Қазір көшеде жастарға сұрақ қойып, дұрыс жауабын тапқандар үшін ақшалай сыйлық ұсынып жүрген кәсіпкер мен блогер көбейді.
Көшелі сөзді кім ұғар?
442
оқылды

Алдынан кездескен адамдарға қойыл­ған сұрақтар әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Қайталанған сұрақтар жастардың құ­лағына сіңіп, жадында жатталады. Осын­­­дай сұрақ-жауапты алғаш ұйымдас­тыр­ған­дардың бірі – жас кәсіпкер Жанбол Ерболұлы. 

 Табысымның белгілі бөлігін осындай әрекеттерге жұмсаймын. Қаржылай беріл­ген сыйлық жауап берушілердің білімге деген ынтасын арттырып, қызықтыра түседі. Көп қалада болдық қой. Білімді жас­тар көп екеніне көзім жетті. Бірақ үл­кен кісілердің арасында өткенімізді біл­мейтін, ұлы тұлғаларымызды танымайтын­дары да кездескені жанымды қынжылтты. Сондықтан бұл ісімізді әлі де жалғастыра бермекпіз, – деді ол.

Көшедегі жүргіншілерге көп қойыла­тын сұрақтардың дені – «Қазақ хандығы қай жылы құрылды?», «Қазақ хандығында ұзақ уақыт билікте отырған ханды атаңыз», «Ыбырай Алтынсарин кім?» деген сияқты қисыны қиын емес сұрақтар. Берілген үш сұрақтың жауабын дәл тапсаңыз, 10 мың теңге сіздікі. Жобаның жүргізушілері тарихи-танымдық сұрақтардан бөлек ғылымда өшпес із қалдырған даналардың суреттерін де жасырып, тапқан адамға сыйлық ұсынады. Арасында әттегенайлап қалғандары да кездеседі. Десе де, жеңіс жолынан тайдырған сұрақтың жауабы ұмытылмастай есте қалатыны анық.

Сұрақ арқылы жастарға тарихымызды үйретіп, ұлттық руханиятымызды дәріптеп жүрген видеолар бар дедік. Одан басқа қоғамдық көліктердегі жазулар да қалың бұқараның назарын аударды. Бүгінде елорданың 500-ден астам қоғамдық көлігіне 1 500 ұлағатты сөз жабыстырылған. Мұндағы мақсат – тұлғалардың даналық сөздерін, өсиетін, тәрбие тұрғысынан берері мол қазынасын ел-жұртқа таныту. Сонымен қатар орналастырылған постер­лерден басқа ірі тұлғалар туралы аудио­материалдар да бар. Тұлға атындағы көше аялдамаларына келген кезде әлгі аудио қосылады. Бұл шаралар артында із қалдыр­ған тарихи тұлғаларды бұқараға жа­қыны­рақ таныстырып, дәріптейді. Мірдің оғындай нысанаға дәл тигізер қанатты сөздерді байқап, көкейіне түйіп жүрген астаналық тұрғынның бірі –  Зухра Әміре­қызы.

– Автобуста жазылған ұлы тұлғалардың қанатты сөздерін 1 ай бұрын байқадым. Төлем жасайтын уақытта жабыстырылған постерлерді көзім шалып қалды. Кейіннен әр қоғамдық көлікке отырған сайын бірден осындай сөздерді іздейтін болдым. Әр автобуста – әртүрлі даналық сөздер. Міне, мына жерде Б. Момышұлының «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деген постер тұр. Мұндай шаралар үлкен­дер үшін де, кішілер үшін де өте жақсы. Тиісті аялдамамызға жеткенше осындай қанатты сөздерді оқып, көп нәрсені есімізге түсіреміз. Біз жас емеспіз. Бұрын үйренген, оқыған дүниелерімізді кейде ұмытып қаламыз. Халқымыздың біртуар дана перзенттерінің даналық сөздері адам көп жүретін жерлерде насихатталып жатқанын көріп қуанып отырмын, – дейді қала тұрғыны.

Білім ордасынан тыс насихатталып жүрген нақыл сөздердің, бір жағынан, қоғамды алға сүйреп, қазақ баласының бірін-бірі қамшылап, сауатты болуына тигізер ықпалы орасан зор. Екіншіден, бұл – ұлы тұлғалардың халық үшін қалтқысыз еткен еңбегін жастардың санасына сіңіру, ой-толғамдарын кеңінен дәріптеуде негізгі құралдардың бірі.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ