Шымкент қаласының тұр­ғыны Ермек Қалымбетов жұ­лын жарақаты диагнозымен ауырады, яғни белден төмен қа­рай жарамсыз. Соған қа­ра­мас­тан өмірге құштар жігіт талай шыңды бағындырып ке­леді. Қоларбамен билеп, әлем чемпионаттарындағы бай­рақты бәсекелерде топ жа­рып, жүлделі оралып жүр.
Қоларбада билейтін Қалымбетов
907
оқылды

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының тумасы Ермек бүгінде отбасымен Шымкент қала­сында тұрады. Алина есімді қызы бар. Түркістан облысына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында музыкалық жетекші. Жұбайы қаладағы ем­хана­лардың бірінде медбике. Ата-анасы ауылда тұрады. 

Ермек дәл осылай туған екен. Дертіне шипа іздеген ата-анасына дәрігерлер «Ота жасалса, көр­сет­кіш 50/50 болады. Отадан соң бала толық жазылып, аяқтан тұрады немесе осы күніне де зар болып қала­сыздар, жұлынға тиіп кетсе, аяқ-қолы түгел істен шығады» депті. Одан кейін әке-шешесі батыл шешім қабылдауға батпаған. «Бір жағынан ата-анамның тәуе­келге бармағанына да қуанамын. Кім біледі, мүмкін бұл жетістіктерге жетпек түгілі өз қолыммен тамақ жеуім мұң болатын шығар. Қазір осы күніме мың да бір шүкіршілік етемін», – дейді Ермек бізбен әңгімесінде. 

Сонымен, Ермек Көксәйек ауылындағы тірек-қимыл аппа­раты бұзылған балаларға арналған негізгі арнаулы мектеп-интер­натын­да 9- сыныпқа дейін білім алған. 2007 жылы осы мектепті бітіріп шығады. Алғашында үлкен өмірге қалай қадам басарын білмей абдырағаны рас. Бір жылдан кейін еңсе тіктеп, айналасына зер салып, оңалту орталықтарына келеді. Кейін бағдарламашы мамандығы бойынша колледжде, одан соң жоғары оқу орнында білімін жал­ғас­тырады. Осылайша, 2015 жылы Шымкент қаласындағы №5 арнау­лы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жұмысқа орналасады. «Мұнда 1-2-топтағы мүгедектігі бар жандар 27 күн болып кетеді. Қасымдағы Мәдина есімді қыз екеуміз концерттік бағдарламалар қойып, олардың көңіл күйін көте­ру үшін түрлі шара ұйымдас­тыра­мыз. Іс-шараларға олардың өзде­рін де тартып, белсенділіктерін арт­тырамыз», – дейді ол. 

Жалпы, Ермек спортпен кіш­кен­тайынан айналысқан екен. Мек­тепте жүргенде де арбамен жа­ры­сып, турникке тартылып, қатарластарымен күш сынасқан. Кейін 2008 жылы оңалту орталық­тарына қызмет алушы болып келіп жүргенінде Арыстан  Орынбаев есімді жаттықтыру­шы­мен таны­сады. Ол мұны спортқа шақырып, жеңіл атлетика туралы айтады. Жаттықтырушыдан арбамен 100-400 метрлік жарыстар туралы есті­ген Ермектің спортқа қызығушы­лығы артады. Осылайша, Арыстан жеткіншекті спортқа баулыды.  Бір жылдан соң Ермек жеңіл атлетика бойынша спартакиадаға қатыса бастады. Бірнеше жарыста жеңіс тұғырынан көрінген.  2011 жылы  Шымкент қаласында өткен пара­лим­пиада кезінде өзін жақсы көр­сеткен ол Дубайға жолдама алады. Өкінішке қарай, онда ешқандай орынға ие бола алмай сағы сынады. 

«Жеңіл атлетика мен үшін өте қиын болды. Бекітілген стандарт талаптарына жете алмадым.  4 жыл бойы тек Қазақстан ішіндегі жа­рыс­тарға барып жүрдім. Дубай менің сағымды сындырғанымен, шетелге шығуға деген қызығушы­лығымды оятты. Бар ойым шетелге шығу болды. Осы жылдар ішінде халықаралық сайыстарға қалай, қандай спорттың түрімен барсам болады деген ой мазалап жүрді. Осы­лай жүргенде 2015 жылы қа­зір­гі жаттықтырушым Дария Жұ­ма­ділаевамен таныстым. Спорттық балл биі бойынша жаттығуды бастап кеттік» – дейді  өзінің биге қалай келгенін еске түсірген ол. 

2016 жылы алғаш рет Қара­ған­ды қаласындағы чемпионат­тарға қатысып, жүлделі оралады. Сол жыл­дың аяғында Қытайдағы Тай­вань провинциясында өткен Азия чем­пионатына қатысып, бірінші орын­ды иеленіп келді. Бұл  Ермек Жо­рабекұлының шабытына ша­быт қосқан жүлде болды. Түрлі тур­нирге қатысып, 2017 жылы Бель­гияда өтетін әлем чемпио­на­тына жолдама алды.  Өкініштісі, алғашқы әлем чемпионаты сәтсіз болды. Кейін 2019 жылы Германия­ның Бонн қаласында өткен әлем чемпионатынан ІІІ орынды енші­леп келді. Міне, пандемиядан кейінгі үзілістен соң қайтадан тур­нир­лерде бой көрсете бастады. Ер­мек жылдың соңында өтетін әлем чемпионатына қызу дайында­лып жатыр. Оның қайда, қашан өтетіні тамыз айында Жапония қаласында болатын  турнирде белгілі болуы мүмкін. Жуырда Голландияға барып келді. Жалпы,  Италия, Швеция, Қытай, Ресей сынды алып мемлекеттерде болып, өзінің әу бастағы шетелдерді көру мақсатына жетіп,  жеңістің дәмін сезіне бастаған ол енді тек  еліміз­дің көк Туын әлемнің көгінде жел­біретудің жолында аянбай тер төгіп жүр. 

Бүгінде уақытының басым бөлігін жұмыстан соң және сенбі, жексенбі күндері жаттығу залда­рында өткізеді. Ермек чемпионат­тарда 5 түрлі би бойынша бәсекеге түсетінін айтады. Бірі жеке би болса, тағы біреуі қоларбадағы сыңа­ры­мен және жүре алатын сыңармен билеу түрлері бар. Ермек қоларбада шымкенттік Айдана Мұхановамен билейді.  Ал жүре алатын сыңары – алматылық  Күл­шім Аталықова. Оларды турнирлер мен чемпионаттарға  Астана қала­сындағы Заманауи және спорттық би федерациясы алып барады. 

Бүгінде жастар арасында мұндай биге қызығушылардың қатары көбейіп келеді екен. Ермек  әлемдегі өзіне мықты бәсекелес­ерді атап өтті. «Украина, Ресей және Филиппин қоларба бишілері нағыз бәсекелесім болып тұр. Қанша дегенмен қазақтың қанын­да ұяңдық бар ғой. Біз өзімізді толық аша алмай қаламыз. Ал ба­тыс елдерінің азаматтары өзін ер­кін ұстап, жан-жақты ашыла түсе­ді. Ер жігіттері тіпті мықты билей­тін қыздардан екі есе жақсы билей­ді деп айтар едім. Әзірге қарсылас­тарым осылар болып тұр. Дегенмен әзірге дайындықты күшейтіп жатырмын», – дейді көзінде от жалындап тұрған Ермек. 

Біз одан өзін мазалайтын мәсе­ле жөнінде де сұрадық. Ермек Шым­кент қаласында бір бөлмелі қызметтік пәтерде отбасымен тұ­ра­ды екен. Оны да шаңырақ кө­термей тұрғанда басшылардың алдына кіріп жүріп алыпты. Енді жұбайы, қызы бар ол бір бөлменің тарлық ететінін, оны кеңейтіп беруді сұрап талай есікті тоздыр­ғанын жасырмады. Ал үй кезегінде 3 700-ші болып тұр екен. Шым­кент­те жыл сайын мұндай санат­тағы азаматтарға ары кетсе 30-40 үйден беретінін ескерсек, мына кезек­тің қашан келетіні тағы бел­гісіз. Арбаға таңылса да, өзін же­тіл­діріп, көк байрағымызды әлем­нің көгінде желбіретіп жүрген аза­маттың отбасын кеңейтуіне жағ­дай жасау билікте отырған азаматтарымызға сын  болса керек. Одан бөлек, мүгедектігі бар жан­дар­ға арналған «Инватакси» қыз­меті де жыл басынан бері ұшты-күйлі жоғалған. Ермек жұмысына 1 000 теңгемен такси жалдап келіп, дәл сондай қаржымен кешке үйіне қайтады. Жаттығу залдарына соға­тыны тағы бар. «Шымкентте біз сияқты жандарға қоғамдық кө­лік­пен жүруге мүмкіндік қарас­тырыл­маған. Мәселен, Алматы мен Ас­та­на қаласында қоғамдық көлікпен еркін жүремін. Өзіме қажетті авто­бустарға қол көтерсем, мені көріп, автобусын қоларбаға ыңғай­лап қояды. Ал бізде жүргізу­ші де, бақылаушы да  ала кеткісі кел­мейді. Көлікті ыңғайлап қой­май­ды. Жетем дегенше жүріп кетеді. Жақтырмай сөйлегенін де естіп қалған кездерім болған», – деп ренішін білдірді ол. 

Қалай болғанда да, өмірінің мәнін биден тапқан жігіт мұндай мәселелерді  ұсақ-түйек деп қабыл­дайды. Алайда тұрмыстық мәселе­ден де қашып құтыла алмайсың.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы