Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов сотта Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткенін мойындады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нұрлан Мәсімов сотта шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындады

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысы кезінде ол шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындап, бұл "аса қажеттіліктен болды" деп мәлімдеді. Айыпталушының айтқанын журналистерге Нұрлан Мәсімовтің адвокаты Дмитрий Куряченко да растады.

Нұрлан Мәсімовке аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылған. Бұрынғы полицейге қатысты баптардың санкциясы бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Нұрлан Мәсімовке "Аса ірі мөлшерде пара алу", "Бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену немесе жымқыру", "Қазақстанның мемлекеттік шекарасын өткізу пункттерінен тыс қасақана заңсыз кесіп өту" деген үш бап бойынша айып тағылып отыр.