар) жалға алды. Бірақ университеттер келісімшартқа отырған жалға алынған нысандарға өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, камералардың, турникеттердің болуы, коменданттық сағаттың сақталуына қатысты жоғары талаптар қойылғанын атап өтемін. Оларда жатақханамен келісімшартқа отырған университет студенттері ғана тұрады.
 
Студенттік омбудсмендердің қатысуымен үй-жайларды бақылау және тексеру жүйелі түрде жүргізіледі. Мемлекеттік жатақханадағыдай қауіпсіздік қамтамасыз етілген.
 
Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту және студенттер үшін тұруға орын тапшылығын шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
 
Біріншіден, жатақхана құрылысына мемлекеттік тапсырыстардың механизмі оңтайландырылды.
Екіншіден, әкімдіктермен бірлесіп 2023 жылы жатақханаларды пайдалануға берудің Жол карталары қабылданды.
 
Үшіншіден, инвесторлармен жұмыс істейтін жобалық кеңселер құрылды.
 
Сонымен қатар ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылды. Ахуалдық орталықтар студенттерге университет жатақханасындағы орындар туралы ақпарат береді, дағдарыс орталықтары форс-мажорлық жағдайларда баспана береді. Студенттердің мәселелерін жедел шешу үшін жоғары оқу орындары өкілдерінен Омбудсмен институты құрылды.