Данияр Сугралинов: Бүгінгі жазушы қаламгер ғана емес, кәсіпкер

Кітаптарын сатып байыған қазақ жазушысын білесіз бе? Әлем әдебиеті нарығына оп-оңай еніп, бүгінде Amazon платформасындағы фантастика жанры бойынша үздіктер қатарына енген қазақ жігіті бар. Ол – Данияр Сугралинов. Оның есімі әлемге танылып қана қойған жоқ, әрі табысты кәсіпкерге айналды.

 Бірде Америкада, бірде Қазақстанда өмір сүретін жазушының бүгінгі әдебиет туралы ойлары бөлек. Ол жазушылықты жазу ғана деп түсінбейді, мұның кәсіп екенін бағамдап үлгерген. Бүгінгі қазақ жазушыларына да ең қажеті маркетинг екенін өз ісімен дәлелдеп жүр.

– Сіз әдебиетке интернет, блог арқы­лы келген авторсыз. Оқырманның жүрегін қалай жауладыңыз? 

– Бұл тұрғыда жолым болды деп айтсам да болады. 2003 жылы әдеби сайттардың біріне әңгімемді жібердім. Сайт редакторына қатты ұнаса керек, бірден жариялап жіберді. Сол алғашқы туындымды оқып, пікір айтқан оқырман көп болды. Кейін «Кирпичи» повесімде де осындай жағдай қайталанды. Алғаш­қы тараулары жариялана бастаған сәт­тен-ақ оқырман іліп әкетті. Ғаламторда таралымы көбейіп, оқырмандар өздері бір-біріне жіберіп, форумдар мен тегін электронды кітапханаларға жариялай бастады. Ең қызығы сол, ешқандай бас­па­ның көмегінсіз, ешқандай жарна­ма жасалмай-ақ шығарманы үш миллион­нан астам адам оқыды. Егер шығарма оқырманды бірден баурап алса, онда оның жолы болғаны, ал оқыған адам оны өзгелерге жарнамалай бастайды. 

 «Литнет» порталына Level Up рома­ны­ның бірнеше тарауын жариялаған кезде бұған тағы бір көзім жетті. Осыдан кейін әлі жазылып бітпеген кітапты басып шығару жөнінде бірден «АСТ» және «Эксмо» баспаларынан екі ұсыныс түсті. Одан кейін шетелдік баспагерден шығарманы ағылшын тілінде Amazon платформасында жариялау туралы ұсыныс түсті. Осылай бірте-бірте шы­ғар­ма­ның да өрісі кеңейе бастады. 

– «Кирпичи» шығармасы кезінде интер­н­етте көп тарағаны рас. Сіздің та­ны­малдылығыңызға да осы шығарма­ның әсері тигені анық. Бұдан кейін өміріңіз қалай өзгерді?

– Міне, жиырма жылдан бері адам­дар маған «Кирпичи» шығармасын оқығаннан кейін спортпен айналыса баста­ғанын, ата-анасымен татулас­қа­нын, жұмысын ауыстырғанын, денсау­лы­ғына көңіл бөле бастағанын жазып келеді. Өз шығармаңның біреудің өмі- р­ін өзгерткенін білгенде, енді тек өзің үшін ғана жазбайтыныңды түсінесің. 

Қай жанрда жазылса да, менің әр кітабымның негізгі өзегі – жақсылыққа үндеу. Танымалдықтың жауапкершілігі де болады екен. Бірақ сонымен бірге ол менің есімімді әйгілеп қоймай, еркін­дікті де берді. Ең алдымен, біреуге ұнау үшін жазу қажеттілігінен арылдым. Та­быс­ты автор өзі қалағанын жаза алады әрі сол еңбегі арқылы табыс табады. Ол баспаларға, мемлекетке немесе демеу­шілерге тәуелді болмайды.

Кейіпкердің ойыны

– Сіз IT саласының маманысыз. Бизнесі­ңіз де болды. Ал әдебиетке бет бұруыңыздың сыры неде? Ішкі қалауыңыз осылай болды ма?

– Жазуға деген ішкі қажеттілік мен­де әрдайым болды. «Кирпичи» повесін 2004 жылы, яғни IT саласындағы манса­бымды бастамай тұрып жаздым, ал әңгіме жазуды мектеп кезінен бастаған­мын. Алайда «Level Up. Рестарт» рома­нын жазғаннан кейін тек әдебиетпен айналысқым келетінін түсіндім. Содан бастап тәуекел деп, осы салаға дендеп бет бұра бастадым. Өзің білетін саладан алыстап әрі тұрақты табысыңды тастап, ешқандай кепілдік бермейтін кәсіпке бет бұру қорқыныш ұялататыны рас. Дегенмен менің мұндай қадамға бет бұруымның да себебі бар еді: ол кезде кітабымды «Эксмо» баспасы қабылдап қойған. Кейін романдарым Amazon АҚШ платформасындағы фантастика санатының үздік кітаптары қатарына енді. Бұл жетістіктер қанаттандыра түсті. Бойымдағы қорқынышты жеңіп, сенім пайда болды. Шынымды айтсам, бизнес­тегі әрі IT саласындағы тәжірибем де кәдеге жарады. Бүгінгі жазушы  тек қалам­гер ғана емес, кәсіпкер. Ол мұқаба дизай­нері де, пиар маманы да, сатушы да, өзіне-өзі басшы да болуы керек. Бір жағынан, қазір жазушы болу оңайырақ: шығармаңды жазасың, интернетке жария­лайсың, өзің басып шығарып, мар­кет- п­лейстерге орналастырасың. Екінші жағы­нан, осының бәрімен өзің айналыссаң, онда жазуыңды кім жазады деген сұрақ қылтияды?! 

–  LitRPG жанры – қазақ оқырманы үшін әлі де түсініксіздеу, тосындау. Бұл жанрдың басты артықшылығы неде деп ойлайсыз?

–  LitRPG – кейіпкердің өмірі ойын тәрізді құрылған әдеби жанр. Онда кейіп­кердің деңгейі, қабілетін ойын арқылы көрсетеді. Бұл жанрдың ерекшелігі – оқырманға түсінікті құрылуында. Ал шына­йы өмірде адам жылдар бойы еңбек етіп, оның қайтарымын көрмеуі мүмкін. LitRPG-де кейіпкер күш салса, жаңа дең­гейге көтеріле алады. Меніңше, мұндай кітаптарды оқыған адам күнделікті күйбең тіршіліктен, тұрмыстық мәселелерден, тіпті өмірдегі әділетсіздіктен бір сәт ары­лады. Ал бұл жанрдағы үздік шығарма­лар оқырманды ойландырып қана қоймай, өмірге көзқарасын өзгертіп, алға жете­лейді. Оның (оқырманның) өз өмірі де белгілі бір дәрежеде ойын секілді және онда да адам өзін дамытып, жаңа деңгейге көтеріле алады.

– Level Up, «Дисгардиум» сияқты серияларыңызда ойын логикасы, даму мотиві көп кездеседі. Бұл қазіргі адамның өмір философиясына ұқсай ма?

– Мұның бәрі кездейсоқтық емес. Адамдар қазір түрлі көрсеткіштер әлем­інде өмір сүреді: ұялы телефонмен байла­н­ыс, мектептегі бағалар, жұмыстағы KPI. Ойын­дық ойлау – осы шынайы өмірдің нақты көрінісі ғана. Алайда мен «жаңа деңгейге көтерілу» ұғымына компьютер пайда бол­ған­ға дейін-ақ ата-бабаларымыз ұстан­ған ежелгі мағынаны сыйғызуға ты­ры­самын. Адамдар үнемі жетіліп отыру­ға тиіс. Ол күшті, парасатты болып, халқына көбірек пайдасын тигізуі керек. Ойын формасы – бүгінгі жас оқырманның өзін-өзі жетілдіруі, соған дайындығы, көрсеткіші. 

Әлсіз шығарманы насихат құтқара алмайды

– Қазақ авторларының әлемдік әдеби нар­ыққа шығуы үшін ең алдымен не керек деп ойлайсыз? Тіл білгені жөн бе, әлде жақсы шығарма жазуы қажет пе? Мүмкін мар­кетингті меңгергені жөн бе?

– Үшеуі де қажет, бірақ олардың ма- ң­ыз­ын түсінгені абзал. Әрине, ең бі-рінші – көркем шығарма. Өйткені маркетинг сапасыз кітапты бір-ақ рет сатуы мүмкін. Одан кейін оқырман оны қажетсінбейді. Екінші маңызды дүние – аударма. Ең алды­мен, кәсіби аударма-шыны табу мін­детті. Менің кітаптарым ағылшын, неміс, поляк және чех тілдеріне аудар­ылған. Өзімнің де аударуға мүмкін-дігім болғаны­мен, бұл жұмысты қолға алған жоқпын. Өйткені сол тілмен бірге өсіп, оны ана сүтімен бойына сіңірген адам ғана кітапты оқырманға түсінікті әрі табиғи етіп аудара алады. Үшінші орын-  да – маркетинг. Amazon платформасында кітапты насихатта­ма­саңыз, оны ешкім байқамауы мүмкін. Қазақстанда көп жағдайда естен шығары­латын төртінші талапты да қосар едім. Өйткені бізде жанрлық әдебиет жазатын авторлар аз.   Ол – шығармалардың серия­мен шығуы. Батыс, әсіресе Азиядағы жанрлық әдебиет нарығы ұзақ циклдер мен көптомдық серияларды ұнатады. Бір кітап, тіпті өте жақсы шығарма болса да, авторды тұрақты табыспен қамтамасыз ете алмайды.

– Қазіргі цифрлық дәуірде жазушы тек шығарма жазып қана қоймай, өзін де таны­та білуі керек емес пе?

– Солай болуы керек шығар. Болмаса, бұл жұмыстарды өзі үшін атқаратын ма­ман­дарды жалдауға жеткілікті табыс табуы қажет. Қолжазбасын баспаға тапсырып, атақ-даңқ күтіп отыратын жазушының романтикалық бейнесі өткен ғасырмен және қоғамның қаламгерлерге жасаған барлық артықшылықтарымен бірге тарих қойнауында қалды. Бүгінде автор блогын өзі жүргізеді, оқырмандарымен тәулік бойы байланыста болады, кітап мұқа­баларын, жарнаманы және түрлі платфор­малардағы жарияланымдарды өзі қадаға­лайды. Бұл тұрғыда менің жолым болды: IT мен бизнес саласындағы бұрынғы тә-жіри­бемнің де септігі тиді. Дегенмен бір маңызды жайтты атап өткім келеді: жарна­ма мен насихат жақсы кітаптың танылуына көмектесетін шығар, бірақ әлсіз шығарманы құтқара алмайды. Сон­дықтан жазушы уақытының 90 пайызын бәрібір көркем дүние тудыруға тырысуы керек. 

Фэнтези біздің қанымызда бар

– Қазақ аудиториясына танылу жағы маңызды ма, әлде әлемдік нарықты бағындыру ма?

– Мен үшін бұл «не анау, не мынау» деп таңдау жасайтын мәселе емес. Әлемдік нарық ауқымы кең әрі табыс табуға мүм­кіндік береді. Ал өз еліңде мойындалудың мәні мүлде бөлек.

Мен Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан ПЕН-клубының мүшесі­мін. Бигелді Ғабдуллинмен бірге «Аудар­ма» баспасының негізін қаладық. Еліміз­де­гі қаламгерлер қауымдастығының жұмысына белсенді араласып, жас автор­ларға түрлі жолмен қолдау көрсетіп келемін. Мәселен, қазір қазақстандық «Өз кітабыңның авторы» әдеби байқауының қазылар алқасының құрамындамын. Ал күзде Алматыда өткен жазушылар рези­денциясына қатыстым. «Кирпичи 2.0» шығармасының желісімен Қазақстан­да фильм түсіріліп, ол Мәскеу халықаралық кинофестивалінің Гран-при жүлдесін иеленді. Сондықтан әлемдік нарық – жұмыс, ал Қазақстан – үй. Үйде адам ақша табамын деп ойламайды, тек өзіңмен мақтанғанын қалайсың.

– Қазақ әдебиетінде фантастика, хор­рор, триллер, LitRPG жанры толық мойындалмай жатыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, мәселе – мойындауда емес, уақыт пен нарыққа байланысты. Жанр­лық әдебиет жаппай кітап нарығы қалыптасқан жерде дамиды. Ол үшін кітап дүкендерінің кең желісі, өзін-өзі жарна­малау платформалары және электронды кітапқа ақша төлеуге дағдыланған ауди­тория қажет. Орыстілді нарық бұл жолды жиырма жылда жүріп өтті. Ал біздің нарық қазір осы кезеңнен енді өтіп жатыр және бұл үдеріс ойлағаннан да жылдам жүруде. Онлайн платформалар пайда болып, қазақ тіліндегі аудиокітаптар жарыққа шыға бастады. Жас авторлар көбейіп, әдеби курстар, мектептер мен клубтар ашыл­ып жатыр. Кітап жәрмеңкелері өткізі­ліп, заманауи баспалар жұмысын бастады. «Меломан» дүкеніне кірсеңіз, онда отандық авторлардың кітаптары тұр­ғанын байқайсыз. Қазақ тілінде жазы­латын алғашқы ірі фантастикалық бестселлердің жарық көруі – алдағы бірнеше жылдың еншісіндегі дүние екеніне сенімдімін. Өйткені бізде дәстүр бар. Қазақ мәдениетінде ғасырлар бойы қалыптасқан батырлар жыры, рухтар мен өзге әлемдер туралы хикаялар көп. Мұны ауыз әдебиетінен жақсы білеміз. Фэнтези – біздің қанымызда бар, тек бұрын ол басқаша аталған. 

– Қазір – жасанды интеллект дәуірі. Бұл жазушының шығармасының таны­луына кедергі келтірмей ме?

– Жасанды интеллектінің дамуын мұқият бақылап отырамын. Өзім де шығарманы жоспарлау, кейіпкерлердің картасын жүргізу және олардың бейне­сіне арналған референстерді әзірлеу кезінде қолданамын. Бұл – көп жұмысты жеңілдететін тамаша құрал. Ол мәтінді жақсы талдап, әлсіз тұстарын көрсете алады, сондай-ақ түзету мен редак­ция­лауға көмектеседі. Қазірдің өзінде жасанды интеллект жатық мәтін жаза алады. Алдағы уақытта мұндай мәтіндер саны бірнеше есе көбейетіні рас. Бірақ бір-біріне ұқсас контент мұхитында оқырман өзі сенетін тірі авторларға бетбұрыс жасай бастайды. Жазушының танымалдығы стильдің жатықтығымен емес, ешкім қайталай алмайтын жеке тәжірибесі арқылы қалыптасады. Мы­салы, менің Ақтөбеде өткен балалық шағым, отбасымa көмектесу үшін жас­өс­пірім шағымнан жұмыс істеген кез­дерім, тоқсаныншы жылдардағы ауырт­па­лық, инсульт алған анам жатқан Алматыдағы жансақтау бөлімінде өткіз­ген түндерім, Астанадағы бизнестен әдебиетке келген жолым, «Кирпичидің» алғашқы интернет оқырмандары – мұ­ның бәрі жасанды интеллектіде жоқ. Жасанды интеллект – кезінде жазу ма­шин­касы мен мәтін редакторы қан­дай құрал болса, дәл сондай көмек құралы. Ол тек жинақтары бұрыннан-ақ өзге авторлардың шығармаларынан ажыра­тылмайтын қаламгерлер үшін қауіпті болуы мүмкін. Ал өзі де қызықты жаза ала­тын авторлар үшін жасанды интел­лект керемет көмекшіге айналады. Ең бастысы, одан өз орныңа мәтін жазуды сұрамау. Әйтпесе, жазу дағдыңнан айырылып, соңында «бармақ тістеп» қалуың бек мүмкін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС