Жобалар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайта жаңғырту барысында екі вокзалдың да шатыры ауыстырылып, ғимараттардың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары толық жүргізілді. Сонымен қатар су, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылып, вокзал маңындағы аумақ абаттандырылды. Сондай-ақ жолаушылар платформасы қайта жөнделді.
Вокзалдардың қасбеті талшықты цемент панельдерімен қапталып, ішкі әрлеуде отандық өндірістің ұзақ мерзімге шыдамды, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай әрі күтімі жеңіл материалдары пайдаланылды.
Жаңғырту барысында қауіпсіздік пен қолжетімділікке ерекше назар аударылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық шығу жолдары жасалып, Аршалы вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус орнатылды.
1945 жылы салынған Аршалы теміржол вокзалының аумағы 150 шаршы метрден 225,3 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Бұл станция арқылы Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларына және Ресей Федерациясына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.
Ал 1938 жылы пайдалануға берілген Сарыоба вокзалының аумағы 208,7 шаршы метрден 225,3 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Станция арқылы Астана, Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Семей және Түркістан бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы жүреді.
Жобаның нәтижесінде екі вокзал да қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жайлылық бойынша заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Бұл өңір тұрғындары мен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, сапар барысында қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.