Маусым айында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары барысында Ақбел ауылында өртке қарсы ерікті құрылымның ашылуына қатысқан болатын. Жаңа нысан ауылдық елді мекендердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге бағытталған ведомстволық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының бір бөлігі болды. Бағдарлама аясында ауылдық бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасы, жеке қорғаныс құралдарының жиынтығы, радиостансаларды қоса алғанда, заманауи байланыс құралдары, сондай-ақ өрт сөндірушінің жауынгерлік киімі берілді. Бұл жарақтандыру еріктілерге кәсіби бөлімшелер келгенге дейін өрттерді тиімді сөндіруге және халыққа жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында бағдарламаны дамыту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдан бастап 13 ерікті өрт сөндіру бекеті құрылды, оның ішінде реновация аясында жаңғыртылған төрт нысан бар. Биыл тағы 31 ерікті өртке қарсы құралым құру және жаңарту жоспарланған. Жобаны іске асыру азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға және өңірдің ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етуде.
Өңірде табиғи өрт қаупін азайтуға бағытталған алдын алу шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде, осы мақсатта 320 адамды қамтитын 70 мобильді топ құрылып, олар жергілікті аумақтарда тұрақты бақылау жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ 2026 жылғы жоспарға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 18 жаңа өрт сөндіру бекетін құруды және 14 бекетті жаңғыртуды көздеп отыр, нәтижесінде жалпы саны 39 мыңнан астам тұрғыны бар 84 елді мекеннің өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болады.
– Өрт қаупі жоғары аймақтарда механикаландырылған жасақтардың (дозорлардың) кезекшілігі тұрақты түрде ұйымдастырылып, қауіпсіздікті бақылау күшейтілген режимде жүргізілуде, сонымен қатар күн сайын ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ерте анықтау жүйелері арқылы орман шаруашылығы мекемелеріне мониторинг жасалып, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында бейнебақылау камераларын іске қосу жұмыстары да қатар атқарылуда, – деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Елдос Зияда.
Төтенше жағдайлар департаментінің базасында бүкіл өрт қаупі жоғары кезеңге тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, қауіпсіздік шаралары үздіксіз бақыланып отыр. Мамандардың айтуынша, құрғақ шөп, сабан және қоқысты жағуға, сондай-ақ желді ауа райында от тұтатуға қатаң тыйым салынады, өйткені мұндай әрекеттер өрттің тез таралуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар сөндірілмеген темекі қалдықтары мен ыстық күлді бейберекет тастау да үлкен қауіп тудырады. Сала жетекшілері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайында әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, ал кейбір жағдайда тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін баруы мүмкін екенін ескертеді.
Қазір өрт әр жерден шығуда. Халық болып, төтеншеліктер көтеріліп, тілсіз жауды сөндіріп-ақ жатыр. Мысалы, жақында ғана Қарқаралы ауданындағы ірі дала өрті толықтай сөндірілді. Құрғақ шөптің тұтануы 14 шілдеде Тегісшілдік ауылынан 10 шақырым жерде болды. Екі күн ішінде тілсіз жау 3 мың гектар аумақты шарпыды. Оқиға орнында ТЖД бөлімшелері, Бесоба ауылының еріктілері мен жергілікті билік өкілдері жұмыс істеді. Өртті сөндіруге қосымша күш – 120 адам мен 22 техника тартылды. Құтқарушылар жалынның көршілес аумақтарға таралуына жол бермеді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ екені хабарланды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
– Жігіттер өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Күрделі жағдай дейтініміз – күннің ыстықтығы, өрттің өзінен бөлек, ауа температурасы 30 градустан жоғары. Мұның бәрі желмен күшейіп тұр. Оның үстіне, жер бедерін өздеріңіз білесіздер, Қарқаралы ауданында шоқылар да, далалы аймақтар да бар. Осының бәрі қосылып, өртті сөндіруді қиындатып жатыр, –деді Қарағанды облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Елдос Зияда.
Оның алдында ғана Қызылту бөлімшесінен шығысқа қарай 6 шақырым жерде ашық аумақта өрт болған. Қызыл жалын 70 гектар жерді шарпыған. Екінші өрт Бесоба ауылынан батысқа қарай 8 шақырым жерде тіркелді. Ашық алаңқай мен тастақты жерлер жанып, өрттің жалпы ауданы 80 гектар болды. Екі өрт аумағы да жедел сөндірілді.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, Бесоба ауылының еріктілері және «Қамқор» кәсіби өртке қарсы қызметі жұмылдырылды. Оқиға орнында барлығы 100 адам және 24 техника жұмыс істеді. Оның ішінде ТЖМ күштерінен 57 қызметкер мен 10 техника тартылған.
Мұндай дала өрті басқа да аудандағы жерлерде бұрқ ете қалуда. Ақсу-Аюлы аулында қожалығы бар Баян деген азамат Қармыс елді мекені жанындағы шабындығынан шабылған 350 түйме шөбінің жанып кеткенін айтады.
– Қыста қар қалың түспеді. Тоң да болмады. Сонымен бірге көктемде жауын жаумай, шөп өспей қалды. Әупірімдеп шабындықтағы мардымсыз шалғынды шаптық. Ол да өртеніп кетті. Алдағы қыс бізге сын болғалы тұр, – дейді ол.
Алдағы қыс шынымен де шаруаға сын болмақ. Жаңбыр жаумағаннан кейін жер құрғап, шөп қурап жатыр. Дала өрті тағы да аяқтан шалуда.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы