Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындаудың өзіне қауқары жетпей осы уақытқа дейін ондаған лагерь жабылып тынған. Статистикаға сүйенсек, 90-жылдардағы тоқырау кезеңінің өзінде 470 лагерь жұмыс істесе, қазір еліміз бойынша бар-жоғы 200-ге жетер-жетпесі ғана қалды. Осылардың ішінде Ақмола облысында 13 жазғы сауықтыру лагері бар. Олардың өзі тығырықтан шығудың жолын таппай отыр.
Маусым айының басында жарияланған ресми ақпаратта Ақмола облысындағы 13 маусымдық лагерьдің тек төртеуі ғана санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алғаны хабарланды. Ал мамырдың соңында өңірде тіпті жалғыз лагерь ғана барлық талаптан өткені айтылған еді. Бұл деректер қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Себебі жазғы маусым басталып, балалардың оқуы аяқталғанымен, лагерьлердің басым бөлігі негізгі рұқсат құжатын да әлі алмаған болып шықты. Біз осы мәселенің анық-қанығына жету үшін алдымен Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ресми сауал жолдаған едік. Жауап келгенде, тағы бір қызық жайтқа тап болдық.
Қабыспайтын есеп көп
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыста жазғы маусымда жұмыс істейтін 18 сауықтыру ұйымының бесеуі жыл бойы қызмет көрсететін орталықтар болса, 13-і маусымдық лагерь саналады. Ең қызығы – осы 13 лагерьдің 11-і бүгінде оң санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып үлгерген. Ал қалған екеуінің өтініші қаралып жатыр екен. Бір қарағанда қуанышты жаңалық. Бірақ біз үшін мұндай мәлімет басқа сұрақтарды туындатты. Егер маусым басында төрт лагерь ғана талапқа сай болса, қысқа уақыт ішінде қалғандарының басым бөлігі қалай бір мезетте барлық талапты орындап үлгерді? Бұған дейінгі кешігу ненің салдары болды? Неге бұл туралы қоғамға ашық әрі түсінікті ақпарат берілмеді? Ең бастысы – санитариялық қорытынды алмаған лагерьлер нақты қандай талаптарды орындамаған? Өкінішке қарай, өңірлік департамент дәл осы сұраққа нақты жауап бермеді.
Сауалымызда әр лагерь бойынша қандай кемшілік анықталғанын да сұрадық. Бірақ департамент жалпы заң талаптарын түсіндірумен ғана шектеліпті. Яғни қандай лагерьде ауызсу жүйесі талапқа сай келмегені, асханасы дайын болмағаны, медициналық пункті жетіспегені жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған. Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе туындайды. Егер мемлекеттік орган белгілі бір лагерьге санитариялық қорытынды бермесе, демек ол жерде балалардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін нақты кемшіліктер болуы мүмкін бе деген де асау ой қылаң береді.
Департамент тағы бір маңызды жайтты хабарлады. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ лагерь балаларды қабылдауға құқығы жоқ. Заң талабы осындай екен. Мұндай лагерь анықталған жағдайда оған қатысты әкімшілік шара қолданылмақ. Биыл әзірге мұндай факт тіркелмеген. Бірақ кейінгі үш жылда рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген бір лагерь анықталып, сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ресми жауапта атап өткен.
Осы тұста тағы бір қызық сәйкессіздік байқалды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келтірген мәлімет пен Полиция департаментінің ресми жауабында мүлде басқа сан көрсетілген. Полицияның ұсынған дерегіне қарағанда, биыл облыста 17 балалар лагері жұмыс істеуге тиіс, оның 16-сы балаларды қабылдап жатыр. Ал санитариялық қызмет өз есебінде 18 сауықтыру ұйым тіркелгенін көрсетеді. Бұл айырмашылықтың себебі түсіндірілмеген. Статистикадағы мұндай алшақтық алғаш қарағанда ұсақ мәселе болып көрінуі де мүмкін. Бірақ мемлекеттік органдардың бір өңірдегі бір ғана салаға қатысты нақты ортақ мәлімет ұсына алмауының өзі басқару жүйесіндегі үйлестірудің әлсіздігін аңғартса керек.
Баланың демалысы қауіпсіз емес
Жағдайды одан әрі анықтау мақсатында облыстық прокуратураға да жүгіндік. Облыстық прокуратураның ұсынған мәліметіне қарағанда 2023 жылы Бас прокуратураның тапсырмасымен Ақмола облысының прокуратурасы балалар сауықтыру лагерьлерінде кешенді тексеріс жүргізген. Сол тексерудің ресми нәтижелері кез келген ата-ананың жанын түршіктіруге жеткілікті. Прокурорлар анықтаған заңбұзушылықтардың тізімі қарапайым әкімшілік кемшілік емес. Бұл – балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін фактілер. Аймақта дәл осы жылы бүтін бір лагерьде жұмыс істеп жүрген 21 қызметкердің 18-і бірдей еңбек шартынсыз қызмет еткен. Тексеріс барысында олардың санитариялық кітапшалары да болмай шықты. Демек, балалармен кім жұмыс істеп жүргенін, олардың медициналық тексеруден өткен-өтпегенін де ешкім нақты бақылай алмаған.
Тағы бір лагерьде жағдай бұдан да сорақы болып шықты. 100 балаға ғана арналған лагерьде бір мезгілде 170 бала демалып жүрген. Бұл жай ғана артық адам орналастыру ғана емес. Бұл сол лагерьде асхананың жүктемесі де артатынын айғақтайды. Сондай-ақ дәрігердің жүктемесі көбейіп, қандай да бір оқыс оқиға туындаған жағдайда эвакуациялау жұмыстарының күрделеніп, төтенше жағдай кезінде балалардың өміріне қауіптің де еселей күшейетінін көрсетеді. Облыстық прокуратура жария еткен келесі фактілер тіпті қорқынышты. Өңірдегі балалар лагерьлерінің бірінің аумағынан алкоголь бөтелкелері, темекі қораптары, ол аз десеңіз самогон қайнатуға арналған арнайы аппарат та анықталған. Бір лагерьде пневматикалық қару сақталып, ас үйлерінің жанында егеуқұйрық уы табылған. Ең қауіптісі сол, кейбір лагерь әкімшілігі балаларды ресми рұқсат етілмеген су айдындарына апарып, оларды құтқарушысыз суға түсірген. Бұл енді жай ғана тәртіп бұзу емес. Бейкүнә балалардың өмірі мен денсаулығын ойламастан тәуекел ету десек, қателеспеспіз.
Қызығы, осы оқиғалардан кейін де бірнеше жыл өтті. Биыл мемлекеттік органдар тағы да қауіпсіздік басты назарда екенін айтып отыр. Полиция департаментінің мәліметінше, лагерьлердегі барлық қауіпсіздік жүйесі тексерілген. 598 қызметкердің соттылығы мен арнайы есептері қаралған.
– Аптасына бірнеше рет полиция қызметкерлері профилактикалық дәрістер өткізеді. Балаларды тасымалдау кезінде патрульдік полиция сүйемелдейді. Лагерьлердегі қоғамдық тәртіп күн сайын бақылауға алынады, – деп атап өтті Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Жауапкершілік кімге ысырылды?
Осы өткір мәселенің нақты көрінісін түсіну үшін Ақмола облысының Білім басқармасынан да жауап алдық. Жауапта облыстағы лагерьлер саны мен олардың дайындық деңгейіне қатысты бірқатар дерек көрсетілген. Басқарманың мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыста барлығы 16 балалар лагері жұмыс істеуі жоспарланған. Оның ішінде 6-уы – мемлекеттік, 9-ы – жекеменшік лагерьлер. Бұл көрсеткіштің өзі-ақ әртүрлі ведомство ұсынған бұған дейінгі сандармен толық сәйкес келмейтінін тағы бір мәрте байқатты. Білім басқармасы санитариялық қорытындыны уақытында ала алмаған лагерьлерге балалар жіберілмейтінін нақтылады. Мұндай жағдай туындаса, демалыс мерзімі кейінге шегеріледі немесе балалар санитариялық талапқа сай басқа лагерьлерге ауыстырылады екен. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, мәселе тек рұқсат қағазында емес. Ол – сол рұқсатқа жету жолындағы бақылаудың сапасында сияқты.
Басқарма сонымен бірге биыл облыста 119 746 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланғанын хабарлады. Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Бұл санның ішіндегі басым бөлігі күмістей мөлдіреген көлдер мен табиғаты тамылжыған ормандардың арасындағы лагерьлер емес, өздері оқыған мектептің жанындағы лагерьлерге барады. Басқарма дерегінше, бұлардың ішінде 2 100 бала тегін лагерьлерде демалады. Бұл – үлкен көрсеткіш. Бірақ сан артқан сайын жауапкершілік те күшеюге тиіс. Өйткені бір ғана олқылық жүздеген баланың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Біз жолдаған сауалдардың тағы бірі – «лагерьлердегі қауіпсіздік жүйесін кім нақты бақылайды?» деген сұрақ болды. Білім басқармасының жауабында бұл бағытта бірлескен мониторинг топтары жұмыс істейтіні айтылған. Олардың құрамына Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері де кіріпті. Лагерьлерге барып, техникалық қауіпсіздік, санитариялық жағдай және кадрлық құрам тексерілген. Сонымен қатар полиция қызметкерлері лагерь персоналының соттылығы жоқтығын тексерген. Қағаз жүзінде бұл – жүйелі жұмыс. Бірақ мұндай тексерулердің нақты нәтижесі туралы ашық дерек қоғамға әлі де толық ұсынылмай отыр.
Осы тұста облыстың Төтенше жағдайлар департаментіне де ресми сауал жолдаған едік. Онда аймақта өрт қауіпсіздігі бойынша қанша лагерь тексерілді, қаншасында бұзушылық анықталған-анықталмағаны, қанша лагерьдің балаларды қабылдауға әзір болғаны, су айдындарындағы қауіпсіздіктің қаншалықты қамтамасыз етілгенін сұрадық. Алайда департамент тарапынан бұл сұрақтарға нақты жауап ала алмадық. Департаменттің ресми өкілі тексерулердің әлі жүріп жатқанын айтып, ақпарат беруден бас тартты. Оның айтуынша, барлық дерек кейін прокуратураға жолданады. Ол ұзақ уақыт тексеріледі. Міне, дәл осы жерден негізгі қайшылық басталады. Балалар лагерьлерде демалып жатыр. Маусым басталып кеткен. Ата-аналар жолдамаларын сатып алған. Ал негізгі қауіпсіздік ақпараттары құзырлы органдармен «әлі тексеріліп» жатыр. Әр ведомство өз функциясын орындайды. Бірақ олардың арасында ортақ ашық ақпараттық алаң жоқ. Бірі статистика береді, бірі жалпы түсіндірумен шектеледі, бірі тексеру жүргізіп жатыр дейді, ал бірі ақпаратты кейінге қалдырады.
P.S.
Жалпы, саладағы дәл бүгінгі ахуал толғамды қорытындыға әкеледі. Балалар лагерьлеріндегі мәселе тек санитариялық қорытындымен немесе өрт қауіпсіздігі актісімен шешілмек емес. Бұл – ведомствоаралық үйлесім, ашықтық және жауапкершіліктің нақты бөлінуі қажет ететін аса күрделі мәселе.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы