Шіркін, біздің биліктің көңілшектігін айтсаңыз, жылап жібересіз. Тіпті, билік осы қарқынмен тұра берсе, тентектігің ұстап кетіп, бір бұзақылық жасап жібергің келеді.
Билігің көңілшек болса, көлгірлер көбейеді
1,279
оқылды

Қазір айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылып жатқан алмағайып заман ғой. Ақыры қылмыс жасаған соң адам өлтірмесек те, соған жақын бір ел айта жүретін «тентектік» жасағың келіп тұрады. Бүгінде қолым қышып, кімге тиісерімді білмей дал болып жүрмін. Ақыл айтып жіберіңізші, кімге барып соқтығайын? Ана кісіге ме? Жо-жоқ, болмайды. Оның көкесі мықты. Мына кісіге ме? Ойбай, атамаңыз, оның тоқпағы мықты. Сонда кімге жұдырық ала жүгірсем екен? Қоя тұрыңыз.

Былтыр Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов табан астында түс көріп, білімін жетілдірмек болып қызметін аман-есен табыстап, оқуға атанды. «Үлкен қаланы басқару үшін үлкен білім керек. Мұнысы да жөн екен» деп тілеулес болып қол шапалақтап қала бермейміз бе сол? Сөйтсек, бұл азамат Астана қаласындағы тергеу абақтысында қамауда отырған болып шықты. Бүгінде кентаулықтар «апам да аң-таң, мен де аң-таң» деп бір-біріне қарап отыр.

Ресми органдар таратқан деректер бойынша, Рашид Аюпов Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Астана қаласы бойынша департаментіне қарасты қауіпсіздігі аралас №64 тергеу абақтысында отыр. Комитеттің баспасөз қызметі «Р.Аюповқа қатысты тергеу амалдары Қылмыстық кодекстің (ескі редакциясы бойынша) 312-бабының 4-бөлімімен жүріп жатыр» дейді. Бұл бабты ақтарып қарап кеп жіберсек, экс-әкім біреуді аса ірі  мөлшерде пара беруге айдап салған. Айып дәлелденсе, Аюпов мырза бірнеше жылды арқалап кете беретін көрінеді. Құдай бетін әрмен қылсын!

Осы жұрттың білмейтіні жердің астында. Білгіштер Рашид Аюпов Шымкентке келіп «зың әкім» деген құрметке бөленген Ғабидолла Әбдірахымовпен егіздің сыңарындай бірге жүретінін тілге тиек етеді. Екеуі де «Болашақтың» түлегі болып шықты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде екеуі ұзақ жыл бірге қызмет істейді. 2015 жылы Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына әкім болып тағайындалысымен, оны аппарат жетекшісі қызметіне шақырады. 2017 жылдың күзінде «Шымкентті ғажайыпстанға айналдырамын, тіпті әлемдегі ең сұлу қалалар да біздің алдымызда жіп есе алмай, шерменде болып қалады» деп аңқау тұрғындарды сендіріп баққан Ғабидолла ғайыптан тайып қызметінен босап қалды. Алайда сенгенінен сүйенгені зор шығып, «НұрОтан» партиясының хатшысы болып сайланды. Осы кезде Рашид Аюпов билік партиясының бір бүйірінен кіріп, жайлы креслоға жайғаса кетті.

Тегінде Ғ. Әбдірахымов жолы болғыш жан. Ол 2018 жылдың жазында Шымкентке жыл құсындай қайта оралды. Мына қызыққа, бәлкім сәйкестікке қараңыз, бұл кезде Р. Аюпов «Шымкент» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы крес­лосына келіп жайғасты. Сосын ол  корпорация атынан Шымкентте алғашқы муниципалды автобус паркін ашып тастады. 2019 жылдың жазында табаны көтеріліп, Р.Аюпов Түркістан қаласының әкімі болып жоғарылап кетті. Бірақ автобус паркінің шуы көпке дейін басылмай тұрды.

Тағы бір қызығы және таңырқатарлығы, Аюповтың тұсында Түркістан қалалық әкімдігінің ғимараты мен қаладағы жалғыз Мәдениет үйі сатылып кетті. Әкімдіктің қызметкерлері бір күнде далада қалып, абырой болғанда музей ғимаратын уақытша жалға алып, біраз уақыт паналады. Артынша бұл іспен прокуратура айналысып, нарық құнынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған деп ғимаратты кері қайтарып берді. Осындай жүрген жерінде «із қалдыра­тын» аса іскер Рашид Аюпов Түркістан облысының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеевтің назарына ілігіп, оны өзінің орынбасары етіп тағайындады.  Көп ұзамай, яғни 2021 жылдың  ақпан айында Кентау қаласының әкімі қызметіне аттандырды. Бұл кезде Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов парамен ұсталып, орны ойсырап тұрған болатын.

Бұдан арғы оқиға шым-шытырық, детективті фильмдердегідей өрбиді. Бұл жерде белгілі журналист Владимир Козачковтың  Telegram каналына сүйенуге тура келеді. Ол Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен  белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың арызданғанын алға тартады. Бұл қылмыстық әрекеттер осыдан он жыл бұрын, 2013 жылы орын алады.  Сол кезде бизнесменді әлдекімдер қорқытып, 20 миллион доллар талап етеді. Осы тұста Қожабаевқа Премьер-Министрдің кеңсесінде қызмет ететін Рашид Аюпов келіп, бизнесмен иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді талап етеді. Мұнымен де шектелмей, басшылықты ауыстыруды сұраған. Басшылық болғанда Рашид зауыт директорлығына өзін тағайындауды ұсынған көрінеді. Рашидтің амалы расында көп сияқты, ол Қожабаевты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғ. Әбдірахымовпен таныстырады. Тап осы тұста айтулы Кәрім Мәсімов Президент Әкімшілігінің басшысы болып, түкірігі жерге түспей тұрған-ды. Осындай қорған-қалқаны бар Әбдірахымов кімнен қорқады, кәсіпкерді қамқорлығына алып, төбесінен құс ұшырмауға ант-су ішеді. Сонымен қатар мемлекет тарапына қолдау болатынын да жеткізеді. Аюпов тағы бірде Мәсімов пен Әбдірахымов атынан келіп тұрғанын, бұдан былай бандиттер бизнесменнің маңайынан жүре алмайтынын айтып, бір тоқтайды да, осы қамқорлығының есесіне 10 миллион долларды алақаныма сала ғой десе керек. Аюпов бұл жерде де есепсіз жүрген бе, трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын бересің  десе керек. Ал Қожабаев қызметкерлерімен ақылдаса келіп, «крышасына» 3,5 миллион доллар береді. Бірақ бизнесмен он жыл бойы үнсіз келіп, оларға тықыр таянғанда барып құзырлы органдарға арызданады. Әрине, ол кезде аты аталған үшеуінің де құдіреті тау қопарарлық болатын.

Иә, біздің биліктегілер көңілшек-ау, көңілшек. Билік көңілшек болса көлгірлер көбейеді. Айталық, ұры-қарыларға  қаншама жыл жасыл көше ашып қойды. Бұл бұл ма, мемлекет мүлкін кеңірдегінен келіп мелдектегенше ұрлаған небір ұры-қарыларды шетел асырып, «таппай қалып» жатыр. Мәсімовтің денсаулығы мүшкіл көрінеді. Болат Назарбаев әлеуметтік желілерде қатты дімкәс түрін көрсетіп, өзіне аяушылық сезімін тудырып жүріп, Дубай асып кеткен көрінеді. Алматы облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы Серік Күдебаев әріптестерін шаңқай түсте шаң қаптырып кетті. Мұхтар Аблязов дегеніңіз анау. Алматы қаласының экс- әкімі В.Храпунов бүкіл жиған-тергенін ұшаққа артып, бір түнде жоқ болды. Сонда дейміз-ау, биліктегілер қайда қарап отыр?  Көңілшектігі ұстап, «еркелердің» жүген-ноқтасын сыпырып, бос жібере бергеннен ұтары қайсы? Түкке түсінсем, бұйырмасын!..

Сабырбек ОЛЖАБАЙ