Елімізде шамамен 3 мыңдай балада сыртқы құлақ қалқаншасы жоқ. Бұл патология медицина тілінде микротия деп аталады. Ота жасатып, құлақ салдыру өте қымбат: Еуропа елдерінде мұндай күрделі операция 50-60 мың долларға жасалса, АҚШ-та оның құны 100 мың долларға дейін бағаланады.
Құлақсыз балаларды құтқарған хирург
824
оқылды

Ал біздің елде осы операцияны ақысыз түрде Ақсай балалар ауруханасының бет-жақ және мойын ауруы хирургі Нариман Сатылғанов жасаған. 

– Сізге жүгінетін пациенттің көбі қандай диагнозбен келеді? Оларға қандай операцияларды жүргізесіз? Бүгінге дейін қанша ота жасадыңыз?

– Пациенттерімнің арасында туа пайда болған ерін және таңдай жырығы, гемангиома, бет аймағындағы тыртықты деформациялар, мойын деформациясы, ісіктер, лимфангиома, дермоидты киста секілді диагноздар жиі кездеседі. Күніне 4 ота, оның екеуін – балаларға, екеуін ере­сектерге, ал жылына шамамен 2 мың­дай науқасқа операция жасаймын. Отаның ұзақтығы оның күрделілігіне, аурудың ауырлығына байланысты. 

Ас­қыну қаупі төмен, жеңіл патоло­гияларда – 30 минуттай, ал ауыр операциялар 3 сағатқа созылады. Бірақ 6-8 сағат бойы жасаған күрделі опера­циялар да болды.

– Ол қандай операция? 

– Құлаққа жасалған операцияларды бес жылдық тәжірибемдегі ең күрделі ота десем де болады. Кейбір балалар құлақ­сыз өмірге келеді. Оны медицина тілімен микротия деп атайды, бұл – құлақ қал­қан­шасының дамымай қалуынан өрбитін ауру. Әдетте жүктіліктің алғашқы үш айында түрлі вирустың, инфекциялардың немесе стрестің әсерінен пайда болады. Мұндайда құлақ қалқаншасының көлемі кішірейіп, деформацияланған болуы немесе мүлдем болмауы да мүмкін. Кейде балада құлақ тесігі, яғни есту каналы да болмайды. Оны атрезия деп атаймыз. Микротия мен атрезияның қатар келетін кездері де болады. Соның салдарынан ба­ла­ның есту, сөйлеу қабілеттері, интел­лек­туалды дамуы тежеледі. Мен микро­тияға шалдыққан екі жасөспірімге сырт­қы құлақ қалқаншасын жасап бердім. Бұл елімізде бұрын-соңды жасалмаған ота болғандықтан, оған дайындық та, отаның барысы да көп уақытты алды. Қазір де бұл отаны ешкім жасамайды. 

– Сыртқы құлақ қалқаншасын қандай материалдан жасадыңыз?

– Құлақ қалқаншасын баланың қа­быр­ғасынан аламыз. Бірақ қабырғаға ешқандай зиян келмейді. Өйткені сүйекті сындырмаймыз ғой. Оның жұмсақ ше­міршекті қабатының бөліктерін алып, соны қолдан модельдеп, құлақтың фор­ма­сына келтіріп, науқастың басына орнатамыз. 

– Оның синтетикалық баламалары бар ма?

– Иә, әлемде жалғыз баламасы – medpor деп аталатын биоматериал. Оны төмен қысымды полиэтилен полимер­лерінің ұнтағынан дайындайды. Бұл материал пластикалық хирургияда қол­да­нылады. Алайда елімізде ол заңды түрде тіркелмегендіктен, өкінішке қарай, біз тәжірибеде қолдана алмай отырмыз. Тағы бір өкініштісі, оның орнығу деңгейі де төмен.

– Елімізде микротия диагнозымен өмір сүретін, яғни сыртқы құлақ қалқаншасы жоқ қанша бала бар?

– Республика аумағында шамамен 3 мыңдай балада осы патология бар. Ал ересектерді қоссақ, бұл көрсеткіш 7-8 мың­нан асып жығылады. Сыртқы құлақ қалқаншасын жасау операциясы әлемде өте қымбат. Мұндай ота жасату АҚШ-та 100 мың доллар шамасында тұрады. Онда да бұл тек ота ғана. Оған жол шығынын, тамақ, қонақүй ақысын қосыңыз. Түр­кияда 50-60 мың долларға жасайды. Қа­зақстанда менен басқа бұл отаны ешкім жа­саған жоқ. Хирургтардың оған қызығу­шылығы аз. Неге? Өйткені, біріншіден, техникалық мүмкіндік жоқ, екіншіден, қаржылай қолдау өте төмен, жоқ десек те болады. Мысалы, хирургияда он бес жыл тәжірибесі бар мен 120 мың теңге жалақы аламын. Иә, біреулер сенбейді. Мұндай жалақыға өмір сүру, бала-шаға­ны асырау мүмкін емес қой. Бірақ маған өз мамандығым ұнайды, балаларға кө­мек­тескім келеді, бұл істен ләззат ала­мын. Отбасымды асырау үшін жекемен­шік клиникада қосымша жұмыс істеймін. Түркияда мұндай операцияны жасайтын дәрігерлер айына кемінде 20 мың доллар жалақы алады. Ал АҚШ-тағы әріптес­терім­нің жылдық жалақысы – 1,5 млн доллар. Тіпті, техника, құрал-жабдықтар түгел болса, мен хирургиялық оталарды ақысыз да жасауға әзірмін. Мәселен, гемангиома деген диагноз бар. Балаларда да, ересектерде де жиі кездеседі. Соған операция жасауға мүмкіндік беретін аппарат 120 мың доллар тұрады. Біз түгілі, Дағыстан сияқты кішігірім рес­публикалардың өзінде бар. Қазақстанға 1 аппарат алсақ, осы диагнозы бар бүкіл қазақстандықты қамтуға жетер еді. Аппарат алып беруді сұрап қаншама меценатқа, кәсіпкерге жаздым, нәтиже жоқ. 

– Сіз ота жасаған құлақсыз балалардың өмірі отаға дейін және кейін болып бөлінген шығар...

– Иә, бірінші кезекте бұл ота оларға психологиялық жайсыздықтан, күй­зе­лістен, депрессиядан құтылуға көмек­тесті. Бір баланың анасы ұлының енді кәдімгі адамдарша жұртпен араласа алатынына қуанып, көзіне жас алды. Құлақсыз туған балалар өзінің осы ерек­­шелігінен ұялып, адамдармен ара­лас­пай, үйден шықпайды. Үнемі ша­шын өсіріп, құлақ тұсын жауып жүруге мәжбүр. Оны басқа балалар байқап қал­са, мазақтап, келеке қылады. Мұ­ның бәрі балаға қандай стресс екенін елестете беріңіз...

– Ота жасату уақыты қаншалықты маңызды? Кейбір ата-аналар балаға жақ-бет отасын туа салысымен жасау керек деген пікірде. Бұған не айтасыз?

– Ол диагнозға байланысты. Ерте ем қолдануда қажет ететін де, біршама уа­қыт бақылауды қажет ететін де ісіктер бар. Кейде операция түгілі наркоздың өзі науқасқа қауіпті болуы мүмкін. Баланың салмағы да үлкен рөлге ие. Сол себепті бұл мәселеде кесіп-пішіп айту қиын.

– Тіл желбезегін кесу отасын да жасап жүрсіз. Бұл ота қандай жағдайда қажет? Көбіне оны «Р» әр­пін айта алмайтыны үшін жасатып жа­тады...

– Иә, бұл – салыстырмалы түрле ең қарапайым оталардың бірі. Көбіне мұндай патология туа пайда болады. Тіл жабысып қалғандықтан, бала дұрыс сөйлей алмайды, тамақ іше алмайды, еме алмайды. Кейбір дыбыстарды дұрыс шығару үшін де осы отаға жүгініп жататындар бар.

–  Ал ересектер көбіне қандай шағым­мен жүгінеді? 

– Ересектерге көбіне дентальді имплантация жасаймын. Бүгінде бұл сала елімізде жақсы дамып жатыр, бірақ кейбір күрделі жағдайларда тіс дәрігерлері имплант қоя алмаса, маған жібереді. Мысалы, сүйек сындыру, синус лифтинг, сүйек өсіру, имплантты дұрыс бағытта орнатпай, жоспарлау дұрыс болмаған­дық­тан, тағы бір имплант қою, имплант биіктігінің дұрыс болмауы, имплантты тым терең отырғызу немесе керісінше жеткізбей отырғызу сияқты проблема­лар­мен жүгінген пациенттерге ота жа­саймын. 

– Бет-жақ хирургінің пластикалық хирургтен айырмашылығы қандай?

– Біздің қызмет негізі балалар плас­тикалық хирургиясы деп аталады. Бірақ балалар бізге әдемілік үшін емес, жай ғана барлық адамға ұқсағысы келгені үшін келеді. Мысалы, таңдай жырығымен туған балаларға тамақты дұрыс жеудің, дұрыс сөйлеудің өзі мұң. Әйтпесе, біз де басқа пластикалық хирургтар сияқты теріні созып, бұлшықет жапсырып, тігеміз – ол жағынан айырмашылық жоқ. Сау болудың өзі әдемі. Әдемі бола тұра соған көңілі толмай, одан әрі денесін өзгерткісі келетіндерді – қабағын өзгер­тіп, мұрнын кішірейтін, омырауын үл­кей­тетіндерді түсінбеймін. Егер пласти­калық операция сенің өмір сүру сапаңды жақсартатын болса түсінемін: мысалы, птоз кезінде де ота жасатып, көзді қалып­қа келтіруге болады. Басқа жағдайдың бәрі  – шүкіршілік етпеу. 

– Операцияларды тегін жасайсыз ба?

– Иә, мен Ақсай балалар аурухана­сында порталмен келген балаларды қа­был­даймын. Бұл салада маман жетіс­пейтіні соншалық, жыл соңына дейін бос орын жоқ. 

– Қолыңызға қуат берсін! Қызықты әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Қуаныш САПАРБАЕВ (коллаж)