Алматының Түрксіб ауданында полицейлер есірткі сататын интернет-дүкенге бағыттайтын QR кодтары бар стикерлерді таратып жүрген ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аудандық полиция инспекторы әкімшілік аумақты патрульдеу кезінде күмән тудырған стикерлерді байқап, тексеру жүргізген. Тергеу барысында QR кодтары қолданушыларды есірткі сатумен айналысатын интернет-ресурсқа бағыттайтыны анықталды.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Ол – Талғар ауданында тұратын, жұмыссыз, 25 жастағы есірткіге тәуелді азамат. Ұстау кезінде одан таратуға дайындалған QR кодтары бар ондаған стикер тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Полиция тұрғындарды қырағы болуға шақырды. Егер көшелерден есірткіні насихаттайтын QR кодтары бар стикерлерді байқасаңыз, оларды мүмкіндігінше алып тастап немесе 102 нөміріне хабар беруді сұрайды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жойылған әрбір QR код заңсыз есірткі айналымының таралуына тосқауыл қоюға көмектеседі.