Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Қытай халық республикасының үкіметтері арасындағы «Визалық талаптардан өзара босату бойынша келісімге қол қою туралы» Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Енді еліміз визалық тетіктен бас тартқалы тұр. Еліміз үшін қаншалықты тиімді? Әлде пайдасынан гөрі залалы көп пе?
Бұрын Қазақстанға келгісі келетін кез келген Қытай азаматы виза алуға міндетті болатын. Тиісінше, олардың біздің елге енбес бұрын қазақстандық құзырлы органдар әрқайсысын жеке тексереді. Қандай да бір күдік тудырса, виза бермей қоятын.
Енді жаңа келісім бойынша ҚХР азаматтарына виза алуы қажет емес. Шекарада паспортын көрсетсе, жеткілікті. Оның мынадай артықшылықтары бар:
Біріншіден, Қазақстан азаматы – Қытайға, ҚХР азаматы – Қазақстанға жеке істері бойынша, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдарды, транзитті жүзеге асыру, сондай-ақ іскерлік мақсатта, соның ішінде келісімшарттар жасасу, келіссөз жүргізу, консультациялық қызмет көрсету және басқа да бизнес үшін визасыз, еркін келе алады.
Екіншіден, Қытай азаматы шекарамызды кесіп өткеннен бастап, елімізде күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде еркін жүріп-тұра алады.
Үшіншіден, егер бұл уақыт аздық болса, күнтізбелік 180 күн (жарты жыл) ішінде жалпы жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспайтын уақыт бойы бір немесе көп рет келуіне, уақытша болуына рұқсат, бұл үшін де визалық талаптардан босатылады.
Төртіншіден, егер азамат үш айдан да ұзақ уақытқа қалуға ниет білдірсе, оған да рұқсат. Бірақ бұл жағдайда ол Қазақстан аумағына кірер алдында визаға өтініш беруге тиіс.
Ал Қытай жағы өзіне визасыз кіргісі келетін Қазақстан азаматтарынан әуелі паспорт талап етсе, екіншіден, ҚХР-да мигрант болып қалып қоймай, кері оралатынын растайтын құжат талап етпек. Әйтпесе, Қытай өзіне кіргізбей қояды. Осы жағынан алғанда біздің елде талап қатаң емес. Бұл – біздің бірінші кемшілігіміз. Өйткені Қазақстанға кіру үшін қытайларда «ҚХР азаматының жартылай қызметтік паспорты» немесе «ҚХР азаматының әдеттегі паспорты» және уақытша жол жүру құжаты болса, жеткілікті.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Қаукенов Facebook парақшасында мұны «Қазақстанның кезекті дипломатиялық жеңісі» деп отыр. Оның айтуынша, қазақстандық бизнестің барыс-келісін күрт артады, Қытай нарығы қазақстандық тауарлармен толығады. Ал отандық кәсіпкерлер Қытайдан сенімді инвесторлар тартады деп есептейді.
Экономист Қуаныш Жайықов бұл қадамның қытайлық инвесторлардың күрт артуына серпін беретініне күмәнданады. Әсіресе, экспорт пен импорт саласында үлкен келісімдер бола қоймайды деп есептейді.
– Біз Қытайды түсінуден сәл артта қалдық. Себебі бұл ел – бізден әлдеқайда бай мемлекет. Жалпы, жан басына шаққандағы ЖІӨ-ның ресми көрсеткіштері бойынша ғана емес, жалақы, кіріс жағынан да әлдеқайда жақсы бізден. Оларда өсіп келе жатқан арнайы орта қалыптасқан. Өйткені бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дұрыс тамақтана бастаған, шетелге көбірек шыға бастаған. Міне, осы жағынан біз өзіміздің ауыл шаруашылығы мен туризмді ұсына аламыз. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Алматы және Алматы облысындағы туризмді дамытуға болады. Әрине, бұл арқылы елдегі ЖІӨ-ның деңгейі айтарлықтай өзгермейтіні анық.
Алайда жекелеген салада не болмаса өңірлерді жандандырып, қозғалыс әкеледі. Мәселен, жаһандық көзқарас бойынша біз шикізат ұсына аламыз. Бірақ Қытай біздің елдің шикізаты мен мұнай-газына тәуелді деп ойламаймын. Қытай экономикасы түрлі тауарды толыққанды өңдіріп отыр. Бұрын жартылай фабрикаттар болса, қазір Қытай техника, электротехника, тұрмыстық техника секілді басқа да көптеген тұтыну тауарын жасайды. Осы жағынан алғанда Қытайдың бізге берері бар.
Оның үстіне, бәсекелестіктің арқасында технологияның бағасы түсіп, сапасы жақсара түседі. Бұрынғыдай Батыс Еуропа, АҚШ секілді елдерге тәуелді болмаймыз. Сонымен қатар бизнесті қалай жүргізу керегін үйреніп, тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік, – дейді сарапшы.
фото:kaz.inform