Жарқын болашаққа бастар жол

«Заң және Тәртіп» жалпыұлттық идеологиясын іске асыру аясында елімізде алғаш рет Қарағанды облыстық прокуратурасы мен әкімдігі ұйымдастырған «Жарқын болашаққа бастар жол» форумы өтті. Жиынның басты тақырыбы – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуде жұмысқа орналас­тыру, білім алу және қоғамның қолдауы. Осы форум аясында шалыс қадам жасаған адамға екінші мүмкіндік беру және қайта құқықбұзушылық жасау қаупін азайту жолдары талқыланды.

Қазір мемлекет, бизнес және қо­­ғамдық ұйымдар заң бұзған аза­мат­тардың қалыпты өмірге қайта оралуына қолдау көрсету үшін күш бірік­тіріп отыр. Негізгі мақсат – олар­ды тек жұмыспен қамту ғана емес, сонымен қатар мамандық мең­­­­геруге, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге мүмкіндік жасау.

Форумды ашқан Қарағанды об­лы­сының әкімі Ермағанбет Бө­лек­паев өңірде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қол­дауға бағытталған кешенді шаралар бү­гінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау ғана емес, адамның түзелуіне кө­мектесіп, оны қоғамдағы толық­қан­ды өмірге қайта бейімдеу екенін ерек­ше атап өтті. Мемлекет жаңа мүм­­кіндіктерге жол аша алады, жұ­мыс берушілер еңбек орнын ұсына ала­­ды. Алайда жаңа өмірге қадам жа­­сауды адамның өзі ғана таңдайды, – деді өңір басшысы.

Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев өңірде про­бация қызметінің есебінде тұр­ған азаматтарды қайта әлеумет­тен­діру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

– Бүгінде облыстың пробация қыз­­­­метінің есебінде мыңнан астам аза­мат тұр. Жергілікті атқарушы ор­­­­гандардың, жұмыспен қамту қыз­мет­терінің және жұмыс беру­ші­лер­дің бірлескен жұмысының нәти­же­сін­де жүздеген азамат тұрақты жұ­мыс­­қа орналастырылды. Кәсіптік оқы­ту және әлеуметтік көмек көр­се­ту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік сүйемелдеуді ұйымдастыруда мемлекеттік ор­ган­дар­дың жұмысын біріктірген Socium цифрлық платформасы мен FSM Social мобильді қосым­ша­сы­ның енгізілуі маңызды қадам болды. Бұл жүйелер арқылы азаматтарға жұмысқа орналасуға, құжаттарын қал­пына келтіруге, медициналық кө­мек, білім алу, әлеуметтік төлем­дер рәсімдеу және өзге де өмірлік маңыз­ды мәселелерді шешуге жан-жақ­ты қолдау көрсетіледі. Егер бү­гін­гі форумнан кейін адамдар өз өмі­рін өзгертуге болатынына сенсе, жұ­­мыс берушілер өз кәсіпорын­да­ры­­ның есігін айқара ашса, ал мем­ле­­кеттік органдар дер кезінде қа­жет­ті қолдау көрсетсе, көптеген от­­­­басы ертеңгі күнге деген сенімін қай­та ны­ғайтады, – деді Мұрат Тілеу­бер­диев.

Жұмыспен қамту бағытындағы жұ­мыстар бүгінде нақты нәтижесін беруде. Жыл басынан бері облыста 600-ден астам жұмыс берушінің қа­тысуымен 60 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар пробация қызметінің есе­бінде тұрған азаматтар үшін кво­­таланған жұмыс орындары да бө­лінуде.

Осындай мүмкіндікті пайда­лан­ғандардың бірі – қарағандылық Ол­жас Ерсаин. Пробация қызметі­нің есебіне қойылғаннан кейін оған «Қарағанды-Нан» кәсіпорнына рес­­­­ми түрде жұмысқа орналасуға кө­мек көрсетілген. Қазір ол мұнда жар­ты жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді.

– Пробация қызметінің есебіне тұрған кезде менің тұрақты жұмы­сым болған жоқ. Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасуыма кө­мек­тесті. Қазір тұрақты жалақы алып жүрмін әрі осы жерде еңбек ету­ді жалғастырғым келеді. Адамға жұ­мыс табуға қолдау көрсетілсе, оның жаңа өмір бастап, адал ең­бек­пен болашағын құруға мүмкіндігі пайда болады, – дейді Олжас Ерсаин.

Форумның практикалық қоры­тын­дысы ретінде ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды. Бас­қосудың екінші бөлімінде қаты­су­шылар адамның жіберген қате­лі­гінен кейін қоғамдағы толыққанды өмірге қайта оралуында отбасының, білімнің, еңбектің және қоғамдық қолдаудың рөлін талқылады. Форум аясында арнайы жұмыс жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы