Тату көршілік құрметпен көркем

Тату көршілік құрметпен көркем
Тату көршілік құрметпен көркем

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстанға ресми сапармен барды. Көршідегі кездесулерге парламентаралық диалогты дамыту тақырыбы арқау болды. Екі елдің парламентші­лері арасындағы қатынастарды нығайту Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастықты барлық салада тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді.

Н.Нығматулин Ташкент қала­сында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Мәжіліс төрағасы Елбасы Н.Назарбаевтың ізгі сәлемін және игі тілектерін жеткізді.

–Қазақстанның Тұңғыш Президенті Өзбекстанға әрдайым зор мән-маңыз береді және екіжақты қарым-қатынасқа, ағайын өзбек халқына әрқашан ерекше ықылас білдіреді, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Мәжіліс делегациясы сапары­ның Өзбекстандағы Қазақстан жылын­да өтуінің символдық мәні бары­на назар аударылды. Бұл стра­тегиялық әріптестік пен тату көр­­ші­лік қарым-қатынастардың да­мып, нығайып келе жатқанын тағы бір рет дәлелдей түсті. Бүгін­де біз­дің ел Өзбекстанның сырт­қы сау­да серіктестерінің үшті­гіне кіреді.

Қазақстан мен Өзбекстан көш­басшылары арасындағы бар­лық стратегиялық уағда­лас­тық­қа заңнамалық қолдау көрсетуге Парламент өкілдері төл үлестерін қосып, екі ел арасындағы ықпал­дастықты тереңдетуге ықпал ететін болады.

Осы уағдаластықтар Мәжіліс төрағасының Өзбекстанның Олий Мажлисі заңӊ шығару пала­тасы­ның спикері Нурдинжон Исмои­лов­­пен және Олий Мажлисі Сенат төра­ға­сы Ниг­ма­тилла Юлдашев­пен келіс­­­сөз­дер жүргізу кезінде тілге тиек етілді. Тараптар парла­мент­­тердің тиісті салалық коми­тет­­тері, фракциялар және партия­лар арасындағы диалогты нығай­ту­ға, ынтымақ­тас­тық тобының әле­уетін белсенді пайдалануға ке­ліс­ті.

Сонымен қатар Нұрлан Зайрол­лаұлы өзбекстандық әріп­тесін биылғы 23-24 қыр­күйекте Нұр-Сұлтан қаласында, «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серік­тес­тік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері төра­ғаларының IV кеңесіне қаты­суға шақырды. Оның айтуын­ша, форумға Өзбекстан парламент­ші­ле­рінің қатысуы екіжақты ынты­мақтастықтың жоғары деңгейін кезекті рет паш етпек.

Мәжіліс басшысы ресми сапа­ры барысына Шетелдік ел­дермен этносаралық және дос­тық қарым-қатынастар комитетінде бірқатар кездесу өткізіп, Өзбек­стан­дағы қазақ ұлттық орталы­ғының өкілдерімен жүздесті.

– Мемлекет басшысымен, депу­таттармен, тұрғындармен бол­сын – осы бауырлас елде өт­кен барлық кездесуде біз Өзбек­стан халқының Елбасы Н.Назарбаев­қа деген ерекше көзқа­ра­сын, зор құрметін аңғардық. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлының және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев­тің салиқалы саясаты­ның арқасында қазақ-өзбек ынтымақтастығы саяси, экономи­ка, мәдени-гуманитар­лық және өзге салаларда, барлық жағынан қарқынды өркендеп келе жатыр. Парламенттік байла­ныстар да мүлдем жаңа деңгейге шығуда. Осы ынтымақтастықты одан ары нығайту мақсатында өзбек­стандық әріптестерімізбен нақты келісімдерге қол жеткіздік, – деді ресми сапарын қорытынды­ла­ған Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин.