Неміс ойшылы, ХХ ғасырдағы ірі философтардың бірі Мартин Хайдеггер «ұдайы уәдеге шабыттану сезімі» болатынын айтып кетті. Бұл тәсіл бүкіл әлемде, саясат сахнасында кеңінен қолданылады. Саясаткерлер, министрлер қаптатып уәде береді, жұртшылықты шабыттандырады, өзіне назар аудартады, саяси дивидендпен бедел жинайды, дегенмен оның орындалуына баса мән бермейді. 2021 жылы да биік лауазымды шенеуніктердің көптеген уәдесі орындалмады. Олар нені уәде етті?
Биыл ақталмаған ең үлкен үміт пандемиямен байланысты болды. Денсаулық сақтау министрлігі былтыр жаһандық індеттің алдағы 2021 жылдың ортасына таман аяқталатынын айтты. Алдымен 2020 жылғы көктемде Алматы қалалық СЭС департаментінің карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиялық қадағалау бөлімінің басшысы Саят Қауметбаев пандемияның бітетін мерзімін атады: «Вирус ультракүлгін сәулеге төтеп бере алмайтындықтан, күн нұрын мол төге бастайтын мамырда эпидемия аяқталады». Әрине, бұл байлам қате болып шықты.
Артынша ДСМ пандемияның аяқталу мерзімін 2021 жылға жылжытты. Бұл ретте вирустың ешқайда кетпейтіні, ол адамдар арасында айналымда қалатыны, бірақ оның қауқары тұмаудай ғана болатыны айтылды. Халықты осылай үміттендірген Денсаулық сақтау ведомствосы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенген-тін. Кезінде COVID-19 індеті жайылатынын алдын ала дәл болжаған инфекционист-сарапшы Майкл Остерхольм де 2020 жылғы наурызда пандемияның жарты жылға созылатынын мәлім етіп еді.
ДСМ шенеуніктердің сөзін уәдедей қабылдаған қазақстандықтар 2021 жылы карантин шаралары тоқтатылады, барлық шектеу алып тасталады деп сенді. Олай болмады. Барлық карантин шектеулері келесі 2022 жылға ұзартылып отыр. КВИ тұмау сияқты болады деген сөз де жалған болып шықты. COVID-19 ары қарай мутацияланып, жаңа штамдары әлемге кең таралуда. Германияның иммунология қоғамының бас хатшысы Карстен Ватцльдің пікірінше, «омикрон» штамы иммун тапшылығы инфекциясы (ВИЧ) бар сырқаттан тарауы ықтимал.
Үкіметтің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бұл уәдесі ел Үкіметінің 2021 жылғы 23 ақпандағы №90 қаулысымен бекітілді. Экономикаға жауапты осы «үштік» жыл басында «2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімді» бекітті, оны іске асыру жөніндегі Жол картасын мақұлдады.
«Келісімді іске асыру шеңберінде мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарлануда: 2021 жылғы инфляция: 4-6%» делінген құжатта. Ақыры не болды? Қазақстанда биылғы қараша айының қорытындысында жылдық инфляция 8,7%-ға жетті. Бұл – белгіленген межеден екі есе көп!
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстанда инфляция соңғы 4 жылдағы рекордқа жетті. Бұған азық-түлік тауарларының, соның ішінде көкөністердің де бұрын-соңды болмаған көлемде қымбаттауы ықпал етіпті. Сондай-ақ жанар-жағармай бағасының, электр қуаты, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі қосылып, нарықтағы баға құнсыздануына серпін берді. Үкіметке тамыз айында шұғыл инфляцияға қарсы шаралар қабылдауға тура келді. Бұл азық-түлік бағасын құрықтауға мүмкіндік берді. Бірақ инфляция бәрібір рекордтық деңгейде қалды. Үкімет те, Ұлттық банк те уәдесінде тұрмады.
Мектептердің даладағы дәретханасы жойылады
Екі жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қазақстандық мектептердің «дәретхана мәселесін» 2021 жылы толық шешуге уәде етті. Бұрыннан бар бұл проблемаға білім саласының шенділері тек трагедиядан кейін назар аударды: 2019 жылғы қарашада Тараздағы мектепте, сабақ уақытында 7-сыныптың 12 жасар оқушы қызын даладағы дәретханада зорлап кеткен. Бұл масқара оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Содан 2019 жылы БҒМ елдегі 6 971 орта білім ордасына мониторинг пен тексеріс жүргізді. 2 700-ден астам мектепте оқушылары даладағы дәретханаға жүгіруге мәжбүр екені анықталды. Министрлік олардан арылу процесін екі жыл ішінде, 2021 жылғы қыркүйекке дейін аяқтауға сөз берді. Яғни, осы кезеңде барлық орта білім беру ұйымында ғимарат ішіндегі жылы дәретханалар салынуы тиіс еді.
Алайда БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, 2021 жылғы тексеру барысында 245 мектепте «ескі форматтағы» дәретханалар сол бойы сақталып қалғаны мәлім болды. Сорақысы сол, комитет басшысының айтуынша, ескі дәретханаларды «жыныс белгісі бойынша бөлуге қатысты проблема бары» әшкереленген: кей жерде сырттағы дәретхананы ұл мен қыз балалар кезек-кезекпен пайдалануға мәжбүр.
Ел ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығына аяқ басса да, шенеуніктер бұл проблеманы шеше алмады. Рас, мектептердің 195-інде жылы туалет орнату жұмыстары аяқталып қалған. Қалғанында – Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында бұл жұмыстар аяғына дейін жеткізілмепті. Сол себепті БҒМ осы өңір әкімдіктеріне тапсырманы орындамаған тұлғаларға шара қабылдау туралы хат жолдады. Мұның сыртында 197 мектепте дәретханаларды су және кәріз құбырларына қосуда қиындық болған. Бұл мәселелердің қаншалықты шешілгені алда белгілі болады.
Шикізаттық емес экспорт 29 млрд $ жетеді
Үкімет биылғы жыл басында «2021 жылы тауарлар мен қызметтердің шикізаттан тыс экспортының көлемін 29,2 млрд долларға» жеткізуге уәде етті. Бұл ел экономикасын мұнайға тәуелділіктен құтқару үшін керек.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2021 жылдың 10 айында шикізаттық емес тауарлардың экспорты 15,9 млрд долларды ғана құрады. Ал қызметтер экспорты 2,7 млрд доллар болған.
Министрдің мәліметінше, шетелде қазақстандық тұз, ұн, ет, дайын өнімдер, макарон, консерві, бал, өсімдік майы және құрғақ сүт танымал. Сондай-ақ машина жасау, металлургия өнімдері, ІТ қызметтер де жаһандық нарықта сұранысқа ие.
Дәрігерлерге үстемеақы желтоқсанда беріледі
Пандемияның аяқталмағанына қарамастан, Қазақстан коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандарға берілетін үстемеақыны биылғы қыркүйекте жойды. ДСМ оның орнына жаңа үстемеақы түрі енгізілетінін хабарлады.
Отставкаға кетерінің алдында, Мәжілістің жалпы отырысында баяндама жасаған ведомство басшысы Алексей Цой осы желтоқсан айында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа үстемеақылар бойынша бұйрықты жария етуге уәде берді.
«Президент медқызметкерлерге төлемдерді тұрақты шараға айналдыруды тапсырды. Ол қауіпті аймақта жұмыс істейтін дәрігерлер санатына төленеді. Бұл енді коронавируспен тікелей байланысты болмайды. Менингит, конго-қырым қанды безгегі секілді инфекция жұқтырған сырқаттарды емдейтін мамандар да алуы мүмкін. Инфекциялық дерттер ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Көптеген індет коронавирусқа қарағанда қауіпті. Үстемеақыларға қатысты министрліктің тиісті бұйрығы желтоқсанда дайын болады», – деп сөз берді А.Цой.
Жалпы, үстемеақыны төлеу биылғы желтоқсанда басталып кетуі тиіс еді. Ақ халаттылар маңызды құжатты әлі күнге күтіп отыр.
17 млн шаршы метр баспана салынады
Ел Үкіметі 2021 жылы Қазақстан бойынша жалпы көлемі 17 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызуға уәде еткен еді. Бұл Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу және 977 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасын жүзеге асыру үшін қажет болатын. Осы уәденің орындалуына күзде құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы кедергі келтірді.
«Биыл біз 17 миллион шаршы метр немесе 163 мың баспана салуымыз керек. Бірақ 26 желтоқсандағы алдын ала деректер бойынша, 16 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй ғана пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 12 өңірде артқан. Баспана халыққа қолжетімді болуы тиіс», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, тұрғын үй және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына жол бермеу үшін министрлік үш бағытта жұмыс істеп жатыр: құрылыс саласын цифрландыру, баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісін дамыту. Алайда елорданың өзінде біраз құрылыс алаңында жұмыс тоқтап, крандар қаңтарылып тұрғанын байқауға болады. Құрылыс материалдарының қымбатшылығы мен тапшылығы мәселесі шешілмесе, оның келесі жылғы Үкімет жоспарларына да кесірі тиюі мүмкін.
Министр салада шешімін таппаған проблема көп дейді: заңнамаға сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары шағым түспесе тексеруге бара алмайды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары объектілерді пайдалануға, қабылдауға қатыспайды. Бақылаудың әлсіздігінен құрылыс салушыларда немқұрайдылық байқалады және жаңа объектілер жаппай кемшіліктерімен қабылданады.
Жалпы, биыл мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да орындалмаған уәделер көбейгені байқалып отыр. Тауар жеткіземін, қызмет көрсетемін деп сөзінде тұрмаған кәсіпкерлерге – контрагенттерге қатысты жүздеген мың іс сотқа жетті. Азаматтарға «жиһаз жасап беремін», «жоғары жалақылы жұмысқа орналастырамын», «мемлекеттен үй, жер алып беремін» деп уәде беріп, алдап соққан алаяқтар көбейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биылғы қазанда «Лицензияланбаған қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімін» жариялады. Тізімге 121 субъект кірген, оның ішінде жұртшылыққа салған салымын еселеп өсіруге уәде етіп, мұзға отырғызған 56 пирамида, 65 лицензияланбаған инвестициялық делдал бар. Өтірік уәде мен көзбояушылық – ізгі бастамаларды құнсыздандырады, жауапсыздық пен былыққа өріс ашады, халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Ендеше озық елдер қатарына қосылу үшін жалған уәделерден құтылған, жоспарлау және болжам жасау сапасын арттырған абзал.