Жаңа буын бәсекесі басталды

Технология өмірімізге тереңдеп енген сайын бәсекенің де сипаты мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүгінде спорт физикалық текетіреспен шектелмей, цифрлық кеңістікпен тұтасып, мультиспорттық сипат алды.Осының тағы бір айғағы кеше Астана төрінде халықаралық «Болашақ ойындары–2026» турнирі басталды.

 Дәстүрлі спортты киберспортпен және заманауи технологиялармен ұштастырған   ауқымды дода 9 тамызға дейін жалғасады. Әлемнің кіл жүйріктері жиналған бұл дода жаңа дәуірдің жаңа чемпиондары мен цифрлық дәуірдегі спорттың жаңа философиясын танытатыны сөзсіз.

«Болашақ ойындары» – жанкүйерлер үй­рен­ген қалыпты жарыстардан өзгеше сайыс. Мұнда спортшының алаңдағы шеберлігінен бөлек, цифр­лық кеңістіктегі ептілігі мен ойлау жылдамдығы да сыналады. Мәселен, фиджитал-баскетболда командалар алдымен ойын приставкасында кездесіп, кейін бәсекені нағыз баскетбол алаңында жалғастырады. Фиджитал-футболда да виртуалды матчтан кейін ойыншылар жасыл алаңға шығады. Екі кезеңде жиналған ұпайлар қосылып, жеңімпаз анықталады. Яғни бұл додада компьютер алдында жақсы ойнау жеткіліксіз. Қатысушы физикалық тұрғыдан да мықты, төзімді әрі шапшаң болуы керек. Сондықтан фиджитал-спортты виртуалды және шынайы әлемнің арасын жалғаған жаңа буын бәсекесі деуге болады.

Әлемнің таңдаулы командалары жиналды

Биылғы жарысқа ондаған мемлекеттен 800-ден астам спортшы келеді. Олар ұлттық құрамалар ретінде емес, халықаралық клубтар сапында өнер көрсетеді. Бір команданың құрамында әртүрлі елдің өкілі ойнауы мүмкін. Бұл – «Бола­шақ ойындарының» дәстүрлі халықаралық жарыстардан тағы бір айырмашылығы. Бағ­дарламаға сегіз негізгі бағыт енгізілген. Атап айтқанда, фиджитал-футбол, фиджитал-бас­кетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-би, фиджитал-шутер, Dota 2 ойыны бойынша MOBA PC, Mobile Legends: Bang Bang бойынша MOBA Mobile және PUBG: BATTLEGROUNDS негізіндегі корольдік шайқас бәсекелері ұйым­дас­тырылады.

Әлемдік киберспорт жанкүйерлеріне жақсы таныс Team Spirit, T1, Team Falcons, Xtreme Gaming, Vici Gaming, Aurora Gaming, The MongolZ және басқа да танымал клубтар Астанаға келді. Дәстүрлі спорттағы беделді атаулар да назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар қатарында Аргентинаның Boca Juniors және Испанияның Valencia Basket клубының өкілдері бар. Еліміз де жарыстың барлық сегіз бағытына қатысады. 

 «Болашақ ойындарының» тарихы тым тереңде жатқан жоқ. Алайда аз уақыттың ішінде бұл жоба әлемнің көптеген елін қамтыған ауқымды қозғалысқа айналды. Алғашқы ресми халықаралық турнир 2024 жылы Ресейдің Қазан қаласында өтті. Оған жүзден астам елден екі мыңнан аса спортшы қатысты. Жалпы жүлде қоры 10 миллион долларды құрады. Жарыс бағдарламасы цифрлық спорт, фиджитал-спорт және технологиялық сайыстардан тұрды. Қазан турнирі фиджитал ұғымын көпке кеңінен танытты. Оған дейін компьютерлік ойын мен дәстүрлі спорт бір-бірінен бөлек сала ретінде қабылданып келген еді. Ал жаңа формат ойыншының экран алдындағы шеберлігі мен алаңдағы мүмкіндігін бір жарыста салыстыруға болатынын көрсетті. Мәселен, футболшылар алдымен цифрлық ойында күш сынасып, артынша шағын футбол алаңында кездескен.

Баскетболшылар да виртуалды кезеңнен кейін допты қолына алып, нағыз паркетке шықты. Осындай алма-кезек сайыстар көрерменге де, қатысушыға да тосын әсер сыйлады. Қазақстандық спортшылар да алғашқы турнирден тыс қалған жоқ. PBC Astana клубы Қазанда фиджитал-баскетбол жарысында тәжірибе жинаса, XGoat командасы киберспорттық бағытта жеңімпаз атанды. Осы нәтижелер еліміздегі жаңа спорт саласының дамуына серпін берді. 

Абу-Дабидегі екінші белес

Екінші «Болашақ ойындары» былтыр желтоқсан аралығында Абу-Даби қаласында ұйымдастырылды. ADNEC ұлттық көрме орталығында өткен додаға 60-тан астам елден 850-ден аса қатысушы жиналды. Бұл жолы жарыс ауқымы кеңейіп, бағдарламаға 11 бағыт енгізілді. Фиджитал-футбол мен баскетболдан бөлек, дрон жарысы, роботтар шайқасы, виртуалды ойындар және басқа да технологиялық бәсекелер өткізілді. 

Ұйымдастырушылар ұсынған мәлімет бойын­ша, Абу-Даби ойындарының көрсетілімдері әлем бойынша 461 миллионнан астам рет қаралған. Бірегей көрермендер саны 137 миллионға жет­­кен. Көрсеткіштер фиджитал-спорттың ша­ғын тәжірибелік жоба шеңберінен шығып, халық­аралық аудиториясы қалыптасқан құбы­лысқа айналғанын көрсетті.

Қазақстандық PBC Astana клубы Абу-Дабидегі фиджитал-баскетбол бәсекесінде қола жүлде иеленді. Нәтиже елордалық команданың жаңа форматқа бейімделіп қоймай, әлемнің үздіктерімен тең дәрежеде ойнай алатынын дәлелдеді. 

Жаңа спорттың жаңа кейіпкерлері

Астанаға келген спортшылардың көңіл күйі де ерекше. Беларусьтің Minsk командасының өкілі Тимофей Поролёв олардың сегіз ұжым қатысқан іріктеу сынынан өтіп келгенін айтты.

– Астана бізді жылы қарсы алды. Біздің елде фиджитал-баскетбол енді дамып келеді. Бұл спорттың мүмкіндігі жыл өткен сайын арта түсетініне сенеміз, – деді ол.

Оның сөзінен жаңа спорттың басты ерекшелігі байқалады. Фиджитал әзірге көптеген елде қалып­тасу кезеңінде тұр. Бір жерде арнайы клубтар ашылып жатса, енді бір мемлекеттерде ұлттық іріктеу жарыстары ұйымдастырыла бастаған. Соған қарамастан, спортшылар арасындағы бәсеке қазірдің өзінде жоғары. Қазақстандық командалар да өз алаңында өнер көрсетудің жауапкершілігін сезінеді. PBC Astana дәстүрлі баскетболдағы тәжірибесін цифрлық кезеңмен ұштастыруға тырысса, Rune Eaters, DIGA Esports, NOVAQ және TeamKZ секілді ұжымдар халықаралық киберспорт ареналарында жинаған тәжірибесіне сенім артады.

Фиджитал-баскетболдағы тәртіп те қызық. Команданың екі ойыншысы алдымен Sony PlayStation арқылы сынға түседі. Белгіленген межеге дейін ұпай жинағаннан кейін сайыс алаңда жалғасады. Паркеттегі қысқа әрі жылдам ойын виртуалды кезеңде қалыптасқан есепті өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан соңғы секундқа дейін кімнің жеңетіні белгісіз болып тұрады. Жарыстың алғашқы күнінен бастап фиджитал-баскетбол шеберлері бәсекеге түседі. Бұл сайыс 3 тамызға дейін жалғасады. PUBG бойынша корольдік шайқас 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді. Dota 2 командалары 2-5 тамызда кездеседі. Фиджитал-футбол жарысы 4 тамызда басталып, турнирдің соңғы күніне дейін жалғасады. Фиджитал-шутер сайыстары 4-8 тамызға, мобильді MOBA бәсекесі 6-9 тамызға жоспарланған. Фиджитал-би шеберлері 6 және 7 тамызда өнер көрсетсе, жекпе-жек сайысы 8 тамызда ұйымдастырылады. 

Фиджитал-спортты тек компьютерлік ойын деп қарау дұрыс емес. Ол адамның ақыл-ой шап­шаңдығын, тактикалық қабілетін, дене да­йын­дығын және командамен әрекеттесу ше­берлігін қатар талап етеді. Виртуалды кезеңде ұт­қан команда шынайы алаңда басымдығынан айырылып қалуы мүмкін. Ал цифрлық бөлімде сәтсіз ойнаған спортшылар физикалық сайыста есепті өзгертуге мүмкіндік алады. Бұл формат қазіргі жас буынның өмір салтына да жақын. Бүгінгі жастар технологиядан алшақ емес. Сонымен бірге спортпен айналысуға, жарысуға және өзін жаңа қырынан көрсетуге ұмтылады. «Болашақ ойындары» осы екі қызығушылықты бір алаңда тоғыстырып отыр.

Phygital International ұйымының өкілі Джон Хьюитт фиджитал қозғалысы қазір әлемнің жүзден астам елінде дамып келе жатқанын айтқан еді. Оның пікірінше, бұл бағыттың келешегі физикалық және цифрлық дүниенің ең үздік мүмкіндіктерін біріктіруде жатыр. 

Алдағы он екі күнде елордадағы экрандарда да, алаңдарда да тартысты бәсеке жүреді. Бір жерде спортшы пернетақта мен тінтуірдің көмегімен шешуші қадам жасаса, келесі сәтте доп қуып, татамиге шығып немесе би алаңында шеберлігін көрсетеді.

Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры – 4 миллион 650 мың АҚШ доллары. Жарыстар елорданың төрт ірі нысанында өтеді. Олар – Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы және «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайы. 

 Бетті дайындаған Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ