Қазақстан – бай мемлекет. Әлемде вольфрам қоры бойынша біз бірінші орында екенбіз. Хром кені бойынша екіншіміз. Қорғасын, мырыш, барит бойынша – 5, мыс бойынша – 12 және алтын жөнінен 15 орындамыз. Одан бөлек, марганец, күміс, уран қорының мол мөлшері тағы бар.
Шетел асқан шикізат

Десе де осы шикізаттың барлығы дерлік шетел асып жатыр. Әлемдегі ең қымбат металды экспорттайтын жалғыз ел - біз. Ол – осмий. Әрине, жер байлығының ел байлығына айналып жатқаны құптарлық-ақ. Бірақ соны өзімізде ұқсата алмай отырғанымыз өкінішті.

Экспорт он жылдық рекордқа таяды

Елімізде экспорт көлемі былтыр $84,4 миллиардты құраған екен. Бұл ал­дыңғы жылмен салыстырғанда бақандай 39,9%-ға артық. Мұндай көрсеткіш соңғы 10 жылда болмаған. 2012 жылы экспорт 86,4$ миллардты құрап, рекорд көрсеткен болатын. Сыртқа жөнелтілген тауарлардың ішінде мұнайдан кейінгі екінші орында тау-кен қазба байлықтары тұр. Соның ішінде қара және түсті металлургия өнімдері – ферро­қорыт­па­лар (2,58$ млрд), мыс (3,29$ млрд) және мырыш (706$ млн) экспорты көш бастап тұр. Олардың құны алдыңғы жылмен салыстырғанда орналасу ретіне қарай 39%, 13,7% және 24,4%-ға артқан. Мұн­да темір қорытпалары мен мырыштың оң динамикасына бағасының қымбат­тағаны себеп болса, мыстың жеткізу көлемі артқан. Сол сияқты таскөмір экспорты да еселене түсіпті. Қазақстан былтыр осы қатты отынды сатудан 819$ миллион табыс тапқан. Алдыңғы жылы ел қазынасына соның жартысындай сома түскен болатын. Оған себеп – был­тыр әлем нарығында көмірдің бағасы қым­баттап қана қоймай, еліміз жеткізу географиясын 12 елден 29 елге дейін кеңейткен. Сыртқы экономикалық опе­рациялардың артуына Ресей мен Батыс­тың арасындағы теке-тірес те өз әсерін тигізіп отыр. Былтырдан бастап Қазақ­стан офшорлық аймағы бар немесе салық деңгейі төмен елдерге экспортты арттырған. Ол елдерде әдетте ресейлік компаниялардың өкілдіктері бар. Мә­селен, Кипрға 178$ миллионға көмір, Пана­маға 115,6$ миллионға мұнай және Тан­занияға 12,6$ миллионға күкірт жет­кізген. Одан бөлек, Пәкістанға 36$ мил­лионға темір жаймаларын, қара металл сынықтарын және тыңайтқыш жөнелт­кен.

«Әрине, жерасты қазба байлықтары­мыздың игілігін көріп отырғанымыз мақ­танарлық-ақ жағдай. Мәселен, әлем­нің санаулы елінде: АҚШ, Ау­стралия, Колумбия, Канадада өнді­рілетін осмий 187-ні 2004 жылдан бері экспортқа шығарып отырған Қазақстан қазіргі уақытта оның әр грамын 10 мың доллардан сатуда. Нарық тербелгенде оның бағасы 100-200 мың долларға дейін шарықтаған кездер де болған екен. Алтыннан 300 есе қымбат металл радио­активті емес. Қандай да бір қорытпаға араластырса, ол болаттан да берік болып шығады. Егер адамзат Марсқа ұшатын болса, ғарыш кемесі осмия қорытпа­сынан жасалуы тиіс. Қазақстан бұл металды экспорттау арқылы технология­лық өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Елімізде осмий өндірісі – мемлекеттің меншігінде. Оны сатудан түскен табыс ел қазынасына ауда­рыла­ды», – дейді қоғам белсендісі Сағат Мә­ме­тниязов.

Әйтсе де, шетел асқан шикізатты өзімізде ұқсата алмай отырғанымыз қынжылтады. Отыз жылда экономиканы диверсификация жасайтындай талай мүмкіндігіміз болды. Бірақ мемлекеттік менеджерлер маркетингтің оңай түрі – ішкі нарықты импортпен толтыру мо­делін таңдап алғаны өкінтеді. Енді міне, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» де­мекші «сусыған уақыттың тұзағына» қа­малып тұрған жайымыз бар. Оның сыртында агрессивті өндіріс пен өнер­кәсіптің экологияға салып отырған ауыр салмағы тағы бар. Өңірлерде техногендік себептермен экологиялық ахуал нашар­лап барады. Сондай-ақ өндіруші алпа­уыттардың табыстың басым бөлігін өзі­не алып қалып, әлеуметтік ахуалдың шиеленісіп бара жатқаны да алаңдатады. Бұл түптеп келгенде мемлекеттің салық саясатына келіп тіреледі. Осы тұста, ұлттық табыс­ты әділ бөлу мәселесінде ақпараттың ашықтығы туралы мәселе тағы бар.

Ұлттық табысты әділ бөлу маңызды

Жер қойнауын игеруші алпауыт компаниялардың ашықтығы туралы мәселені билік партиясы да көтеріп, осыған дейін Парламентте Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Аманаттықтар тек ашықтықты ғана емес, өнімді бөлісу келісіміндегі объек­тивтілікке де назар аудартып отыр.

«АМАNАТ» партиясының саяси тұ­ғыр­намасы ұлттық табысты әділ бөлуді көздейді. Мұнайдың әрбір тамшысы, қазбалы кеннің әрбір грамы, жердің әр­бір сантиметрі халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек. Біз Қазақстанның жер қойнауынан қандай байлық өндіріліп жатқанын, қанша көлемде өндіріліп жатқанын білгіміз келеді. Кен орындарының бенефициары кімдер, мұндағы бизнестің иесі кім? Өндіріс саласының Қазақстан эко­номика­сы­ның дамуындағы маңызды рөлі тиісті қадағалау мен ашықтықты талап етеді. Дәл осы мақсатта елімізде Өндіруші сала­лардағы ашықтықты ынталан­дыру­дың жаһандық бастама­лары (ӨСАБ) жүзеге асырыла бастады. Бұл – өнер­кәсіп­тің мұнай, газ және тау-кен сала­ларынан түсетін кірістердің ашық­тығын қамтамасыз етудің әлемдік стан­дарты. Қазақстан ӨСАБ-қа 2005 жылы қосыл­ған. Сондықтан да елімізде  Жер қой­науы туралы кодекстен бастап кейін­гі құжаттарда заңнамалық деңгей­де осы бастама бойынша есеп ұсынуға міндетті. Алайда 2007 жылдан бері елімізде небәрі 15 баяндама жариялан­ған. Сол себепті, биылғы 1 ақпаннан бастап біздің елдің өкілеттілігі тоқта­тыл­ды, өйткені Қазақ­стан әлі 2020 жыл­ғы есебін де жария­ламаған», – дейді «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Сергей Пономарев.

Бұл ретте осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен қаржы бө­лі­неді екен. Құрамы ИИДМ, ЭМ, ЭТРМ, АҚДМ-лерінен, Мәжіліс депу­тат­­тары­нан, Каzenergy, Тау-кен метал­лургиялық кәсіпорындар қауымдастығы (ТМКҚ) және азаматтық қоғам өкіл­дерінен тұра­тын Ұлттық Мүдделі тарап­тар кеңесі (ҰМТК) құрылған. Әйтсе де, ел азамат­тары үшін ақпараттарды ашық алу мүмкін болмай отыр. Тек ҮЕҰ-лардың арқасында там-тұм мәліметтер БАҚ бетіне жарияланып жатады. Мәсе­лен, Ақтөбе облысының қоғам белсен­ділері 2018 жылы облыс әкімдігі мен ERG компаниясының арасындағы әлеу­меттік жауапкершілік және ынты­мақ­тас­тық туралы меморандум негізінде «ТехноГруппСтрой» ЖШС Ақтөбе қала­сын­дағы «Батыс-2» шағын ауданын­дағы 90 пәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инже­нерлік желі­лерін салу және аумағын абаттандыру» үшін «Қазхром» ТҰК» АҚ-нан (ERG еншілес кәсіпорны) 53 млн 800 мың теңге алға­нын анықтаған. Алайда іс жүзінде мұндай жұмыс істел­меген. Бұл тек анықталғаны ғана. Осы ретте аманаттық депу­тат­тар Үкімет, ҮЕҰ, Мә­жі­ліс және жер қойна­уын пайдалану­шылар арасындағы 4 тарап­ты жұмысты жандан­дыру­ды, Қазақстан жер қой­науын барлау, өндіру туралы есептердің дұрыс берілуін қадағалауды күшейтуді ұсынып отыр. Одан бөлек, жоғары кәсіби дең­гейде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында осы жо­ба­ны жүзеге асыру үшін тиісті қаржылан­дырумен қамта­масыз ету қажет. Мұнай, газ және тау-кен өндірісінен түскен кірістер туралы ақпараттарға жан-жақ­ты қолже­тімділік туғызу арқылы беріл­ген ақпа­раттар барынша жария етілуі тиіс.

Қызығын араб көрген қазақ мысы

Еліміздің табиғи байлығын жалмап, өндірістік қуатын малданып, ал ең бас­тысы біздің адамдарды жұмысқа жегіп жатқан «инвесторлардың» келісім-шарттарда көрсетілген міндеттемелерін орындауына қатысты берген Прези­денттің тапсырмасы аяқсыз қалып тұр. Ал шындығында ел байлығы алпауыт компанияларға күмәнді схемалардың нәтижесінде тигені сөзсіз. Сондықтан да бұл мәселелерде әділеттілік орнату – ел басшылығы үшін өз халқының ырыз­дығын түгендеген тарихи мис­сиясына айналар еді. Мәселен, «Арселор Миттал» компаниясындағы апаттар легі инвесторлардың өзінің келісімшарттық міндеттемелерін әлі де болса орындамай отырғанын білдіреді. Олар өндірісті дамытуға ақша салмағандықтан, еңбек қауіпсіздігі ақсап, оның соңы адам өліміне әкелуде. Бұл – қоғам белсендісі Асқар Омардың пікірі.

«Еліміздегі мыс кен орындарын игерудегі 25 жылдан астам тарихында «Қазақмыс» корпорациясының иелері, бұл олардың келісімшарттық міндет­темелерінде қарастырылған болса да, өндіріп жатқан шикізатты қайта терең өңдеуден өткізу мақсатында бір де бір өндіріс орнын ашпаған. Ал оның орнына Араб Әмірліктерінде Advaita Trade DMCC фирмасын құрып, үстеме құны жоғары мыс өнімдерін шығаруды жолға қойған. Қазақстандағы «Қазақ­мыс» рудниктерінде өндірілетін мыс кенінің түгелге жуығы БАӘ-ге жөнел­тіліп, ол жақта ондаған миллиард доллар тұратын дайын өнім шығарылып жатыр, ал бұл процесте біз – сырттай бақы­лау­шы ғанамыз. Бұл тұста Ресейден үлгі ал­ғанымыз жөн сияқты, оның пре­зиденті елден ұрлап-тонаған ақшасына Түркиядан барып миллиард доллар тұратын алты жұлдызды қонақ үй салған олигархты ту-талақайын шығарып, қаң­ғытып жіберген болатын», – дейді ол.

Қоғам белсендісі бұл мәселені шешу үшін үкімет инвестиция туралы заңды қайта қарап, еліміздің табиғи ре­сурс­тарын пайдаланатын инвесторларға қойылатын шарт­тарды өзгертуі қажет екенін айтады. Мұнай, металл, көмір, уран және т.б. түрдегі табиғи ресурстарға қол жеткізген инвесторлар бүгінгі таңда оларды сатып, қыруар қаржыны шетелге асырып жатыр. Ендігі жерде бұған жол бермеуіміз керек. Ел байлығы сатылған соң, одан түскен ақшаға түпкілікті өнім шығаратын, шикізатты терең қайта өңдейтін зауыттар салынуы тиіс. Біз алпауыт компаниялардан соны талап етіп, қадағалауымыз қажет. 

Инвесторлар салық тұрақтылығына мүдделі

Елімізде қатты пайдалы қазбаларды өндіруде шетел капиталының үлесі – 64%, мұнай мен газда ‒ 85%-ды құрап отыр. Ал отандық инвесторлар кен орны­ның қаншалықты перспективалы екендігі туралы болжам болмаса, бар­лауға қо­сым­ша қаражат салуға тәуекел етпейді. Сондықтан да мұнда шешімін күткен мәселе көп. Геологиялық барлау, жер қойнауын пайдалануды лицен­зиялау, цифрлық технологиялар енгізу, өндіріс­тің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, салық саясатын оңтайландыру сияқты одан да басқа көптеген мәсе­лелер біртіндеп шешіліп келеді. 2017 жылы жүр­гізілген реформа нәтижесінде елімізде пайдалы қазбаларды барлауға жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасаған болатын. Соның арқа­сында негізгі ойыншылар цифрландыру бағытында 20-25%-дан 77-80%-ға дейін ілгерілеп, өндірістік үдерістерді оңтай­лан­дыру мен автоматтандыруға мүм­кін­дік алды. Жер қойнауы туралы ко­декс­те «бірінші өтінім» қағидаты бо­йын­ша лицензиялар берудің жалпы тәр­тібі енгізіліп, мемлекеттік жер қой­науы қо­рын басқару бағдарламасы қабылданды. Лицензиялар беру мерзімі қысқартылып, халықаралық есептік стандарттарына көшу бекітілді. Өзекті мәселелерді шешудің тетіктері, пайдалы қазбаларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау гео­логия саласын дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжыры­мдамасында айқын­дал­ды. Ендігі кезекте инвесторлар салық тұрақтылығына мүд­­делі. «Тау-кен ме­тал­лургиялық кә­сіп­орындар қауымдас­тығы» салықтық емес төлемдер тәжір­ибесінен бас тартуды ұсынады.

«Қазір Қазақстанда көптеген ком­пания түрлі қорларға бюджеттен тыс төлемдер жасайды. Мәселен, мектеп салу, ағаш отырғызу, әкімдермен мемо­ран­дум жасау сынды тағы басқа түрлі міндеттемелер артылады. Бірақ мұның бәрі салық емес. Ал салық жүктемесінің коэффициентіне қарасақ, ол тау-кен металлургиялық кешені (ТМК) бойын­ша өте төмен. Біз барлық төлем қарас­тырыла­тын салық жүктемесі коэф­фициентін (СЖК) бағалаудың халық­аралық жүйесіне көшуді құптаймыз. СЖК есептеудің жаңартылған ере­желерін қабылдау жаңа Салық кодексін әзірлеу тұрғысынан да пайдалы. Өйткені бұл экономиканың белгілі бір секторы­ның өкілдеріне нақты жүктемені ескеруге мүм­кін­дік береді. Инвесторлар өз моделі бойынша нақты қаржылық ауырт­па­лық­тың қаншалықты бола­ты­нын түсінетін болады. Мұнда тек дамы­ған халықаралық салықтар жүйесін, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және роялти қолданған дұрыс. Әлемдік тә­жірибеде қолданылмайтын үстеме пайда салығын қолданбай, инвестор­ларға тұрақты салық режимін қамтамасыз ету қажет. Геологиялық барлау жұмыс­тары мен қызметтерін көрсететін компа­нияларды бұрынғыдай қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату керек», – дейді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия қауымдастығының басшысы Николай Радостовец.

Сарапшылардың бұл ұсынысы елі­мізде біртіндеп қолдау табуда. Биылдан бастап мемлекет салық тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық келі­сім­шарттарды жасай бастайтын болады. Енді жер қойнауын пайдаланушы жоба­ларға 500 миллион доллардан астам ин­вестиция салуға уағдаласса, оның орнына мемлекет салық тұрақтылығына кепілдік береді. Осылайша, олар 10 жылға белгіленген ойын ережелерімен дамуы кезеңдерін жоспарлай алады. Бұл бастама бойынша Eurasian Resources Group құрылымына кіретін үш компа­ния мемлекетпен инвестициялық келі­сім­шарттарға қол қоюға ниет білдіріп отыр. Компаниялардың әрқайсысы («Қазақстан алюминийі», «Қазхром» және «Шұбаркөл Көмір») 10 жыл ішінде өз өндірістерін дамытуға шамамен 260 млрд теңге салуға тиіс. Ал мемлекет осы кезеңде олар үшін салықтық тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге міндеттенеді.

«Тиісті режимде жеке кірістер мен шығыстарды жоспарлау үшін бизнес салық заңнамасындағы ықтимал өзге­ріс­терді бірнеше жыл бұрын көруі керек. Сонымен қатар қоры аз немесе көп аршу жұмыстарын қажет ететін төмен рентабельді кен орындарында пайдалы қазбаларды өндіруді жоспарлап отырған компаниялар үшін жекелеген келісім­дерді әзірлеу ұсынылып отыр. Мәселен, елімізде көбіне өңдеу өнер­кәсібіне, басқа да секторларға келетін компания­ларға жеңілдіктер беруге көңіл бөлінсе де, «қара тізімге» тап болған тау-кен жобаларының жағдайы еленбей жатады. Сондықтан бұл бағытта да тиісті өзгеріс керек», – дейді Сыртқы істер ми­нис­трінің орынбасары Алмаз Айда­ров.

Мемлекеттік салық саясатының өнер­­кәсіпте нақты бір тұрақты сипатқа ие болғаны – саланы дамытуда бір ай­қын­дыққа кепіл болары анық. Ендеше, инвесторлардың тілегін орындау арқы­лы бүгінгі билік оларға қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, мемлекеттік жос­пар­лаудың нақтылығына да қол жет­кізетін болады. Ал ол жоспардың басты нысанасы – шетел асқан шикізаттың өз елімізде өңделгені. 

Нұрлан ҚОСАЙ