Қоршаған ортаны таза ұстау – міндет

Алматы облысында әр апта сайын өтетін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше кездесу ұйымдастырылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев коммуналдық қызметкерлермен бірге жағажайды қоқыстан тазартып, кейін қарапайым жұмысшылармен таңғы ас үстінде әңгімелесті.

Қонаев қаласының тазалығына жауапты жұмысшылар үшін бұл күт­пеген кездесу болды. Таңмен тала­са тұрып, көше сыпыруға шыға­тын ком­муналдық қызмет мамандары өңір басшысымен бірге тазалық жұмыс­тарын жүргізді. Тіпті, көкейдегі сұрақ­тарын қойып, еркін пікір алмасты.

Әкім еңбек адамдарының күнде­лікті тіршілігіне, жұмыс жағдайына, мамандықтың қиындығына және тұрғындардың тазалық мәдениетіне қатысты ойын тыңдады. Ресми жиын­дардағыдай емес, ашық форматтағы әңгімеде жұмысшылар өз ұсыныстары мен мәселелерін бүкпесіз жеткізді.

Тазалық жұмыстары аяқталған соң кездесу ақ дастарқан басында жалғас­ты. Таңғы ас үстінде әңгіме тек комму­налдық сала төңірегінде өрбіген жоқ. Қатысушылар өңірдің дамуы, көше­лердің тазалығы, отбасы, бала тәрбие­сі, күнделікті өмір мен еңбек адам­дары­ның қоғамдағы орны туралы да ой алмасты.

Коммуналдық қызметкерлер мұн­дай кездесуден ерекше әсер алғанын жасырмады. Олар қарапайым жұмыс­шыларға көңіл бөліп, уақыт тапқан облыс басшысына ризашылықтарын білдірді.

Кездесу соңында коммуналдық қыз­меткерлерге естелік сыйлықтар табысталып, көше тазалығына жауап­ты жұмысшыларға әкім алғыс айтты.

«Өңірдің таза әрі жайлы болуы – сіздердің күн сайын атқарып жүрген жауапты қызметтеріңіздің нәтижесі. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы еліміздің Конституциясында белгіл­енген негізгі қағидаттың бірі. Қор-шаған ортаны, туған жерімізді таза ұстау – баршамыздың міндетіміз. Осы мақсатта атқарып жүрген еңбек­теріңіз үшін Сіздерге шынайы алғыс­ымды білдіремін», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Алматы облысында әр апта сайын «Таза бейсенбі» шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оған тұрғындар, бизнес өкілдері, жастар, қоғам белсенділері мен мем­лекеттік мекеме қызметкерлері қаты­суда. Ал еңбек адамдарының қоғам­дағы мәртебесін арттыру, экологиялық мәдениетті нығайту және жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған бүгінгідей кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл коммунал­дық сала қызметкер­лерінің ұсыныс­тары мен мәселелерін тікелей тыңдап, олардың еңбегіне құрмет көрсетуге мүмкіндік береді.