Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Омбы қаласында өтіп жатқан XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты.
Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналып отыр.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Ұлы Отан Соғысының ардагерлері, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаев туралы естеліктерді көздің қарашығындай сақтағаны үшін Ресей Президенті мен Омбы облысының басшылығына ризашылығын білдірді. Майдангер Кемел Тоқаев Екінші Беларусь майданының құрамында жүріп, Польша жерінде алған ауыр жарақатынан кейін осы қалада емделген еді.
Мемлекет басшысы өңірлердің іс жүзіндегі ықпалдастығы екіжақты күн тәртібінің мазмұнын байытып, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанын атап өтті.
– Бүгінгі таңда мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Ол – мемлекеттер басшыларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сондай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен Президент Владимир Путиннің биыл мамыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.