Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әкімшілік қамау мерзімін өтеп, бостандыққа шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасын жаңартып, жұбайымен бірге түскен алғашқы суретін жариялады.
Еске салайық, осы айдың басында Елеусінов мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен ұсталған болатын. БАҚ мәліметінше, ол жол-көлік оқиғасына қатысып, кейін оқиға орнын тастап кеткен.
Сот шешімімен спортшы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Оқиғадан кейін Данияр Елеусінов бір жылдан астам уақыт ресми жекпе-жек өткізбегені үшін BoxRec рейтингінен де шығарылды.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы және кәсіпқой бокста әлі күнге дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған боксшы.