Rolls-Royce Айда ядролық реактор салады

Rolls-Royce Айда ядролық реактор салады

Ұлыбританияның ғарыш агенттігі Ай бетінде адамдар тұратын аванпостарда орнатылатын ядролық реактор жасау үшін Rolls-Royce компаниясына тапсырыс берді. Сомасы 2,9 миллион фунт стерлинг (3,5 миллион доллар) болатын келісімшарт бойынша компания 2029 жылға қарай Айда жұмыс істейтін ядролық реактордың демонстрациялық модулін жасауы тиіс. Бұл туралы Ұлыбритания Үкіметінің хабарламасына сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды. [caption id="attachment_245912" align="aligncenter" > Фото Rolls-Royce сайтынан алынды[/caption] Жерге жақын орбиталарда ұшып жүрген ғарыш аппараттарының көпшілігі күн батареяларымен жұмыс істейді. Ал Айда 14 Жер күніне созылатын түндер бар және температура -183°C дейін төмендейді, бұл батареялар мен нәзік электроникаға қатты зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан  Айға қонып ұзақ уақыт жұмыс істейтін аппараттарға баламалы қуат көзі қажет.

Болашақ ғарышкерлердің Айда ұзақ уақыт тұрып жұмыс істеуі үшін үлкен объектілер көп энергия тұтынады. Инженерлер бұл проблеманы шешуде Айдағы жағдайға бейімделген ядролық реакторларды қолдануды ұсынуда.
Rolls-Royce былтырдан бері Ұлыбританияның ғарыш агенттігімен зерттеу келісімшартын жасап, микрореактор бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр. Жаңа модульдік реактор Оксфорд, Бангор және Брайтон университеттерімен бірлесіп әзірленеді. Бағдарламада реакторды жасау, реактор шығаратын жылуды тасымалдау және оны пайдалы электр энергиясына айналдыру технологиясы да қамтылмақ. Rolls-Royce инженерлері бұл технология жер бетінде де қолданылуы мүмкін деп санайды. [caption id="attachment_245911" align="aligncenter" > Фото Rolls-Royce сайтынан алынды[/caption]
«Ұлыбритания ғарыш агенттігінің қаржыландыруы Rolls-Royce микрореактор бағдарламасы үшін маңызды», – дейді Rolls-Royce-тің бағдарламалар директоры Аби Клейтон. – «Біз Ұлыбританияның ғарыштық жаңалықтары мен тәжірибесінің үздіктерін көрсету үшін Ұлыбританияның ғарыш агенттігімен және Ұлыбританияның академиялық институттарымен серіктес болғанымызды мақтан тұтамыз».
Ұлыбритания ғарыш агенттігінің Бас атқарушы директоры Пол Бейт «Rolls-Royce-тың бұл инновациялық зерттеулері адамның Айда тұрақты болуының негізін қалап, Ұлыбританияның ғарыш секторын кеңейтіп, жұмыс орындарын ашып көбірек инвестиция тартуы мүмкін» екенін айтқан.