Күдікті цифрлық активтер айналымымен заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған.
Қарағандылық азамат криптовалютаны заңсыз сату арқылы 95 миллион теңге табыс тапқан

Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті аса ірі мөлшерде кіріс алумен ұштасқан криптобиржа арқылы электрондық цифрлық активтер айналымымен заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алдын ала қорытынды бойынша 2020 жылдың басынан 2023 жылдың ақпанына дейін әмиянға криптовалюта түсімдерінің сомасы 205 мың АҚШ доллары немесе 95 млн теңгеден асты», – делінген ведомство мәліметінде.

Күдікті «BINANCE» биржасында сатып алушылардың крипто-әмияндарына оның ұлының крипто-әмияндарынан аударымдар арқылы криптовалютаны сатуды жүзеге асыратыны анықталды.

«АХҚО ақпаратына сәйкес, аталған тұлғалардың ешқайсында заңды тұлға ретінде айырбастау операцияларын жүзеге асыруға лицензиялар болмаған», – деді ҚМА өкілдері.

Қазір сотқа дейінгі тергеу тіркелді. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.