«Жастар» ғылыми орталығы қазақстандық жастар туралы он бірінші есебін ұсынды.
Қазақстандық жастар қандай құндылықтарға сүйенеді?
962
оқылды

Қазақстандық жастар қандай құндылықтарға сүйенеді? Олар өз пікірлерін қандай тәсілдермен тексереді? Жастар үшін не маңызды? Олар саясаттан тыс па? Осы өзекті сұрақтардың барлығына жауаптар «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасында қамтылған.

«Жастар» ғылыми орталығы қазақстандық жастар туралы он бірінші есебін ұсынды. Бүгінгі материалда біз «Жастар» ұлттық ғылыми орталығының сарапшысы Жадыра Аюуханмен әңгімелесіп, еліміздің кейінгі буынына тән , олардың қажетін сипаттайтын бес маңызды бағытты анықтадық:

Ең алдымен  отбасы

«Өмірлік құндылықтардың арасында жетекші орынды отбасы (72,6%) алады. Респонденттердің ең көп бөлігі отбасылық құндылықтарды өмірдегі ең маңыздысы деп санайды, бұл Қазақстан жастарының көпшілігі үшін жақын қарым-қатынас пен отбасын қолдаудың өзектілігін көрсетеді. 

Екінші орында достық.  Респонденттердің үштен бірінен астамы (32,3%) достық қарым-қатынасқа мән береді. Бұл әлеуметтік қолдау мен тығыз байланыстардың қажеттілігін аңғартады. 

Үшінші орында денсаулық (26,9%).  Респонденттердің төрттен бірінен астамы денсаулыққа үлкен мән береді, бұл өмірдегі физикалық және психикалық салауаттылықтың маңызды рөлін айғақтайды»,  деп атап өтті сарапшы.

Қаржылық еркіндік

Сарапшының дерегіне қарағанда, қазіргі тенденциялар арасында сауалнамаға қатысқан жастардың жартысына жуығы (48,2%) ең маңызды фактор ретінде қаржылық тәуелсіздікті атап көрсетеді. Бір қызығы, бұл үрдіс 18 бен 34 жас аралығындағы жастардың барлық жас топтарына тән. Бұл ретте респонденттердің 26%-ы жұмысты басқа қызығушылықтармен және жауапкершілікпен біріктіруге мүмкіндік беретін икемді жұмыс түрлеріне қызығушылық танытады.

Оптимизм және сенімділік

«Жастар» ұлттық зерттеу орталығының 2023 жылы жүргізген социологиялық зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 45%-ға жуығы болашаққа сеніммен және оптимизммен қарайды. Бұл қазақстандық жастардың көпшілігі болашақтан оң оқиғалар мен табыс күтетінін көрсетеді. Сонымен қатар респонденттердің шамамен төрттен бірі ертеңіне байсалдылықпен қарайды (26,5%), бұл олардың қабілеттеріне сенімділігін байқатады»,  дейді сарапшы.

Билікке сену

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының социологиялық зерттеуіне сәйкес, 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың 30%-дан астамы мемлекеттік қызметкерлердің пікіріне сенеді, респонденттердің 10%-ы саяси партия жетекшілерінің пікіріне иланады, ал шамамен алғанда респонденттердің 8 пайызы белгілі қоғам қайраткерлерінің пікірін бағалайды»,  дейді сарапшы.

Эмпатия

«Жастар қоғамның мұқтаж топтарына көмектесуге бағытталған түрлі волонтерлік және әлеуметтік жобаларға белсенді түрде қатысады. Респонденттердің айтарлықтай бөлігінің волонтерлік қызметте тәжірибесі немесе қызығушылығы бар (барлығы 55,1%). Осылайша, респонденттердің 15,2%-ы волонтерлік қызметке белсенді және тұрақты қатысады; респонденттердің 35,1% ішінара қатысады, яғни бос уақыт болған кезде әртүрлі жобаларға немесе іс-шараларға атсалысады; 4,8% волонтерлік іс-шараларға мүлде қатыспайды, бірақ болашақта бастауды жоспарлап отыр – олар волонтерлік қызметтің маңыздылығын түсінеді және өз үлестерін қосуды жоспарлайды»,  деп атап өтті сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы – елімізде жыл сайын жастарды дамытудың аса маңызды көрсеткіштеріне жан-жақты зерттеу жүргізетін бірден-бір талдамалық құжат. 

Тағы айта кетерлігі, есеп Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен жасалады. Басты міндет – мемлекеттік органдарды да, жалпы қоғамды да жастар саясатының жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз ету. 

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының барлық зерттеу нәтижелерін eljastary.kz сайтынан таба аласыз.