Әскерге ғана емес, өмірге де қажет сабақ

Еліміз мектептеріне бастапқы әскери дайындық пәнінің жаңғыртылған жүйесі енгізіледі. Осыған орай Қорғаныс министрлігі жанындағы «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ мамандары жаңғырған пән мен оған арнап жазылған жаңа оқулық жобасын әзірледі. Астанадағы Қазақстан Қарулы күштері әскери-патриоттық орталығында сарапшылар жаңа оқулық жобасымен танысып, өз ойларымен бөлісті.

Орта мектептердің 10-11-сынып­тарына арналған пән жобасы бірден жаңашылдығымен көзге түсті. Жаңа мазмұндағы білім беру бағдар­ламасы мен оқулық жобасы әлемдегі технологиялық, ақпараттық, геосаяси трендтер мен құбылыстарды ескере отырып әзірленген. Жобаны талқылауға «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ мамандары, сарапшылар, әскери қызметкерлер қатысты. 

Орталық директоры, генерал-майор Асхат Рыспаевтың айтуынша, бағдар­ламаға арналған оқулық жобасын жа­сауға мектептердегі бастапқы әскери дайындық пәнін оқытатын мұғалімдер, Қарулы күштер мен өзге күш құры­лым­дарының офицерлері тартылған. Оқу­лықты жазған авторлардың барлы­ғының арнайы сертификаты бар. 

Әрі жобаны жасау барысында жоғары сынып оқушылар мен арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында фокус-тобы зерттеулері ұйым­дастырылып, жасөспірімдердің көз­қара­сы да назарға алыныпты. Нәти­же­сінде, заманауи, әскери және азамат­тық саланың көптеген бағыты ескеріл­ген оқулық жобасы даярланды.

«Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Айгүл Төлембаеваның айтуын­ша, бағдарламаның өзегін де жаңа оқулық қалыптастыруға тиіс.

«Бастапқы әскери дайындықтың жаңа жүйесі заман талабына сай болып, жастардың бойында әскери қызметте, күнделікті өмірде және төтенше жағдай­лар кезінде қажет машық қалыптастыруы керек. Оқулықтардың мазмұнына сыни ойлау, көшбасшылық қабілет, психо­логиялық тұрақтылық, командада жұ­мыс істеу дағдысы мен қауіпсіздікке көңіл бөлу қасиеттерін дамытуға бағытталған бөлімдер енгіздік», – дейді Айгүл Төлембаева. Сонымен қатар ол оқулық іс жүзінде жасөспірімдердің азамат болып қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті.

Сонымен қатар оқулықтағы әр бөлімді даярлауға әскери дайындық, ІТ технологиялары, пилотсыз ұшатын авиа­циялық жүйелер, әскери тарихшы­лар, психологтар, топографтар және медици­на мен өзге сала мамандары да тартылған. Жаңа оқу бағдарламасы оқушыларға бастапқы әскери дайындық әліппесін үйретіп қана қоймай, кез келген жағдай­ды бағалай білу, оқыс оқиғалар кезінде әрекет ету алгоритмін, зардап шеккен­дерге алғашқы көмекті дұрыс көрсетуді меңгеруге де ықпал етеді. Оқулық «Адал азамат» қағида­сы­ның басым бағыт­тарымен де үйлесім тапқан. 

Жалпы, жаңартылған пәнге ар­нал­ған оқулықтың оқушылар­дың қызығу­шылығын ояту мүмкіндігі байқалып тұр. Сапалы иллюстрация, қысқа мәтіндер, заманауи әскери тех­ни­­ка­лардың фото­лары, мазмұнның ұлт тарихымен үйлесімі бірден көзге түседі. Оқушыларға Алтын орда дәуірі­нен бастап, Қазақ хандығы кезіндегі әскери өнер, ХХ ғасырдағы қолбас­шы­лар мен ерлік көр­сеткен батырлар, қазіргі гео­сая­си ахуал, халықаралық әскери ұйым­­дар жайлы мәліметтер енгізілген. Төтен­ше жағдай­ларда қалай әрекет ету­ден бастап, қазіргі заман соғысында қолда­ны­лып жатқан технологиялардан төне­тін қатерді азайту, сақтық шара­ларын ұйым­­дастыру қатарлы өзекті бағыттар да бар. Айталық, оқулық жобасында бұрынғы қазақ әскерінің «Бес қаруы» болса, қазіргі жауынгерде «Жеті қару» болуы керек екені айтыл­ған. Автомат, тапанша, сүңгіден бастап, антидрон құралдары мен шағын дрон да жауын­гердің қазіргі қаруына айна­лып отыр. 

Сондай-ақ оқулық жобасында топо­графияға ерекше назар аударылғаны да байқалады. Әдетте, картамен жұмыс істеу география пәнінің бір саласы сияқ­ты көрінгенімен, төңіректі бағда­рлай білу, картадағы деректерді оқу бүгінде өте өзекті. Айталық, соңғы жыл­дары қала балалары бағдарды тек гад­жеттердегі арнаулы қосымшалар арқы­лы ғана анықтай алатын болып жүр. Аспан­дағы Темірқазық жұлдызын тану былай тұрсын, күнделікті жағдайда түстік пен теріскейді ажырата алмай қалатындар да бар. Сондықтан топогра­фия бағытының ескерілуі жастарды өмірге бейімдеуге қажет бағыт болса керек. Форс-мажор жағ­­дайда әрекет ету бейбіт күнде де өзекті­­лігін жойған жоқ. 

Айталық, жыл сайын әлемде қақа­лып-шашалудан 140-160 мың адам көз жұмады. Ондай оқиғалар бізде де кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы халқының саны 20 млн шама­­сында бола­тын елдерде механи­калық асфик­сия­дан жылына 300-500 адам көз жұматынын айтады. Жазатай­ым оқиғалардан болған өлім-жітім санатына кіргендіктен, біздің елде жеке статистика жоқ. Бірақ оқыс оқиғалар болып жатады. Мысалы, биыл мамырда Маңғыстауда бір азамат кәуапқа қақалып қайтыс болды. Бұл оқиғаны азаматтың ажалы деп бағалай салғаны­мызбен, шұғыл көмек жасау әдістерін білетін адамдар болғанда, оқиға басқаша өрбуі мүмкін еді. Қа­қалып-шашалған адамдарға жедел жәрдем келгенше көмек көрсетуді, соның ішінде Геймлих әдісін азаматтар­д­ың көбі білмейді. Қасында ешкім жоқ кезде мұндай жағ­дайда не істеу керек екенін білетіндер тіптен аз. Сол сияқты мертіккенде, дене жараланғанда қалай әрекет етуді де көрнекі құралдармен тек арнайы маман­данған оқу орындарында ғана оқытатын болдық. Жасөпірімдер мұндай амал­дарды біле бермейді. Ал жаңа бағдарла­маға арналған оқулық жобасында мұ­ның бәрі қамтылыпты. 

Жалпы оқулық жобасымен тан­ыс­­­қанда, бастапқы әскери дай­­ын­дыққа арналған жаңа бағдарла­маның мүлдем тың сипатта екені байқа­ла­ды. Бұрынғы бағдарлама оқулықтары мазмұнының тең жартысына жуығы жол ережесіне арналатын еді. Сурет­термен, арнайы схемалармен безендіру өте сирек кездесетін. Жаңа оқулық жоба­­сы альфа-ұрпақтың оқу, жазу, дүниені қабылдау ерекшеліктері еске­ріле отырып әзірлен­ген. Әрі жастарды Қарулы күштер са­пында қызмет етуге қызықтырудың тетіктері де енгізіліпті. Офицерлер мен сер­жанттар даярлайтын оқу орындары­ның тізімі де берілген. Яғни әмбебап жоба болып тұр.

Осы тұста елімізде бастапқы әскери дайындық пәніне қатысты түрлі көзқа­рас бар екенін де мойындау керек. Бір­қатар азамат бұл пәнді қажет емес деп санаса, ата-аналардың тағы бір тобы қолдайды. Жаһандағы геосаяси ахуалды ескерсек, бастапқы әскери даярлық пәні еліміздің қорғаныс қабілетін арт­ты­руға ықпал етеді. Себебі Қарулы күштердің қуатты, елдің қорғаныс қабі­летінің мығым болуы заманауи қару-жарақпен ғана өлшенбейді. Бірін­ші кезекте армияға адам керек. Білікті, оң-солын таныған азамат қажет. Ал Отан қорғау – әр азаматтың конститу­циялық міндеті. Демек, әскери борыш­ын өтейтін жастардың армия өмірімен таныс болғаны дұрыс. Жаңа бағдарлама осы бағытты жетілдіруге ықпал етеді.

Рас, оқулық жобасы әлі бекітілген жоқ, әлі де сараптаудан өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің сарапшы­лары да қарайды. Дегенмен жаңа жоба қабыл­данады деген үміттеміз. Өйткені Отан қорғау ұлы міндет екеніне балалар мен жасөспірімдерді жастайынан баулып, өмірде қажет болатын дағды­ларға ерте машықтандыру керек. Ал ол үшін сапа­лы бағдарлама мен оқулық, білікті маман қажет.

Ардақ СҰЛТАН