Бақты – жаңа транзит қақпасы

Қазақстан кейінгі жылдары өзін Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік мемлекеттердің біріне айналдыруды стратегиялық басымдық ретінде айқындап келеді. Геосаяси ахуалдың өзгеруі, халықаралық сауда бағыттарының қайта құрылуы және Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызының артуы бұл міндеттің өзектілігін бұрынғыдан да күшейтті.

 Осындай жағдайда Абай облысының Мақаншы ауданындағы Бақты ауылында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысының басталуы – еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Жобаның іргетасын қалау рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Port Baqty ЖШС құрылтайшысы Қайрат Итемгенов қатысты. Облыс әкімі бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттермен толық үндесетінін атап өтті.

– Бақты құрғақ порты – жай ғана инфра­құрылымдық жоба емес. Бұл – халық­аралық сауда, көлік және логистика салаларын тоғыстыратын жаңа даму нүктесі. Жоба ин­вес­тиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және шекара маңы аумақтарының әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуына серпін береді, – деді Берік Уәли.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы негізгі теміржол тасымалы Достық пен Қор­ғас шекаралық өткелдері арқылы жүзеге асырылады. Алайда соңғы жылдары жүк көлемінің күрт артуы қолданыстағы инфра­құрылымға қосымша жүктеме түсіріп отыр. О­сыған байланысты жаңа логистикалық шешімдердің қажеттілігі айқын сезілуде. Осы тұрғыдан алғанда, Бақтыдағы мульти­модальды құрғақ порт Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі ретінде ерекше маңызға ие. Жоба іске асқаннан кейін шекараның өткізу қабілеті жылына қосымша 20-25 миллион тоннаға дейін ұлғайып, Достық пен Қорғас бағыт­тарының жүктемесі азаяды. Нәтижесінде халықаралық жүк тасымалының тиімділігі артып, Азия мен Еуропаны байланыс­тыратын негізгі транзиттік бағыттардың бірі ретінде Қазақстанның рөлі күшейе түспек.

Жоба 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылады. Қазір Мақаншы ауданының Бақты ауылдық округінен 150 гектар жер телімі бөлініп, жобалау және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Алғашқы кезеңде жобаға 210 миллион АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қаржы халық­аралық стандарттарға сай логистикалық кешен қалыптастыруға бағытталады. Оның құрамында контейнерлік және астық терминалдары, кедендік аймақ, қойма кешендері, автокөлік терминалы, сервистік орталықтар және жалпы ауданы 50 мың шаршы метрге дейінгі бондтық қоймалар салынады. Терминалдың жобалық қуаты жылына 1 миллион контейнерді құрайды.

Бұл көрсеткіштер Бақтыны шекаралық өткел ғана емес, халықаралық деңгейдегі мультимодальды логистикалық орталық­тардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Жобада өндірістік инфрақұрылыммен қатар қызметкерлердің әлеуметтік жағдай­ына да ерекше назар аударылған. Кешен аумағында вахталық және шақыр­ылған мамандарға арналған 200 орындық қонақүй салынады. Онда асхана, кір жуу орны, спорт залы және тәулік бойы жұмыс істей­тін медициналық пункт қарастырылған. Мұндай шешім халықаралық өндірістік тәжірибеге сай келіп, еңбек өнімділігі мен кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаның әлеуметтік-экономикалық әсері де ауқымды. Құрылыс кезеңінде 800-1200 адам жұмыспен қамтылса, алғаш­қы кезеңнің өзінде 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешен толық іске қосыл­ған­нан кейін тұрақты жұмыспен қамтыла­тындар саны 500-1000 адамға дейін жетеді. Сонымен қатар көлік, қойма қызметі, сауда, қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі мен сервистік қызметтердің дамуы нәти­же­сінде ауданда қосымша 1500-2000 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл  Мақаншы ауданы үшін ғана емес, жалпы Абай облы­сы­ның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды жоба болмақ.

Бақты құрғақ порты – өңірдегі инвес­тициялық саясаттың ең ірі бастамаларының бірі. Жалпы, 2026 жылы Абай облысында жалпы құны 131,2 миллиард теңгені құрай­тын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 3 263 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжыл­дығында жалпы құны 34,62 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба пайдалануға беріліп, 598 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл өңірдегі инвестициялық белсенділіктің тұрақты екенін және мем­лекеттік қолдау мен жеке капиталдың тиім­ді үйлесім тапқанын көрсетеді.

Соңғы жылдары Транскаспий халық­аралық көлік бағытына әлемдік қызығу­шылық айтарлықтай артты. Еуропа мен Азия арасындағы балама дәліздердің маң­ызы күшейген кезеңде Қазақстанның географиялық орналасуы ел үшін үлкен стратегиялық мүмкіндікке айналып отыр. Бақты құрғақ порты осы артықшылықты тиімді пайдалануға бағытталған жобалардың бірі. Ол халықаралық транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, экспорт көлемінің ұлғаюына, жаңа өндіріс­тердің қалыптасуына және өңірге инвес­тиция тартуға серпін береді.

Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы