«2 жыл тойға бармай, ипотеканы жаптық»: қаржы сарапшысы тиімді тәсілді айтты

Сонымен қатар екі баласына қосымша капитал жинап, депозитке қаражат салған.

Қаржы сарапшысы Перизат Бауыржан «Ашық алаң» бағдарламасында той шығындарын уақытша қысқартудың отбасы бюджетіне тигізетін пайдасы туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның сөзінше, отбасы екі жыл бойы той-томалаққа барудан бас тартып, осы уақыт ішінде ипотекалық несиесін толық жапқан. Сонымен қатар екі баласына қосымша капитал жинап, депозитке қаражат салған.

«Отбасымызбен екі жыл бойы тойға бармадық. Соның нәтижесінде ипотекамызды жаптық, екі баламызға қосымша капитал жинадық. Қазір сол депозиттен ай сайын 250 мың теңге табыс түсіп отыр. Халықтың 52 пайызында несие бар. Егер отбасылар екі жыл бойы той шығындарын қысқартса, орта есеппен 15 млн теңге жинауға болады. Осындай қадамды 1000 отбасы жасаса, қарызы барлардың үлесі 52 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеуі мүмкін», – деді сарапшы.