Данияр Елеусіновтің әйелі екі адамды ұрып-соққаны үшін айыппұл арқалады

Тергеу мәліметінше, С. Елеусінова әйелдердің бірінің басы мен денесіне бірнеше рет соққы жасап, жанжалға араласқан екінші әйелге де күш қолданған.

Қарағанды қаласының соты Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайы Саида Елеусіноваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың 27 қаңтары күні кешке Саида Елеусінова атасына қатысты туындаған жанжалдың мән-жайын анықтау үшін жәбірленушілердің пәтеріне барған. Әңгіме барысында тұрмыстық кикілжің туындап, ол төбелеске ұласқан.

Тергеу мәліметінше, С. Елеусінова әйелдердің бірінің басы мен денесіне бірнеше рет соққы жасап, жанжалға араласқан екінші әйелге де күш қолданған. Сот-медициналық сараптама екі жәбірленушінің де беті, қолы мен білегінен дене жарақатын анықтаған.

Сот отырысында Саида Елеусінова өз кінәсін мойындамай, әрекетін өзін қорғаумен түсіндірді. Бірақ сот бұл уәжді қабылдамай, оның кінәсі сараптама қорытындылары, куәгерлердің айғақтары және өзге де дәлелдермен толық расталғанын мәлімдеді. Нәтижесінде сот Саида Елеусінованы ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Ұрып-соғу») бойынша кінәлі деп танып, 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Бұдан бөлек, сот үкіміне сәйкес, ол екі жәбірленушінің әрқайсысына 500 мың теңгеден моральдық өтемақы төлеуге, сондай-ақ 1 миллион теңге көлеміндегі адвокаттық шығынды өтеуге міндеттелді.