Қорғаныс министрлігінде 8,2 терафлоптық суперкомпьютер орнатылды. Машинаны сынау сәуір айында аяқталып, ол қолданысқа толық қабылданды.
Қазір ол Миссисипидегі Джон Стеннис атындағы ғарыш орталығында тұр. АҚШ қорғаныс министрлігіне бұл суперкомпьютер не үшін керек болғанын Aikyn.kz бірер күн бұрын datacenterdynamics.com сайтында жарияланған хабарламаға сүйеніп түсіндіреді.
Фото Getty Images суреттер банкінен алынды. Авторы: Kevin Dietsch
АҚШ Қорғаныс министрлігінің суперкомпьютерлердің ресурстық орталығында орнатылған жаңа суперкомпьютер Nautilus деп аталады. Бұл жоғары өнімді есептеу жүйесі 176 128 ядрода 8,2 петафлопсты құрайтын ең жоғары өнімділікке ие. Жүйенің 382 ТБ жедел жады және 26 петабайт тұрақты сақтау орны бар.
Суперкомпьютердің мүмкіндігін түсінікті болуы үшін айтсақ, 8,2 петафлопс деген өнімділік – машина 1 секундта 8,2 квадриллион операция жасай алады дегенді білдіреді. Математика тілінде 1 квадриллион дегеніміз 1 000 триллион.
Жаңа суперкомпьютер 2023 жылдың сәуірінде сынақтан өтіп, әскерилердің қолданысына өткен.
Фото navy.mil сайтынан алынды
Әскерилер үшін супер машинаны жасаған Penguin Computing компаниясы 2021 жылдың қыркүйегінде суперкомпьютер бойынша келісімшартты ұтып алған.
Компания екі суперкомпьютерді 68 миллион долларға жасап, біреуін Әскери-теңіз күштеріне, екіншісін Әуе күштеріне орнатуға міндеттеме алған.
Суперкомпьютер АҚШ Қорғаныс министрлігінің жоғары өнімді есептеулерді модернизациялау бағдарламасының бір бөлігі және министрліктің хабарлауынша, ғалымдар мен зерттеушілерге климатты, ауа райы мен мұхитты модельдеуді зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды есептеу ресурсы болмақшы.
Фото Getty Images суреттер банкінен алынды. Авторы: Bing Guan
Соңғы жылдары АҚШ әскерилері өздерінің есептеу ресурстарын күшейтуді мықтап қолға алған. Арнайы жаңарту бағдарламасына сәйкес, Әскери-теңіз күштерінің Narwhal суперкомпьютері жаңартылды. Оған қосымша 18 176 ядро қойылды, оның есептеу қуаты айтарлықтай өсіп, 14 ТБ болатын үлкен жадына дейін жақсарды. АҚШ Қорғаныс министрлігінің ең үлкен суперкомпьютерінің тізіміне енген Narwhal-дың өнімділігі 13,6 петафлопс.
2022 жылдың маусымында британдық әскери мердігер BAE Systems Қорғаныс министрлігінің бес жылдық 699 миллион долларлық келісімшарттын жеңіп алды.
Енді жақын жылдары АҚШ-тың Әуе күштерінің зерттеу зертханасы, Абердиндегі жерүсті армиясының зерттеу зертханасы, Армия инженерлерінің ғылыми-зерттеу және дамыту орталығы, Қорғаныс суперкомпьютерлік ресурстары департаменті мен Мауи жоғары өнімді есептеу орталығына есептеу ресурстары өте жоғары машиналар қойылатын болады.
Фото media.defense.gov сайтынан алынды
АҚШ-тың есептеу ресурстарын күшейтуге арналған бағдарламасы цифрлық дәуірдегі қорғаныс, соғыс жүргізуге қажетті есептеулер үшін өнімділігі жоғары компьютерлер керектігін көрсетеді.
Болашақтың гибридтік соғыстарында ұшақтар мен танктер, зымыран кешендерінің, артиллерияның саны емес, олардың дәлдігі, тиімділігі маңызды рөл атқаратынын бүгінде мамандар да, қарапайым адамдар да жақсы түсіне бастады.