Қазақстанда 2026 жылғы 1 сәуірден бастап балаларға арналған білім беру және сауықтыру қызметтерін лицензиялау жүйесі күшіне енді. Бұл жаңашылдық балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы сапа мен қауіпсіздік талаптарын жаңа деңгейге көтерді. Енді әрбір сауықтыру орталығы балалардың денсаулығы мен өміріне толық жауап бере алатын талаптарға сай болуға тиіс. Медициналық қызметтің сапасы, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, қауіпсіз ауызсу, дұрыс тамақтану, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйесі – бәрі міндетті талапқа айналды.
Абай облысында бұл бағыттағы дайындық жұмыстары жаз маусымы басталғанға дейін жүргізілді. Өңірдегі барлық сауықтыру орталығы балаларды қабылдауға толық әзірленді.
– Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – басты міндетіміз. Барлық лагерьде тәулік бойы медициналық бақылау ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі, санитарлық талаптар, бейнебақылау және судағы қауіпсіздік мәселелері ерекше бақылауға алынды. Әрбір ата-ана баласын лагерьге сеніммен жібере алатындай жағдай жасауға күш салып отырмыз, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова.
Бұл жүйенің тиімділігі жуырда болған төтенше жағдай кезінде де көрінді. Шілденің 16-сы күні «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығында орман өрті шыққанда, DosBolLike балалар лагерінде демалып жатқан балалар мен қызметкерлер жедел әрі қауіпсіз жерге көшірілді. Семей қаласына барлығы 220 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 190 бала мен лагерьдің 30 қызметкері болды. Бұл оқиға балалар қауіпсіздігіне қатысты әзірленген алгоритмдердің нақты жағдайда тиімді жұмыс істейтінін көрсетті.
Биыл Абай облысында 10 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оның сегізі – мемлекеттік, екеуі – жекеменшік. Сонымен қатар 329 демалыс және бос уақытты ұйымдастыру орталығы балаларды қабылдайды.
Жалпы білім беретін 220 мектепте, қосымша білім беру ұйымдарында, колледждердің кәсіптік бағдар беру орталықтарында, түрлі үйірме мен спорт секцияларында 77 мыңнан астам оқушыны қамтитын жазғы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өңірдегі балалардың 81,5 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Жазғы маусымдағы маңызды бағыттардың бірі – әлеуметтік қолдау. Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы әлеуметтік осал санаттағы 4967 бала лагерьлерде тегін демалады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 372,6 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар балалардың жазғы тынығуы ата-аналардың төлемі, кәсіподақ ұйымдары мен демеушілердің қолдауымен де ұйымдастырылуда. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен әр ауданнан 11 оқушы республикалық сауықтыру орталықтарына тегін жолдама алады. Бұл – ауыл балалары үшін еліміздің өзге өңірлерімен танысып, жаңа достар тауып, таным көкжиегін кеңейтуге берілген мүмкіндік.
Үржар ауданындағы «Тарбағатай» оқу-сауықтыру орталығы – балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырудың жарқын үлгісі.
Лагерь 1 маусымнан бастап жеті ауысым бойынша жұмыс істеп келеді. Жаз бойы мұнда 560 бала демалады. Әр ауысымда 80 баладан қабылданып, күніне алты мезгіл сапалы тамақ беріледі. Орталықта Оқу-ағарту министрлігі бекіткен Tarbagatai ART ALEM бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Лагерьде жайлы жатын орындармен қатар футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, сахна, арт-терапия және құм терапиясы кабинеттері жұмыс істейді. Қауіпсіздік мәселесі де жіті назарда. Тәулік бойы күзет ұйымдастырылып, медицина қызметкері мен тәлімгерлер кезекшілік атқарады. Балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін арнайы кітап бұрышы ашылған. Демалушылардың қызығушылығына қарай спорттық, шығармашылық, экологиялық және ақпараттық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Табиғат аясындағы экскурсиялар, ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері, интеллектуалдық ойындар, ұлттық ойындар мен мәдени шаралар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Орталықта алты педагог пен бір медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың басты мақсаты – әр баланың өзін қауіпсіз сезініп, жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты өткізуіне жағдай жасау.
Мақаншы ауданындағы Қабанбай ауылында орналасқан «Дарабоз» балалар сауықтыру лагері де биыл жүздеген баланы қабылдап жатыр.
Алакөл жағасындағы лагерьдің басты ерекшелігі – табиғат аясындағы демалысты тәрбиелік және танымдық бағдарламалармен ұштастыруында.
Балалардың күн тәртібі алдын ала әзірленген әдістемелік жоспар бойынша ұйымдастырылған. Олар күніне алты мезгіл тамақтанып, екі рет Алакөлге шомылады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тәрбиелік іс-шаралар, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар мен танымдық бағдарламалар тұрақты өткізіледі.
– Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Лагерьде төрт тәрбиеші, бір әдіскер және үш денешынықтыру маманы жұмыс істейді. Мұнда 8 бен 14 жас аралығындағы балалар демалады. Біздің мақсатымыз – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген белсенді әрі шығармашыл тұлға болып қалыптасуына ықпал ету, – дейді Мақаншы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзипа Ноғаева. «Дарабоз» лагері 15 маусым мен 23 тамыз аралығында алты ауысым бойынша жұмыс істейді. Әр ауысымда 120 баладан қабылданып, жаз бойы мұнда 720 бала демалады.
Қазір балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бұрынғыдай тек бос уақытты өткізумен шектелмейді. Бұл – қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, тәрбие жұмысын күшейту, шығармашылық әлеуетті дамыту және балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыс.
Абай облысында қолға алынған бастамалар осы міндеттердің жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Лицензиялау талаптарының енгізілуі, әлеуметтік қолдау көлемінің артуы, лагерьлердің материалдық-техникалық базасының нығаюы және мазмұнды бағдарламалардың іске асырылуы – соның айқын дәлелі.
Баланың күлкісі – қоғамның ең үлкен байлығы. Ал сол күлкінің алаңсыз болуына жағдай жасау – мемлекетке де, ұстазға да, ата-анаға да ортақ міндет. Жазғы демалыстың әр күні бала жадында ұмытылмас естелік болып қалса, еңбектің ақталғаны. Өйткені табиғат аясында демалып, жаңа достар тауып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен бүгінгі жас ертең елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын саналы азаматқа айналады.
Қамар Еркеқызы